«Тек орыс тілін талап етіңдер!» – Әскерден қашқан ресейліктер Қазақстан шекарасында кезекте тұр

Қазақстанға кірген ресейліктер не істеп жүр?

Олжас Қасым

  • 22.09.2022

Путин әскерге жарамды азаматтарды соғысқа алу жайлы жарлық шығарғалы, ресейліктер Қазақстанға ағылып келіп жатыр. Бейбіт күнде «Ұлы Ресей» деп ұрандатып жүргендер бас сауғалап, үдере  көше бастады.  Қалғандары да шекарадан шығып кетуді ойлап, жанталасуда. Әлеуметтік желіде әр түрлі дерек тарап жатыр. Тіпті  1 млн 300 мың ресейлік Қазақстанға жеткен деген сөз де бар. Қазақстан шекарасында ұзын-сонар  кептелістер пайда болды. Тіпті Ресейден Қазақстанға келушілерге кеңес беретін арнайы Telegram-чаттар да ашылып жатыр.


Қоғамдық белсенділер елге келушілермен бірге елімізге зор қауіптің келе жатқанын айтып, дабыл қағып отыр. Журналист, блогер Дәулет Мұқаев:

«Қазірдің өзінде олар телеграм, вконтакте чаттарда шекарадан заңды-заңсыз өтудің жолдарын бір-біріне үйретіп жатыр. Бұл келе жатқандар, билік өкілдері айтып жатқандай орта дәулетті емес. Соңғы тиынына пойызға билет алып, автобуспен келе жатыр. Қаржысы жоқ бұл қалың топ ертең елдегі криминалдық ахуалды қиындатып жіберетіні анық. «Тек орыс тілінде қызмет талап етіңдер»,-деп чаттарда үгіт жүріп жатыр. Ертең тіл, ұлтаралық кикілжің күшейеді. Кешегі 600 мың келуші Алматы, Астанадан пәтер сатып ала бастап еді, соның салдарынан Алматы мен Астанада үй бағасы, жалдау ақысы 30-50%-ке қымбаттап кетті. Енді миллиондағаны кірсе, баспана құны ұшады. Қонақ үй, көлік бағасы, ішіп-жем, таксидің ақысы қатты қымбаттап кетері анық», - дейді.

Ақпарат көздеріндегі болжамға сенсек, мобилизациядан Қазақстанға қашып кіретін ресейліктер саны 3 миллионнан асуы мүмкін.  Әлеуметтанушы Салтанат Оразбектің айтуынша, бұл үрдістен қазақ билігі сақтанып, нөпір көштің алдын алуы керек.

«Бұлғақты көрген халықтың ішінде булығып жатқан агрессия бар. Еліміздегі орыс экспансиясының қарқыны қатты. Өз арамызда екіге бөлінген қазақтілділер мен орыстілділер арасындағы  түсінбестіктер билікті ойландырған жоқ. Телеграм чаттарында Ресейден келушілерден қауіп еткен қазақстандықтарға оларды қолдап қарсы шығып жатқандар көп. Қазақстанға кірген ресейліктер не істеп жүр? Қайда тұрып жатыр? Бұрын қылмыс жасаған-жасамағаны зерттелген бе? Бұл тұрғыда елімізде ешқандай да байыпты әлеуметтік зерттеу жасалмаған», - дейді ол.

Дәл қазір Қазақстанның алдында үлкен сұрақ тұр. Қаптап келіп жатқан ресейліктер  ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндірмей ме? Еліміздің күштік құрылымдары тиісті шараларды қашан қабылдайды? Бүгін есіктен екпіндеп кіріп жатқандар, ертең төр менікі деп тепсінбей ме? Мұның соңы онсыз да ұлтараздық жанжалдар басылмай отырған Қазақстанның тұтастығын ыдыратпасына кім кепіл?   

Оқи отырыңыз: 21 жыл. Путиннің жақсылық әкелмейтінін болжаған Балташ аға еді

Әскери сарапшы Амангелді Құрметұлының пікірінше, біздің тиісті құрылым мұның амалдарын қарастыруға тиіс.  Әскер қатарынан қашу көп елде қылмыс болып есептеледі.

«Менің білуімше, Ресейде де солай. Демек, Ресей тарапы талап ететін болса, екі ел арасындағы қылмыскерлерді алмастыру туралы келісімге сай, бізге қашып келгендерді  қайтарып беруге міндеттіміз. Сондықтан, осы мобилизация кезінде шекараның өзі қырағы жұмыс істеуі керек. Біріншіден, Ресейдің шекарасы бүгін-ертең өткізіп үлгергенмен, толық бұйрықтары шығып, нормативтері қабылданған жағдайда оларды өздерінің шекарашылары жібермейді. Сондықтан, осы күнге дейін емін-еркін келіп алғандардай өте алмайтын шығар деп ойлаймын».

Сарапшы ресейліктердің Қазақстанда 90 күннен артық жүруге қақысы жоқ дейді. Оның айтуынша, мигранттықты тіркеп алу қажет, не елден шығып қайта кіруі керек. Олардың әлі де Қазақстанға кіру мәселесі ары кетсе бір аптаға жалғасады. Одан кейін өтіп үлгермейді. Себебі, бұйрықтар шығып, шекарадан асатындарға воэнкоматтың анықтамасын сұрататын деңгейге жететін болса, онда бізге қарай ағылуы азаяды. 

Алайда ресми билік өкілдері екі ел арасындағы қылмыскерлерді алмастыру туралы келісім туралы жұмған аузын ашар емес. Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың  айтуынша, «Қазақстанға келгісі келетін Ресей азаматтарын шектей алмаймыз».

«Бұл жерде біз бір нәрсені ескеруіміз керек. Біздің басқа елдермен келісімдеріміз, шарттарымыз бар. Соған сәйкес міндеттемелеріміз бар. Қазір бізге шетелден адам көп келіп, олардың бәріне ықтиярхат берілуі мүмкін деген сұрақ туындап жатыр. Егер Ресей азаматтары бізге келгісі келсе, біз бұл процесті шектей алмаймыз. Шектемеуіміз де  керек. Белгілі бір шаруаларымен келіп, кетіп қалатын болса, бәрі заңнама шеңберінде болса, бұл тұрғыда ешқандай мәселе туындамауы керек», - деді  Әшімбаев.

Әшімбаев сөзінің тоқетерін «болып жатқан жағдайды дұрыс қабылдау  керекке» әкеліп тіреді.  «Дүрбелең көтерудің қажеті жоқ. Мемлекеттік органдар бұл жағдайды біледі. Бұл мәселені біз де бақылап отырмыз», - деп арқаны кеңге салып отыр.

«Халықтың көші-қоны туралы» заңы және Үкіметтің «Көшіп келушілердің Қазақстанға келуінің және болуының, сондай-ақ олардың Қазақстаннан кетуінің қағидаларын және көші-қон бақылауын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» қаулысы бойынша «Қазақстан аумағына кірген күннен бастап 90 тәулік өткеннен кейін шарт мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда, Ресейдің жұмысшы-азаматы Қазақстан аумағынан шықпай 15 күн ішінде жаңа Еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт жасасуға құқылы».   Демек, ресейліктер 90 күннен кейін елден шығып кетеді деуге болмайды.

Сондықтан, саясаткерлер Қазақстанды қазірден-ақ соғысқа дайындала беруге шақырып отыр. Күштік құрылымдарды күшейту керек. Украинадан оңбай соққы алып, беті қайтса Путинге жеңіл жеңіс керек болады деушілер де аз емес.

Украина – Ресей кикілжіңінен сескенген елдер қазір шекарасын бекемдеп, әскери дайындықтарын күшейтуге кірісті. Жақында Қытай қарулы күштерін сақадай сай етіп қамдауға қарекет етіп жатқаны ақпарат көздеріне шықты.   Естуімізше, Қазақстан да әскерге жарамды деген азаматтарды жинап, оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатқанға ұқсайды. Өзін Расул деп таныстырған азамат екі аптадан бері әскери ұрыс қимылдарын меңгеріп жатқанын айтады. Жаттығу бір айға созылмақ. 

Алайда, қанша жерден қорғанысымызды қамдап, бес қаруымызды сайласақ та Ресейдің ықпалында тұрғанда біздің қауқарымыздың қай шамада болатыны белгілі. Саяси-экономикалық тұрғыдан Қазақстан әлдеқашан жауланған деген сыңайда пікір білдіреді сарапшы  Қазыбек Бейсебаев. 

Ал Жаңа Қазақстан жаһандық діндер көшбасшыларының съезін, Астана процесін бейбітшілікке ұйыстыратын жол деген иллюзияға әлі алданып келеді.  Қаңтар оқиғасында-ақ, шамасының қандай деңгейде екені көрініп қалған ел едік, енді бұған  сырттан келгендер қосылып жатыр...

Айтпақшы,  қашып келген ресейліктердің көші-қон мәселесі, олардың елімізге тигізер ықтимал әсер-ықпалы жөнінде Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласқан едік. «Еститін Үкіметтің» құрамындағы Ахметжановтың мекемесі телефон көтермеді.    

 

Байланысты жаналықтар

Елімізде Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті құрылды

04.05.2024

Қазақстан тергеу изоляторында отырған бір күдікті үшін айына 750 мың теңге жұмсайды

04.05.2024

Ресей Қазақстан үшін қант экспортына шектеу енгізді

04.05.2024

Елімізде 1 шілдеден бастап дәрі-дәрмек қымбаттауы мүмкін

04.05.2024

Қор нарығында доллар қымбаттады

03.05.2024

Алдағы күндері елімізде күн қайта суытады

03.05.2024
MalimBlocks
Елімізде Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті құрылды

Қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан тергеу изоляторында отырған бір күдікті үшін айына 750 мың теңге жұмсайды

Қазір үй қамақтағы күдіктілерге электронды білезік қолдану тәжірибесі көбейіп келеді.

Ресей Қазақстан үшін қант экспортына шектеу енгізді

Бұл туралы РФ Үкіметінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Елімізде 1 шілдеден бастап дәрі-дәрмек қымбаттауы мүмкін

Қазақстанда фармацевтикалық препараттардың құны соңғы бір жылда 11 пайызға өскен.

Қор нарығында доллар қымбаттады

Ұлттық банктің ресми бағамы — 1 долларға 443,37теңге.

Алдағы күндері елімізде күн қайта суытады

Мұның себебі – қысым өрістерінің жылдам өзгеруі.