«Бұл сұрақтың маған қатысы жоқ». Байбектің трамвайы, Тоқаевтың сыны, Досаевтың жоспары

Қасым-Жомарт Тоқаевтың трамвай туралы сөзі шетелде жүрген Бауыржан Байбектің үстінен іс қозғалады екен деген дақпыртқа май құя түсті.

Алмас НҮСІП

  • 10.10.2022
Б.Байбек, Қ.Тоқаев, Е.Досаев / Коллаж: Malim.kz

2015 жылдың күзінде қала әкімі Бауыржан Байбек Алматыдағы трамвай желісін тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл, әлбетте, қоғам пікірін екіге жарды.

Байбек бұл шешімін ақтау үшін бірнеше аргумент ұсынды. Соның негізгісі – олардың ескі екендігі. Одан кейін, трамвайды түпкілікті алып тастауға түрткі болған – рельстен шығып кетіп, 15 көлікті қағып кеткен трамвай оқиғасы. Байбек трамвайды рельсімен түгел алып тастаған соң да көп уақыт бойы осы оқиғаны «жағасын ұстап» айтып жүрді.

Бірақ, Байбектің бұл аргументімен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев келіспейтін болып шықты. Ол Павлодардағы трамвайларды көріп, Алматыдағы трамвайларды еске алды.

«Алматыда травмай жүрді, ешкімге кедергі келтірмеді, бірақ оны қаладан алып тастау туралы шешім қабылдады. Ауқымды жұмыс жүргізілді, рельстер жойылды, енді Алматы трамвайсыз қалды. Трамвай қаланың символы болғанын атап өту керек. Егер қажет болса, жолдарды жаңғыртып, жаңа, дыбыссыз, трамвайлар сатып алу керек шығар. Травмай – өзінше тартымды көлік түрі. Еуропаның көптеген дамыған қалаларында трамвайлар кедергісіз жүреді. Бұл – көптеген жергілікті тұрғындар ұнататын экологиялық және ыңғайлы көлік», - деді ол Павлодар халқымен кездесуде.

Бұған дейін Байбектің үстінен іс қозғалады екен деген дақпырт тараған. Тоқаевтың осы сөзінен кейін шетелде жүрген Байбекке тықыр таянып-ақ қалғаны ма деген сөздер айтылып қалып жатты. Дегенмен, Байбектің трамвайға қатысты бұған дейін айтқан сөздері президентің «ешкімге кедергі келтірмеді» деген сөзіне кереғар. Мәселен, 2017 жылы Астанадағы баспасөз брифингінде трамвайлардың рельстен шығып кете беретінін айтады. Жүріп тұрған бар-жоғы жеті трамвайдың бір жыл ішінде 43 мәрте жолдан шығып кеткенін айта келіп, өзін бұған мүлде жауапты сезінбейтінін білірген.

«Енді бұл мәселенің маған қатысы жоқ. 25 жыл бойы қарау керек еді, қараған жоқ. Трамвайлардың не үшін рельстен шығып кететінін білесіздер ме? Олар ескі болғаны үшін емес. Рельстердің өзі тозып біткен. Мүлде ауыстырылмаған. Рельс бар, желі бар, трамвайдың өзі бар. Мен сақтап қалғым келген... Біз ресейліктерді шақырдық, бұл солардың технологиясы, олар келді, келді де сараптамалық шешім шығарды, Олар рельстерді қалыпқа келтіру үшін ғана қала бюджетінен 16 млрд теңге керек екенін айтты. Сосын трамвай сатып алу керек әлі. Мен қандай шешім қабылдауым керек еді?» - деп «шарасыз» кепте сөйлеген.

Трамвай тақырыбы Байбектің алдынан шыққаны бір бұл емес. Ол қала әкімі болып тұрғанда да, кейін «Нұр-Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасры кезінде де журналистер ара-тұра мазасын алып тұратын. Ондай сұрақтарға «бар-жоғы екі маршрутымыз, 14 трамвайымыз бар, оның алтауы ғана жүріп тұр», - деп кейіп жауап беретін Байбек 2017 жылы ескі трамвайдың орнын жаңа трамвай басатынын айтқан. Бірақ, әне-міне басталардай, «Саяхат» пен «Алматы-Аренаның" арасына тартылатын маршрутына дейін нақтылап сөйлеген, оған 125-130 млрд теңге кететінін де есептеп қойған Байбек ақыры LRT-ны ұмыттырып жіберді.

Еуропада оқыған, «Еуропаның көшелері осындай» деп көшелерді өзгерткен, «ол жақта қоршау болмайды» деп, Алматының қоршауларын сылып тастаған Байбек Еуропаның біраз елінің бір кездері өздері бас тартқан трамвай желісіне қайта оралып жатқанын біле тұра, Алматының трамвайын тоқтатып тастады. Түрлі сарапшылар да әкімнің бұл қадамын құптай қойған жоқ. Байбек айтқандай, трамвайдың да, рельстердің де ескіргені түсінікті, бірақ, соны сылып тастай салмай, орнына жаңа үлгідегі, заманауи трамвайлар неге келмейді дейді. Байбектің логикасы да қызық, 16 млрд теңгені қымбатсынады да, одан 8 есе қымбат LRT жобасын ұсынады. Және ол бұған дейін трамвай жүрген маршруттар емес, мүлде басқа бағыт бойынша салынбақ. «Трамвай рельсінің орнына веложолдар саламыз», деген оның бұл шешімі – «бұрын трамваймен жүргендер енді велосипедке отырыңдар», дегендей әсер қалдырған.

«Трамвай – бұл технологиясы түсінікті жоба. Сондықтан, біздікілердің әлемде белсенді түрде енгізіліп жатқан нәрседен қорқатыны таңғаларлық. Бұл сапалы өмір, таза ауа тұрғысынан бәріне пайдалы. Әлемде автомобилистер көлік жүргізуге байланысты кедергіге тап болғанда көп жағдайда трамвайға отырғанды дұрыс көреді. Трамвай - қауіпсіздік пен ыңғайлылық деңгейі бойынша басқа транспорттардан әлдеқайда артық. Мұндай зерттеу Францияда жүргізілген». - Бұл трамвайды қайта оралту туралы мәселе көтеріп жүрген сарапшы Елена Ерзаковичтің пікірі.

Тоқаев та «трамвай жүйесін дамытуды жалғастырып, құрамдарды жаңартуды жеделдету керек», деді. Бірақ, мұны Павлодарға қатысты айтты ма, Алматыға қатысты айтты ма, нақтылаған жоқ. Malim.kz Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаевтың атына сауал жолдап, «Байбек айтқан LRT жобасы қайта қолға алына ма?» деп сұрады. Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі жолдаған жауапқа қарағанда LRT жобасы жүргізілетін сияқты.

«Қазіргі уақытта Алматы қаласының аумағы бойынша LRT трассасын таңдау Алматы қаласын дамытудың Бас жоспарына жүргізіліп жатқан түзетулермен бірлесіп қаралуда, оның аясында рельсті көліктің маршруттық желісін трассалау айқындалатын болады. Оның аяқталуы ағымдағы жылдың соңында күтілуде. LRT желілерін салу жөніндегі ақпарат әлеуетті инвесторды таңдау жөніндегі түпкілікті шешімнен кейін қосымша берілетін болады», - дейді әкімдік өкілі.

Бауыржан Байбек «80 жыл бойы жұмыс істегеніне рахмет айтып шығарып салған» трамвай тақырыбынан шаршап кеткенде: «Ешкімге керек емес кезде ешкім сұрамайтын, алып тастап еді, қызыға қалыпты», - деп реніш білдірген. Шетелде жүрген, соңғы рет отбасымен Кипрде демалып, қамыс күрке жағалап жүрген жерінен көзге бір түскен Байбек Тоқаевтың бұл сұрағына «бұрын қайда қалдың?» деп, өкпелей алмайтыны анық. «Рельстен шығып кеткен трамвайдың видеосын жібергенде мен Астанада іссапарда жүр едім», - деп, шошып кеткенін айтып, адам өмірі үшін жауапкершілік арқалағысы келмегендіктен трамвайларды тоқтатып тастаған Байбекке Тоқаевтың кешегі сөзінің видеосы да жеткені анық. Шошып кеткен шығар...

Байланысты жаналықтар

«Туған жерімізді таза ұстауымыз керек»: Президент сенбілікке қатысты

27.04.2024

Алматыда 3 адам көз жұмған автобус апаты: жүргізушіні ұрған адам 8 жылға сотталды

26.04.2024

Демалыс күндері Қазақстанда ауа райы қандай болады

26.04.2024

«Жүргізуші баламның намысына тиген»: Автобус апатына кінәлі күдіктінің анасы сотта сөйледі

26.04.2024

Синоптиктер еліміздің бірнеше өңірінде ауа райына байланысты ескерту жариялады

25.04.2024

Алматы әуежайында ұшқыш есірткіге мас күйінде ұсталды

25.04.2024
MalimBlocks
«Туған жерімізді таза ұстауымыз керек»: Президент сенбілікке қатысты

Сенбілік барысында жалпы саны жөке ағашының 430 түп көшеті отырғызылды.

Алматыда 3 адам көз жұмған автобус апаты: жүргізушіні ұрған адам 8 жылға сотталды

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Демалыс күндері Қазақстанда ауа райы қандай болады

Қазақстан бойынша жел күшейеді деп күтілуде, оңтүстікте және оңтүстік-батыста шаңды дауыл болуы мүмкін.

«Жүргізуші баламның намысына тиген»: Автобус апатына кінәлі күдіктінің анасы сотта сөйледі

Ол баласының бұрын бұзақалық істемегенін, 22 желтоқсан күні 3 айлық баласына асыққанын айтты.

Синоптиктер еліміздің бірнеше өңірінде ауа райына байланысты ескерту жариялады

Бұл туралы «Қазгидромет» мәлімдеді.

Алматы әуежайында ұшқыш есірткіге мас күйінде ұсталды

Полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады.