Мерекелерді қосқанда 90 күн.  Депутаттардың демалысын қысқарту керек пе?   

Олардың демалысына 2,5 млн теңге бөлінеді

Олжас Қасым

  • 09.08.2022

Алдағы оқу жылында оқушылардың жазғы демалысын қысқартып, оқу маусымын ұзарту мәселесі көтеріліп жатыр. Бұл туралы Аймағамбетовтің министрлігі  тиісті бұйрығын да жариялап қойды. Қазір құжат  талқылануда. Қоғам белсенділері қымбатшылық алқымнан алып, халықтың жағдайы әлсіреп тұрғанда оқушылардың демалысымен емес, депутаттардың каникулын қысқартумен айналысу керек дейді.


Олар 1-шілдеден бастап тамыздың соңына дейін еңбек демалысында болады.  Белсенді Рүстем Аухановтың айтуынша 2022 жылы қазақстандықтар мемлекеттік мерекелерді есепке алғанда 30 күндей демалады.  «Сонда біздің депутаттар бір жылда 3 ай, шамамен 90 күн тынығады. Олардың еңбек демалысы үшін мемлекет қазынасынан 2,5 млн теңге бөлінеді. Күрделі кезеңде депутаттар демалысты емес, бұқараның қамын ойлауы тиіс», дейді қоғам белсендісі. Әлеуметтік желі қолданушылары осылай деп отыр. Біз осыған орай депутаттардың өздерінен  сауал жолдап көрдік .  

Айбек Паяев:  «Бір ай мерзім жетеді»    

 Заман талабына сай іс-қимыл болуы керек.  Біз Жаңа Қазақстан құрып жатырмыз. Бірақ ескі адамдармен. Соншалықты бай мемлекетті тұрып кедейшілікте күн кешіп жатқанымыз сын көтермейді. Қарапайым халық өз күнін өзі көріп жатыр. Еңбек кодексіне сәйкес, еңбек демалысы бір ай. Құқық қорғау саласы мамандары үшін 45 күн демалыс беріледі. Өз басым бұл мәселеге қарсы емеспін. Бір ай жетеді бізге. Адам бір айдан кейін шаршайды, өз-өзіне келуі де оңай болмайды, жұмысқа құштарлығы да азаюы мүмкін.  Конституцияның өзгерткеннен кейін бірқатар заңдар қабылданбай қалды. Халық бізден сол заңдардың тағдырын сұрап жатыр. Мемлекеттік қызметкерлерге 1 ай каникул жетеді. Демалыстың екінші айын бюджеттен қаржыландырмау керек. Біз онсыз да мемлекеттік мерекелерде демалып жүрміз. Бір айда он күнге дейін демалыс болады. Сол жетеді ғой. Президент демалыссыз жұмыс істейміз десе құптауға тиіспіз. Халықтың жағдайы жақсармай болмайды. Елдің әлеуметтік ахуалын түзейтін заңдар қабылдау керек болса біз бүгін де шығуға дайын болуымыз қажет.

Экс-депутат Нұржан Әлтаев: «Демалысты доғару керек!»

Депутаттар демалысты доғару керек. Осы қиын кезеңде тіпті олар Мәжілістің шұғыл отырсын өткізуі керек. Баға күрт өсіп жатыр, қымбатшылық қысып барады. Отырысқа Үкіметті шақырып, «жоспарларын, қиындыққа қалай төтеп бересіңдер, стратегияларың қандай» деп сұрауы тиіс. Олардың не жоспары, не стратегиясы жоқ. Өзім депутат болып жүрген кезде пандемия басталды. Сол уақытта қасымдағы депутаттарға өз еркімізбен жұмысқа шығайық, жағдай күрделі деп айтқанмын. Үкіметті өзімізге шақырайық дедім. Бірақ менің әріптестерім ұсынысымды қолдаудан бас тартты. Алайда, жұмыс басталған бірінші күні Үкіметті Мәжіліс отырысына шақырттым. Қазір тек қана Amanat партиясы ғана комиссия құрып жатыр. Дүкендерге барып бағаны өсірмеңдер дейді. Оның не керегі бар, азық-түлік, жанар-жағармай, энергия қымбаттап жатса. Депуттардың каникулы үшін ақшаны мемлекет қазынасынан төлеу дұрыс емес. Олар тек әкімшіліктердің арнайы ұйымдастырылған шараларына барады. Халыққа пайдалы бір нәрсе істеп жатқанын көріп отырған жоқпыз. Қазіргі парламенттің құрамы өте әлсіз. Парламенті таратып жаңадан сайлау өткізгені дұрыс. Халық сенетін, елдің мұң-мұқтажын айтатын адамдар билікке келуі  керек. Парламентті түгелдей таратқан жөн. Қаңтар оқиғасы кезінде депутаттар қайда болды? Біреуін де көрмедік. Ондай қорқақ шенеуніктер кімге керек?

Геннадий Щиповских: "Одан не өзгереді?"

Сессия жабылғаннан кейін шілдеде каникулымыз басталды. 3-15 шілде аралығында еліміздің әр аймағын аралап шықтық. Енді екінші лек тамыз айында  аймақтарға барып кездесулер өткізеді.  Олар халықпен үнемі байланыста. Мұның өзі жақсы көрсеткіш. Осыдан екі күн бұрын әріптесім Жұлдыз  Сүлейменова екеуміз «Атамекен» бизнес арнасына барып қазақ тілі туралы бағдарламаға қатыстық. Жақында қазақ тілін үйренуге ниетті жандарға арнап бейресми кездесу өткіземіз. Amanat партиясының депутаттары каникулға шықса да халықпен етене жұмыс істеп жатыр. Осы мәселені сессия ашылғанда ортаға салайық. Одан не өзгереді? Біз елмен байланыстамыз.  

P.S Естеріңізде болса, 2014 жылдың 2 қыркүйегінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев депутаттардың каникулын қысқарту керектігін айтқан. 

«21 ғасырдағы қауіп-қатерлер мемлекеттік биліктегі бүкіл институттардың өзара тығыз жұмыс істеуін талап етеді. Мен де, Үкімет те, Президент әкімшілігі де, атқарушы органдардың барлығы күнде қарқынды жұмыс істейміз", – деген еді ол.

Назарбаевтың  «каникулдарыңызды қысқартсаңыздар» деген сөзінен  кейін депутаттар 2015 жылдың маусымында, қос палатаның бірлескен отырысында V шақырылымдағы төртінші сессия жұмысын 15 шілдеге дейін ұзартқан болатын. Жаңа Қазақстанның Үкіметі мен Парламенті қазір бұрынғы дәстүріне қайта көшті. Депутаттардың демалысы қайтадан шілденің бірінен басталады. 

2019 жылы да депутаттардың  демалысын қысқартуға қатысты журналистер мәселе көтерген. Сол кездегі  Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайылов бұған  пікір білдірген. «Негізі, парламенттің қызметіне қатысты мәселелердің бәрі арнайы конституциялық заңда жазылған. Меніңше, біздің парламентіміз өз жұмысын кәсіби әрі тиімді атқарып жатыр. Ал парламентке түсетін барлық заң уақытында қаралып қабылданады. Сондықтан олар өз жалақысына сай жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Оған күмәнім жоқ», - дегені есте.  Қазір Үкіметті басқаратын Смайылов әлі сол пікірінде секілді. Үкімет халықтың сынына қалып жатыр.  Қымбатшылық, аспандаған баға, халықтың тұрмысының күннен күнге нашарлауы Үкіметті де, депутаттарды да аса бір ойландырып жатқан жоқ сияқты.  Әйтпесе, бұқара   бекерден бекер дабыл қақпайтыны анық.  

 

Байланысты жаналықтар

Биыл мамырда қазақстандықтар қанша күн демалады

26.04.2024

Демалыс күндері Қазақстанда ауа райы қандай болады

26.04.2024

Тоқаев Грузия Парламентінің төрағасын қабылдады

12.04.2024

Назарбаевтың інісі Самат Әбіш шартты түрде 8 жылға сотталды – Депутат

20.03.2024

Наурыз мейрамында қазақстандықтар қанша күн демалады

18.03.2024

Депутат: Мектеп оқушылары еш кедергісіз насыбай атып жүр

13.03.2024
MalimBlocks
Биыл мамырда қазақстандықтар қанша күн демалады

Бұл айда елімізде үш мереке тойланады.

Демалыс күндері Қазақстанда ауа райы қандай болады

Қазақстан бойынша жел күшейеді деп күтілуде, оңтүстікте және оңтүстік-батыста шаңды дауыл болуы мүмкін.

Тоқаев Грузия Парламентінің төрағасын қабылдады

Кездесуде екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға баса назар аударылды.

Назарбаевтың інісі Самат Әбіш шартты түрде 8 жылға сотталды – Депутат

Бұл туралы Ермұрат Бапи әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Наурыз мейрамында қазақстандықтар қанша күн демалады

Депутат: Мектеп оқушылары еш кедергісіз насыбай атып жүр