Әйелдер туралы жазбаларымен жұрт назарын аударған Төреғали Төреәліне "Жаңа адамдар" жастар қозғалысы "Боқ сөз иегері" атты антижүлде дайындады. Белсенділер әншіні Алматыдағы қозғалыс кампусына келіп, оны алып кетуге шақырған, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұған өнер иесінің Threads желісінде әйелдер туралы жариялаған сөздері себеп болған. Атап айтқанда, "Әйел шешінбей, мәселе шешілмейді" деген жазбасы мен әйелді ақшаға толы чемоданға теңеген пікірі белсенділердің сынына ұшыраған.
Қозғалыс өкілдері мұндай теңеулерді әйелдің қадір-қасиетін кемсітетін сөздер деп бағалаған. Олардың ұстанымынша, көпшілікке танымал адамның үлкен аудитория алдында айтқан сөзіне жауапкершілікпен қарауы қажет.
Төреғалидің Threads парақшасында әйел мен ер адамның қарым-қатынасына қатысты өзге де жазбалар бар. Мәселен, 8 қарашада әнші көп әйел алу туралы былай деп жазған:
"Екі әйел алу деген не сұмдық!
Үш әйел, төрт әйел алуға да мүмкіндік бар емес пе?!"
Ұсынылған скриншотта бұл жарияланымға 8,8 мың ұнату белгісі басылып, 472 пікір қалдырылғаны көрінеді.
Ал 6 қарашадағы жазбасында:
"Емшекті еміп өсіп, сүйіп өтесің", – деген.
Скриншот түсірілген сәтте бұл сөзге 23,6 мың ұнату белгісі басылып, 1,7 мың пікір жазылған. Осылайша, әншінің бір ауыз сөзі мыңдаған адамның назарын аударған.
Өнер иесінің жазбалары әйелдер тақырыбымен шектелмейді. Оның парақшасында ішімдік туралы да бірнеше жарияланым бар. Соның бірінде:
"Арақтың соңына түссең – жұмысың қалады.
Жұмыстың соңына түссең – арағың қалады.
Амал жоқ, жұмысты қоя тұруға тура келеді", – деп жазған.
7 қарашада жарияланған бұл жазба скриншоттағы мәлімет бойынша 16,5 мың ұнату белгісін жинап, оған 497 пікір қалдырылған.
Ал 5 қарашада әнші:
"Мен арақ ішкен жоқпын, тек дәмін көрдім", – деген қысқа жазба жариялаған.
Бұл жарияланымға да 18,6 мың ұнату белгісі басылған. Дегенмен аталған сөздерде нақты оқиға туралы түсініктеме берілмеген.

Еске сала кетейік, бұған дейін Malim.kz Төреғали Төреәлінің әйелді ақшаға толы чемоданға теңеген жазбасы туралы "Тастап кетейін десең, қимайсың": Төреғали Төреәлі әйел туралы жазба жариялады" атты материал жариялаған еді. Онда әншінің қарым-қатынас туралы жазбаларына тоқталғанбыз.
"Threads күте тұрсын, мен Insta-ға келдім!"
Енді әнші Instagram парақшасында видео жариялап, оқырмандарына осы желіге келгенін хабарлады.
"Threads күте тұрсын, мен Insta-ға келдім!" – деп жазған ол бейнежазбаның сипаттамасына.
Төреғали Төреәлі кім?
Төреғали Төреәлі – қазақстандық әнші, айтыскер ақын әрі актер. Толық аты-жөні – Төреғали Төреәліұлы Әлиханов. Ол 1992 жылғы 14 қазанда Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында дүниеге келген. Көпшілікке "Ұлы дала баласы" деген атпен танылған.

Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының колледжін актер мамандығы бойынша тәмамдаған. Өнер жолында айтысқа қатысып, студенттік сайыстарда жеңімпаз, республикалық айтыстарда жүлдегер атанған. Кейін әншілікке бет бұрып, "Отанды сүю – иманнан" әнімен тыңдарманға танылды.
Ерке Есмаханмен бірге орындаған "Алло" әні оның танымалдығын арттырды. Репертуарында "Бол жанымда", "Бір түрлі қыз", "Ана" секілді туындылар бар. Әнші киноға да түсіп, 2018 жылы жарыққа шыққан "Ұлы дала комедиясы" фильмінде басты рөлді сомдаған.