Алматыда интимдік қызмет үшін ақша төлеген екі ер адам полицияға жүгінді. Олардың айтуынша, кездесуге келген қыз ақшаны алғаннан кейін кетіп қалып, қайтып оралмаған, деп Malim.kz тілшісі Shyndyk.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиға туралы 11 қарашада хабарлаған. Алдын ала мәліметке сәйкес, жағдай қаланың Алатау ауданында болған.
Арызданушылардың сөзінше, олар интернеттен интимдік қызмет ұсынған хабарландыруды көріп, қызбен байланысқа шыққан. Өзара келіскеннен кейін қонақүйлердің бірінде кездескен.
Ер адамдар қызға алдын ала келісілген ақшаны берген. Ол аз уақытқа шығып келу керегін айтып, екеуінен күте тұруды сұраған. Алайда содан қайтып келмеген.
Қызды күтіп, ақыры оның оралмайтынын түсінген ер адамдар өздері іздеуге кіріскен. Көп ұзамай оны шағын азық-түлік дүкендерінің бірінен тапқан. Осыдан кейін полиция шақырып, ақша төлегенімен, уәде етілген қызметті алмағандарын айтқан.
Сөйтіп, қонақүйдегі кездесудің соңы полиция басқармасына барумен аяқталған. Мән-жайды анықтау үшін екі ер адам мен қыз аудандық басқармаға жеткізілген.
Полиция болған оқиғаның жай-жапсарын тексеріп жатыр. Тексеру нәтижесінде әр тараптың әрекетіне құқықтық баға берілмек. Әзірге қанша ақша төленгені және оның қайтарылған-қайтарылмағаны туралы мәлімет жарияланған жоқ.