Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова өзін тану мен ішкі ізденісі туралы ой бөлісті. Өнер иесі сахнадағы кейіпкерлері арқылы да, үнсіз қалған сәттерінде де өзіне үңілетінін жазды, деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Актриса Instagram парақшасындағы жазбасын оқырмандарына қойған сауалдан бастаған.
"Айналадағы адамыңызға қашан соңғы рет ықыласпен көңіл бөлдіңіз?" – деп жазды ол.
Одан кейін Жұлдыз Әбдікәрімова Мағауин, Марк Аврелий, Ницше мен Монтеньді атап, адамның өзін тануға ұмтылысы қай дәуірде де өзекті болғанын жеткізді.
"Мағауин «Мен» деді. Марк Аврелий өзімен сырласты. Ницше Заратустраны сөйлетті. Монтень өзін зерттеді. Ғасырлар ауысты. Бірақ адамзаттың ең күрделі сұрағы өзгермеді: «Мен кіммін?»" – деп бөлісті актриса.
Өнер иесінің айтуынша, өзі де осы сұрақтың жауабын іздеп жүр. Бұл ізденісте сахнаның да орны бар екенін аңғартты.
"Үнемі ізденіс үстіндемін. Кейде сахнадағы кейіпкерім арқылы, кейде үнсіз қалған сәттерімде өзімді тануға тырысамын. Өйткені адам үшін ең ұзақ сапар — өзіне қарай", – деп түйіндеді Жұлдыз Әбдікәрімова.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жұлдыз Әбдікәрімованың әйелге үнемі шыдамдылық пен төзімділікті міндеттейтін көзқарас туралы пікірін жазған едік. Актриса қазақ әдебиетіндегі әйел кейіпкерлердің тағдырын мысалға келтіріп, олардың өміріне әсер еткен қоғамдық талаптар мен теңсіздікке назар аударуға шақырған.
Жұлдыз Әбдікәрімова кім?
Жұлдыз Әбдікәрімова – қазақстандық театр және кино актрисасы, тележүргізуші. Ол 1988 жылғы 14 сәуірде дүниеге келген. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында актерлік мамандық бойынша білім алған. Оқуын аяқтағаннан кейін Алматыдағы Жастар театрында екі жыл еңбек еткен. Кейін отбасына көңіл бөліп, шығармашылық қызметінен уақытша үзіліс алған.

Көпшілік оны әнші Қайрат Нұртастың жұбайы ретінде де таниды. Екеуі өнер саласында білім алып жүрген кезде танысқан. Жұлдыз сұхбаттарында өмірінің бір кезеңін бала тәрбиесіне арнағанын айтқан. Кейін актерлік қызметіне қайта оралып, киноға түсіп, театр мен телевизиядағы жұмысын жалғастырды.
Оның кино саласындағы танымал жұмыстарының бірі – 2017 жылы жарық көрген "Арман. Періштелер ұйықтағанда" фильмі. Бұл картинада актриса Қайрат Нұртаспен бірге басты рөлді сомдады. Осы жұмысы үшін "Астана дарыны – 2017" сыйлығының "Кино" аталымымен марапатталған. Кейін "Ажырасам" отбасылық комедиясында да басты рөлдердің бірін орындады.
Жұлдыз Әбдікәрімова театр сахнасында да бірнеше образды алып шыққан. 2021 жылы Түркістан музыкалық драма театрының "Махаббат мұнарасы" қойылымында Сұлу рөлін сомдады. Актрисаның айтуынша, бұл рөлге кастинг арқылы бекітілген. Сондай-ақ 2024 жылы Түркістанда сахналанған Уильям Шекспирдің "Ромео мен Джульетта" қойылымына қатысты.