Әнші Төреғали Төреәлі қайынатасының туған күніне қатысып, оған деген ықыласын білдірді. Өнер иесі жұбайы Толқынның әкесін өз әкесіндей жақсы көретінін айтып, алғысын жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.
Туған күн иесі де күйеу баласына деген құрметін жасырмады. Қонақтар алдында Төреғалиге сөз берген ол әншіні отбасының жұлдызы деп атады.
"Қазақстанның халық әртісі, өзінің өнегелі өмірімен үлгі болған, ақылды нақыл сөздері бар, біздің жанұямыздың жұлдызына сөз береміз", – деді Толқынның әкесі.
Кезегі келгенде Төреғали қайынатасына ақжарма тілегін арнап, оның өзіне жақын адам екенін жеткізді. Әнші қыз тәрбиесіндегі әкенің орнын әзіл араластыра атап өтті.

"Шешесін көріп қызын ал дейді ғой. Әкесін көріп те алуға болады екен", – деді өнер иесі.
Бұған дейін Төреғали Төреәлінің жұбайы Толқын Тұрарбекқызы үлкен қызы Кәусардың оңалту емі туралы сырын бөліскенін жазған едік. Ол қызына жігер беруге тырысқанымен, оның қиналғанын көру өзіне де ауыр тиетінін айтқан.
Төреғали Төреәлі кім?
Төреғали Төреәлі – эстрада әншісі, актер. Толық аты-жөні – Төреғали Төреәліұлы Әлиханов. Ол 1992 жылы 14 қазанда Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында дүниеге келген. Тыңдарман арасында "Ұлы дала баласы" деген атпен танылған. Осы атаумен жеке шығармашылық кешін де өткізген.

Өнерге келуіне әкесі Төреәлі Әлихановтың ықпалы болған. Ол ұлын кішкентайынан сахнаға баулып, кейін продюсері ретінде қолдау көрсеткен. Төреғалидің көпшілікке танылуына жол ашқан шығармаларының бірі – "Отанды сүю – иманнан" әні. Әншінің репертуарында елге, туған жерге деген сүйіспеншілікпен қатар, махаббат пен адам сезімін арқау еткен туындылар бар.
Тыңдарман оны "Бір түрлі қыз", "Қазақ қызы", "Мадина", "Сені-сені", "Бол жанымда" әндері арқылы да біледі. Ерке Есмаханмен бірге орындаған "Алло" әні көпшілікке кеңінен тарап, қос әншінің танымал дуэттерінің біріне айналды.
Төреғали әншілікпен қатар, актерлік қырын да танытқан. Ол 2018 жылы көрерменге жол тартқан "Ұлы дала комедиясы" фильмінде басты рөлді сомдады. Бұл туындыда өнер иесі әнші ретінде қалыптасқан сахналық бейнесінен бөлек, кино кейіпкері ретінде көрінді.
Жұбайы – Толқын Тұрарбекқызы. Ерлі-зайыпты жеті бала тәрбиелеп отыр. 2026 жылғы сәуірде дүниеге келген кенже қызына Мәриәм есімі берілген. Толқын әлеуметтік желіде отбасылық өмірі, бала тәрбиесі және тұңғыш қызы Кәусардың оңалту емі туралы бөлісіп тұрады.