Ақпараттық хабарлама
freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Сол арман орындалса екен": Бағдат Әшімова жарының аманатын айтты

Шоу-бизнес •
"Сол арман орындалса екен": Бағдат Әшімова жарының аманатын айтты
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова өнер иесінің көзі тірісінде жүзеге аспаған арманын айтып, артында қалған аманаты туралы жазды, деп хабарлайды Malim.kz.

Бағдат Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында марқұмның жылдық асында сөйлеген сөзін бөлісті. Ол жарының ұрпағы мен шәкірттерін өзіне сүйеніш санайтынын жеткізді.

"Менің оң қанатым, менің тірегім, менің барым – Асекеңнің ұрпағы. Сол қанатым – Асанәлі Әшімов театрының актерлері. Асекеңнің аманаты…" – деп жазды ол.

Оның айтуынша, Асанәлі Әшімов өз атындағы театрдың жеке ғимараты болғанын армандаған. Өнер иесі шәкірттерінің өз сахнасында бас қосып, шығармашылығын жалғастырғанын қалаған.

"Асанәлі Әшімов атындағы театрдың өз алдына жеке ғимараты болып, актерлерінің бас қосар қасиетті сахнасы, өнердің өркен жайған ордасы болса деген арман-тілегі бар еді. Сол арман орындалып, шәкірттері өз шаңырағының астында өнер көрсетсе екен!" – деді ол.

Бағдат Әшімова үшін жарының есімін иеленген театр мен оның актерлері – қастерлі аманат. Ол өнер иесінің бастаған ісін жалғаудың жауапкершілігі зор екенін атап өтті.

"Аманаттың жүгі ауыр. Артында қалған ізді жалғау – үлкен жауапкершілік", – деп түйіндеді ол.

Асанәлі Әшімов кім?

Асанәлі Әшімов – қазақтың көрнекті театр және кино актері, режиссер, ұстаз, Қазақстан және КСРО халық әртісі. Ол 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданының Жайылма ауылында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы консерваторияның театр факультетінде білім алып, саналы ғұмырын қазақ өнеріне арнаған.

Көрермен оны "Қыз Жібек" фильміндегі Бекежан, "Атаманның ақырындағы" Шадияров, "Транссібір экспресіндегі" Қасымханов бейнелері арқылы жақсы таниды. Мұхтар Әуезов атындағы театр сахнасында да талай күрделі рөлді сомдаған. Олардың қатарында "Еңлік-Кебектегі" Кебек, "Қозы Көрпеш – Баян сұлудағы" Қодар, "Қан мен тердегі" Еламан бар.

Асанәлі Әшімов актерлікпен қатар режиссерлікпен айналысып, "Шоқан Уәлиханов", "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" секілді туындыларды түсірген. Ұстаз ретінде жас актерлерді тәрбиелеп, сахна мен кинодағы тәжірибесін кейінгі буынға үйреткен. Қазақ өнерін дамытуға қосқан еңбегі үшін 2017 жылы оған "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілген.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу