13 қараша қазақ киносы, әдебиеті мен әлемдік ғылым тарихында есте қалар оқиғаларымен ерекшеленеді. Осы күні көрерменге "Қыз Жібек" фильмі жол тартты, Ұлттық банк мұражайы ашылды, ал адамзат жасаған ғарыш аппараты алғаш рет басқа ғаламшардың орбитасына шықты. Malim.kz осы күннің маңызды оқиғаларына шолу ұсынады.
1970 жыл: "Қыз Жібек" көрерменге жол тартты
1970 жылғы 13 қарашада режиссер Сұлтан Қожықов түсірген "Қыз Жібек" көркем фильмі прокатқа шықты.
Ғабит Мүсіреповтің сценарийі бойынша түсірілген туындыда Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков, Асанәлі Әшімов ойнады. Төлеген мен Жібектің махаббатын бейнелеген фильм қазақтың салт-дәстүрін, киім үлгісін, әні мен тұрмысын экран арқылы танытқан ұлттық киноның көрнекті шығармасына айналды.
1997 жыл: Ұлттық банк мұражайы ашылды
1997 жылғы 13 қарашада Қазақстан Ұлттық банкінің мұражайы ресми түрде ашылды. Алғашқыда ол Ұлттық банктің ғимаратында орналасқан.
Мұражай ақша айналымының тарихын, банк жүйесінің қалыптасуын және түрлі кезеңдегі ақша белгілерін таныстыру мақсатында құрылған. 2002 жылғы 15 қарашадан бастап Ұлттық банктің Алматы қалалық филиалы ғимаратында жұмыс істей бастады.
2015 жыл: "Менің атым Қожа" Нью-Йоркте таныстырылды
2015 жылғы 13 қарашада Нью-Йоркте Мұқағали Мақатаевтың таңдамалы шығармалары мен Бердібек Соқпақбаевтың "Менің атым Қожа" повесінің ағылшын тіліндегі басылымдары таныстырылды.
Кітаптар Metropolitan Classics баспасынан жарық көрді. Қазақ оқырманына бала кезінен таныс Қожаның хикаясы мен Мұқағали жырлары осылайша ағылшынтілді аудиторияға ұсынылды.
2017 жыл: Жезқазғанда Кетбұқа ескерткіші орнатылды
2017 жылғы 13 қарашада Жезқазғанда жырау, би әрі қолбасшы Кетбұқаға арналған ескерткіш орнатылды.
Тұлпар үстіндегі тарихи тұлғаның мүсіні қоладан құйылып, тұғыры гранитпен қапталған. Ескерткіштің жалпы биіктігі 10,5 метрге жетеді. Ол мүсінші Октябрь Секемановтың жетекшілігімен жасалған.
1956 жыл: АҚШ-та нәсілдік теңдік жолында маңызды шешім қабылданды
1956 жылғы 13 қарашада АҚШ Жоғарғы соты Алабама штаты мен Монтгомери қаласындағы автобустарда адамдарды нәсіліне қарай бөлуге қатысты ережелердің Конституцияға қайшы екенін растады.
Бұл шешім Монтгомеридегі автобус бойкотының жеңіске жетуіне жол ашты. Қоғамдық көліктегі кемсітушілікке қарсы басталған наразылық АҚШ-тағы азаматтық құқықтар қозғалысының маңызды кезеңдерінің бірі болды.
1971 жыл: ғарыш аппараты алғаш рет Марс орбитасына шықты
1971 жылғы 13 қарашада NASA-ның Mariner 9 аппараты Марс орбитасына кірді. Ол Жерден басқа ғаламшарды айнала ұшқан алғашқы ғарыш аппараты болды.
Аппарат барған кезде Марста алып шаңды дауыл соғып жатқандықтан, зерттеу жұмыстары бірден толық басталмаған. Кейін Mariner 9 Жерге 7 мыңнан астам сурет жіберіп, ғаламшар бетінің шамамен 85 пайызын картаға түсірді.
1985 жыл: Колумбиядағы жанартау апаты мыңдаған адамның өмірін қиды
1985 жылғы 13 қарашада Колумбиядағы Невадо-дель-Руис жанартауы атқылады. Жанартаудан шыққан ыстық материалдар тау басындағы қар мен мұзды ерітіп, төмен қарай жойқын лай-тас тасқынын туғызды.
Тасқын Армеро қаласын және маңайдағы елді мекендерді басып қалды. АҚШ Геологиялық қызметінің дерегінше, апаттан 23 мыңнан астам адам қаза тапқан. Бұл оқиға жанартау қаупін алдын ала бағалау мен тұрғындарды дер кезінде эвакуациялаудың маңызын көрсеткен қасірет ретінде тарихта қалды.