Танымал блогер Елдос Қадірханов ұлының бір жасқа толуына орай жүрекжарды жазба жариялады. Көптен күткен перзентінің алғашқы туған күнін атап өткен әке баласына деген сүйіспеншілігін жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.
Желіде Елдос "Колобок" есімімен танылған блогер әке атанғаннан кейін өмірге басқаша қарай бастағанын айтты. Оның сөзінше, ұлының дүниеге келуі шаңырағына қуаныш әкеліп қана қоймай, ерлі-зайыптының өзін де өзгерткен. Олар сәбиінің арқасында ата-ана болудың бақытын сезінген.
“Сен өмірімізді өзгерттің, бізді де өзгерттің. Сен бізге “Әке” мен “Ана” деген атақ бердің. Біз сені шексіз жақсы көреміз. Алғашқы туған күнің құтты болсын! Осы күнге жеткізген Аллаға сансыз шүкір”, – деп жазды ол.
Елдос Қадірханов перзентінің қызығына ұзақ жыл кенелуді армандайтынын да жеткізді. Блогер ұлының ержетіп, азамат болғанын көріп, өміріндегі қуанышты сәттерінде жанынан табылғысы келеді.
Ол тіпті баласының елу жасқа толған мерейтойында да қасында болып, оған арнап ән айтуды қалайтынын жазған. Осылайша, ұлының алғашқы туған күнінде әкелік мейірімін білдіріп, болашаққа артқан үмітімен бөлісті.
Елдос "Колобок" кім?
Елдос Қадірханов – әлеуметтік желіде "Елдос Колобок" лақап атымен танылған қазақстандық блогер, әзілкеш, асаба әрі кәсіпкер. Көпшілікке әзіл видеолары мен күнделікті өмірден алынған оқиғаларды бейнелейтін жарияланымдары арқылы таныс.
Ол жұбайымен бірге отбасылық видеолар түсіріп, тұрмысындағы қызықты сәттерді оқырмандарына ұсынып келеді. Блогерлікпен қатар кәсіппен де айналысады. НТК арнасына берген сұхбатында әлеуметтік желіге ұзақ жыл үздіксіз бейнематериал дайындағанын, кейін кәсібіне көбірек көңіл бөле бастағанын айтқан.
Жұбайы – Таңшолпан Шотаева. Ерлі-зайыпты 2025 жылғы қарашада алғаш рет ата-ана атанғандарын жариялаған. Ұлды болғанын Елдос әлеуметтік желідегі парақшасында сүйіншілеп жеткізген еді.