Депутат кім болуы керек?  Парламентке әртістер қажет пе?  

Елдегі ерінбегеннің бәрі депутат болудан дәмелі

Олжас Қасым

  • 09.02.2023

Алда  Қазақстанда Парламент мәжілісі мен мәслихаттарының сайлауы келе жатыр. Елдегі ерінбегеннің бәрі депутат болудан дәмелі.  Құжаттарын қамдап, тиісті мандат алуға әзірлігін бастап та кетті. Олардың арасында бұрынғы шақырылымның депутаттары, ғалымдар, актер, әншілер, спортшылар, блогерлер дейсіз бе, қай саланың болсын өкілдері бар. Сәйкесінше,  қоғамда «Кім депутат болуға тиіс?», «Екі ауыз сөз айтатындардың бәрі билікке баруы керек пе?» деген сауалдар жиі көтеріле бастады. Бірі  «депутат болуға мынау лайық» деп, өзінің таңдаған кандидаттарының тізімін ұсынса, енді бір топ  үміткер болуға ниеттілерді қаралап жатыр. Қалай дегенмен де, бұқараның бей-жай қалмай,  саяси науқанды алдын ала безбендеп жатқаны қуантады.


Депутат болатын адамның сипатын Міржақып Дулатұлы тәптіштеп айтып кеткен. «Біз қазаққа шын пайдалы депутат таңдауымыз керек... Халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екіталай жерде жанын қиярлық ержүректі болса, өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін болса. саясат ісіне жетік болса... Депутаттықты таңсық көріп, атағына қызығып, яки, бәсеке үшін баратын кісі болмауы керек»,- дейді.

Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін Парламент сахна жұлдыздары – айтыскерлер Аманжол Әлтаев, Олимпиадада жүлде алған Ольга Шишигина, Назарбаевқа жағымпазданудан алдына жан салмаған Мәди Ахметов, «соғысты қолдаймын» деп депутаттық мандаты тоқтатылған Азамат Әбілдаев секілді популистерге толып кеткені жасырын емес.  Соған қарағанда, бұл лауазымды аса ауыр жауапкершілік санамай, айрықша мансап ретінде қабылдайтындар көп.   

 Осы ретте  «депутат қай саланың иесі болуы керек» деген сұрақ көтерілуі заңды. Көпшілік «депутат алдымен заңгер болуы керек, экономист болса да құба-құп» деген пікір айтып жүр.  Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, соңғы кездері, Парламент депуттары партиялық тізіммен жасақталуға көшкен кезде, партия басшыларынан басқалар  біле бермейтін адамдар, оның ішінде кәсіпкерлер көбейе бастады. Олардың келгені партияға қандай пайда әкелгені беймәлім, бірақ Парламенттің белсенділігін арттырмағаны анық. «Меніңше, қоғамдық-саяси жұмыста жүрген азаматтар барғаны абзал. Олар елдің негізгі проблемаларын, шешу жолдарын, қоғамның немен тыныстайтынын  біледі. Парламентте қабылданған заңдардың бәрі әлеуметтік, саяси мәселелерді қамтиды. Бізде оның жөнін білетін адамдар саусақпен санарлық. Парламенттің дайындайтын заңын экспертизадан өткізетін институт бар. Олар құжаттарды түгелімен қарап шығады. Сондықтан, бұл жерде заңгер болудың қажеті шамалы. Сен нені өзгертетініңді білсең болды. Осы уақытқа дейін «Нұр Отан», «Ақ жол», «Қазақстан халық партиялары» бірде бір заң әзірлеген жоқ. Мәселен,  «Ұлт тағдыры» қозғалысы Ономастика және ҚР Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын дайындады. Бұлар сөзді сапырады, сұрақ та қойып жатады. Депутаттардың негізгі міндеті – заң шығару процесіне қатысу. Министрлерге сұрақ қою оңай. Біздің депуттаттар осыны әлі күнге дейін істеген жоқ. Қандай бастама көтердің, қандай заң дайындадың? Қаншасын өткіздің? Егер парламент осыны түсінсе, депутаттар министрді қыспаққа алып, «неге бұлай жасадыңыз?» деп сұрақ қойғанша, сол мәселені шешуге ықпал ететін заңды өзі дайындаулары керек. Тығырықтан шығар жолды ұсынуы қажет. Өкінішке қарай, депутатқа «сондай заң дайындай алсаң, дайындап бер, мәселені бірге қарайық» дейтін министрді байқамадық. Біздің парламенттің ең үлкен кінәсі, қателігі осында. Сұрақ қояды да соған мәз болады. Сенің міндетің мәселені шешетін заңды өзің дайындап шығаруың».

Егер Парламенттің басты мақсат-міндеті – заң дайындап, оны қабылдау болса, қоғамдағы аса өзекті мәселелерді білетін және соны  заңдық тұрғыдан шешудің жолдарын анықтайтын адамдар – саясаткерлер болмақ. Телеарна дикторлары, блогер, әнші, қоғам белсенділері екібастан саясаткер емес. Дос Көшімнің айтуынша, саясаткер болудың өз шарты бар. «Ол бір саяси күш құруы, алдына саяси мақсат қоюы керек. Сол миссия жолында үздіксіз күресуге тиіс. Партия құрып, сайлау мәселесіне араласуы маңызды, оларды тіпті шетел де тануы керек. Ал бізде интервью беріп, ой-пікірін желіге жазғандар өздерін саясаткерміз деп атап жүр», -дейді ол. 

Сондықтан, парламент  «алма піс, аузыма түс» деп атқарушы билікке жүгініп отыра бермейтін азаматтардан жасақталуы қажет.  «Егер оларға жұмыссыздық туралы заң шығар десе, екі қолын төбесіне қойып қашып кетер еді. Парламенттің негізгі міндеті - заңды бастама көтеру, заңды дайындап, депутаттардың көзін жеткізе отырып өткізуге күш салу.   Басқа ешкім дайындамайды. Атқарушы билік өздерінің атқаратын заңдарын өздері дайындайды. Мәселен, Кеден туралы заң болса, оны кеденшілер әзірлеп, Парламентке береді. Ал Парламент оны қарап шығады да, саралайды. Мәжіліс тек қабылдаушы орган болып қалды»,-дейді саясаттанушы. 

Естеріңізде болса, 1997 жылы Қазақстан Парламенті тарихында қазақ тілінде жазылған тұңғыш  «Халықтың көші-қоны» туралы заңы қабылданғаны мәлім. Биыл аталған заңның айналымға енгеніне 26 жыл болды.  Оны экс-депутат Әкім Ысқақ жазып, бірнеше кезеңнен өткен құжат  ресми түрде мақұлданған-ды.  Бір өкініштісі, содан бері отыз жылға жуықтаса да, алдымен  қазақ тілінде әзірленетін заң жоқтың қасы. Әкім Ысқақтың айтуынша,  Көші қон туралы заң бір жыл бойы талқыланған. Үкіметтің қорытындысын алу да оңайға түспеген. «Үкіметтің өзіне қарсы баламалы заң ұсынылды. Алдымен қазақша заң жазып, талқылауды бастаған кезде бір министрдің «түсініксіз нәрсені орыс тіліне аудармасаңыздар,  біз талқыламаймыз» деп  айтқаны бар. Ол уақытта қазақ тілінен орыс тіліне аударатын маман жоқ еді».

 Экс-депутат қазір де өзгеріс шамалы екенін,  заң алдымен орыс тілінде жазылатынына күйініш білдіреді.  «Парламент құжаттың орысша нұсқасын қарап, талқылайды. Ал қазақ тілі аударма ретінде ғана жүреді. Сондықтан, бірінші кезекте, депутат популист емес, қазақ тілінде ойлап, әрекет ететін, халықтың мұң-мұқтажын, оны шешу жолдарын білетін,  екіншіден, заңды елдің жағдайы үшін жасайтын адам болуы керек. Нендей бастама көтерілсе де, қол көтере беретін емес, өзіндік ой-пікірі ұстанымы бар заң шығаруға атсалыса білетін адам болғаны абзал»    деген пікірде. 

Қоғам қайраткері  1-шақырылымда Өмірбек Жолдасбеков, Қаратай Тұрысов, Марат Оспанов секілді әрқайсының орыны, пікірі бар, ойын билікке жеткізе білетін тұлғалар парламентте болғанын еске алады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 19 қаңтарда Мәжіліс және  мәслихат сайлауы жөнінде «Мұның бәрі саяси бәсекені күшейтеді, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ саясаткерлердің жаңа буынының қалыптасуына жол ашады», – деген болатын.   

Дос Көшім қандай жағдайда да билік бұл сайлауды міндетті түрде бақылайтынын,  өздеріне қажеті жоқ адамдарды өткізбеуге тырысатынын айтады.  «Билік әр уақытта Парламент құрамын 80/20 деңгейінде жасақтайды.  80 пайызы билік тарапынан болады, 20 пайызы ерікті түрде, халықтың адамдары болуға тиісті. Демек, өзін-өзі ұсынған кандидаттардың билік жүйесінде қолдарында ешқандай карт бланш жоқ. Олар егер парламентке барса, бірде бір заңды өткізе алмайды немесе тоқтатуға мүмкіндігі жоқ. Дауысқа салғанда 80 пайыз бәрібір жеңіп шығады».

Саясаттанушы сайлауда кейбір аймақтардан халық арасында жүрген, өз пікірі бар  азаматтар өтуі мүмкін екенін,  бірақ, нақты бір заңдармен жұмыс істеу кезінде мүмкіндіктері болмайтынын болжайды.  

«Мен өз басым Қазақстанда сайлау жүйесі өзгерген жоқ деп ойлаймын. Саяси науқанды өткізетіндер, сайлау заңы сол күйінше қалды. Демек, нәтиже де сол қалпында болады. Бірақ азаматтар бұл сайлауды өздерінің көзқарастарын, үгіт-насихат жұмыстарын халыққа таратуға пайдалануы керек».   

Иә,  90-жылдардың басында Жоғарғы Кеңеске дабысы жер жарған, танымал адамдардың топтасқаны есімізде. Бұл үрдісті  өз ыңғайына пайдаланған  билік парламентті ақын -жазушылармен, әртіс-спортшылармен  толтырғаны белгілі.   Олардың қатарында, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырза Әлі, Иван Щеголихиндер болды. Парламент өзінің ең басты міндеті – заң шығару мәселесін осы уақыттан бастап ұмытқан болуы керек. Қазіргі сайлауға білек сыбана қамданып жатқандардың әрекетінен осы үрдісті  байқағандай боламыз.     

Байланысты жаналықтар

«Дүрбелең тудырып байбалам салады»: Президент блогерлерге ескерту жасады

25.04.2024

Әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатыр – Тоқаев

25.04.2024

Президент мемлекет қаржысы қатаң үнемделетінін айтты

25.04.2024

Тоқаев KIA корпорациясының президентін қабылдады

23.04.2024

Тоқаев Өзбекстан Президенті мен халқына су тасқыны кезінде көмек көрсеткені үшін алғыс айтты

23.04.2024

Тоқаев Астана әуежайында Садыр Жапаровты күтіп алды

18.04.2024
MalimBlocks
«Дүрбелең тудырып байбалам салады»: Президент блогерлерге ескерту жасады

Оның салдары халқымыздың абырой-беделіне нұқсан келтіреді.

Әлемнің әр түкпірінде түрлі экстремистік күштердің белсенділігі артып келе жатыр – Тоқаев

Оның айтуынша, біз жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына куә болып отырмыз.

Президент мемлекет қаржысы қатаң үнемделетінін айтты

Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды.

Тоқаев KIA корпорациясының президентін қабылдады

Хо-сунг Сонг Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қостанайдағы автомобиль шығаратын толық циклді зауыт құрылысының барысы туралы мәлімет берді.

Тоқаев Өзбекстан Президенті мен халқына су тасқыны кезінде көмек көрсеткені үшін алғыс айтты

Сонымен қатар мемлекеттер басшылары аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Тоқаев Астана әуежайында Садыр Жапаровты күтіп алды

Сапар аясында ертең жоғары деңгейде екіжақты келіссөздер жүргізіледі және бірқатар маңызды құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.