21 жыл. Путиннің жақсылық әкелмейтінін болжаған Балташ аға еді
Қоғам қайраткері, оппозиция серкелерінің бірі, саясаткер Балташ Тұрсынбаев - Балташ ағасыз өткен 40 күн...
Өткен 16-тамызда, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Балташ Тұрсымбаевты ақтық сапарға шығарып салғанымызға да қырық күнге жуықтапты. Қазақ қоғамы соңғы демі үзілгенше қазақтың мемлекеті үшін, қазақ деген ұлттың елі мен жері үшін тынымсыз еңбек еткен, табанды күрескен қайсар ұлынан айырылды. Қайтыс болардан тұп-тура он тоғыз күн бұрын бір дастарқанда отырып, емен-жарқын сыр-сұхбат құрып едік. Әңгімеміз Ресей мен Украина жанжалынан тартып Қытайдың бүгінгі жағдайын сөз етіп тоқтағанбыз. Дәл осындай қапыда көз жазып қаламыз деп мүлде ойлаған жоқпын!
Балташ ағамен 2001-жылдың жазында белгілі қоғам қайраткері Сабыр Қасымов арқылы таныстым. Сабыр Ахметжанұлының елу жасқа толған мерейтойынан соң Балташ аға өзі сыйлап жақсы көретін бауырын қонаққа шақырыпты. Сабыр ағаға атқосшы болып мен де бардым. Дастарқанда басы артық адам жоқ. Ағалардың арасында әңгіме көңілді және бүкпесіз өрбіді. Негізгі тақырып Ресейдің билігіне келген Путин және оның Қазақстанға қаратқан саясаты жайлы айтылды. Балташ аға Путин билігінің түптің түбінде Қазақстанға жақсылық әкелмейтіндігін дәл осыдан жиырма бір жыл бұрын тамыршыдай дөп басып болжағандығы әлі есімде. Бірақ ол кісі Ресейдің қуатты мемлекет болып қалыптасуы Қытайдың Орта Азияға деген ықпалын тежейді деген көзқараста екен. Әрине, Қытайдан сақтану үшін Ресейді қорған тұту керек деген ұстаным маған ұнамаса да, дауласқан жоқпын.
Содан бергі жиырма жылда Балташ аға мені өз бауырындай көріп, жақын сыйласып өттік. Ол кісі саясатта біразымызға ұстаз еді.
Балташ аға өмірден өтті деген суық хабар сумаң еткелі бері ауыр қазадан есеңгіреп, ет-жүрегім езіліп жүрсе де өзімді сабырға шақырып ағаммен сапарлас, дәмдес болған әрбір сәтті қайталай еске алып, Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің құрылу тарихы, Назарбаев дәуірі, оппозиция және өз туған елім мен халқымның бүгінгі тағдыры жайлы ұзақ толғанып, ұйқысыз таңдарды атырдым.
Ұлы Абайдың отыз жетінші қара сөзінде «…Биік мансап – биік жартас: ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады…» дегені бар еді. Балташ ағаны мен сол қыранға ұқсатамын. Саясат әлемінде биікке құлаш сермеп, алысты көрді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекетімізді құрушы және қалыптастырушы қарымды саясаткер ретінде елі үшін ерінбей еңбек жасады. Саясаттың заңы бойынша диктаторлық билік орнағаннан кейін өз ойын ашық айтып, алған бетінен қайтпайтын қайсар тұлғаларға орын болмайтын еді. Тәуелсіздіктен бергі отыз жылдан асқан тарихта атақ-абыройы, ықпалы мен беделі тек мансапқа байланған қаншама пенделер саясат сахнасында жүрді. Қарап отырсақ, солардың мүлде басым көпшілігі халықтың санасынан түп-түгел өшіп жоғалыпты. Бірталайының өз халқының ортасында жүзі жарқын, алшаң басып жүрмек түгілі, халқының көзіне тура қарайтын беті де жоқ екен. Тіпті, биліктің ұшар басында сар жамбас болып отыз жыл отырған, “Ұлт көсемі” деп әспеттелген адамның отбасы мен айналасы да былыққа белшесінен батып кетіпті. Диктаторлар үшін ортақ тағдыр, ұқсас трагедия – олардың өзімен қоса отбасы мен айналасы да арам байлыққа әбден құнығып елді тонаушы кәнігі қылмыскерге айналады екен. Ал, олардың қамқоршысы түптің түбінде ең алдымен соларды құрбандыққа шалып отқа тастап кетеді. Қандай қасірет!!! Бірақ, менің Балташ ағамның соңғы демі таусылғанша абыройы асқақ, жүзі жарқын, өз халқының сый-құрметіне бөленіп өтті. Қандай ғанибет! Жаратқанға мың мәрте тәубе дейсің.
Енді биліктің ұшар басынан, мансаптың биік шыңынан өз халқының ортасына қайтып оралған Балташ аға хақында сыр ақтарайық. Сонау тоқсаныншы жылдары тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанда оппозиция сындарлы емес» деген сөзді жиі қайталайтын. Сол кезде ол кісінің осы сөзі қисынды сияқты болып та көрінетін. Кейін Балташ аға сияқты көптеген мемлекетшіл тұлғалар Назарбаев билігімен ат кекілін кесісіп, оппозициялық партиялар мен қозғалыстар құрып, мемлекет басқарудың нағыз өркениетті балама жобаларын ұсына бастаған кезде Қазақстан билігі оппозициямен әділетті бәсекеден бойын аулаққа салып жабайы, зорлықты күрес тәсілін таңдады. Заманбек, Алтынбек сияқты тұлғалардың трагедиялық тағдыры осының куәсі. Соған қарамастан Балташ аға басын бәйгеге тігіп өз күресін тоқтатқан жоқ. Әсіресе, қазақ жерінің тағдыры сынға түскен қатерлі сәтте қатыгез билікке қасқайып қарсы тұра білді. Сандаған бейкүнә жандардың өмірін жалмаған Қаңтар қасіреті тұсында жасының келгеніне қарамастан халықтың қақ ортасынан табылды. Қаңтардағы дүрбелеңге байланысты он мыңнан астам адамның түрмеге тоғытылғаны белгілі. Олар 100% жуық қазақтың ұл-қыздары болатын. Жазығы – әділетсіз диктаторлық билікке, мемлекетті шексіз тонауға төзбегендігі еді. Әрине, олардың арасында арандатушылар мен кәнігі қылмыскерлер де жоқ емес болатын. Ұлы Конфуцийдің: «Қатыгез билік жолбарыстан да жыртқыш келеді» - деген сөзі бар еді. Қапысыз айтылған екен. Назарбаев билігінің тұсында халықтың басына әңгіртаяқ ойнатып әдеттенген полицейлер сол жазықсыз жандарды аямай азаптап, әбден қорлағандығына бәріміз куә болдық. Өркениетті мына заманда үтікпен күйдіріп қинау, азаптап, аямай ұрып-соғып, сап-сау адамдарды да зағип жандарға айналдырғандарды да көзіміз көрді. Мұндай полицейлердің сол қамалғандардың мойнында әкесінің құны кеткен жоқ. Жарты жылдан аса уақытқа созылған тергеу мен тексеру олардың мүлде басым көпшілігінің бейкүнә, жазықсыз жандар екенін дәлелдеді. Бұл жағдай Балташ ағаның жүрегіне ауыр жара салғаны сөзсіз еді. Ол өзінің туған баласы түрмеде жатқандай-ақ, осы жазықсыз жандарға шырылдап ара түсті. Олардың өз отбасына ертерек оралуына аянбай күш салды. Қыстың ызғары, көктемнің жауын-шашыны, жаздың аптап ыстығына қарамастан байтақ Қазақстанның қаласы мен даласын тынымсыз аралап жүрген Балташ ағаны бәріміз көрдік.
Ағамыз оппозиция болудың нағыз үлгісін көрсеткен жан. Ол кісі үнемі айтатын: «Оппозиция болу – тисе терекке, тимесе бұтаққа деп билікке ылғи да тас лақтыра беру емес. Оппозиция – ол биліктің қателігін әділетті сынап, балама жолдарды ұсыну» - деп. Ол кісінің жақында ғана «Дат» газетіне берген соңғы сұхбатында Президент Тоқаевтың билігіне орынды сындар мен сындарлы ұсыныстар айтудың, мемлекет пен ұлтқа шынайы жан ашудың нағыз үлгісін көрсетті. Ол кісінің айтуы бойынша елімізден ұрланған жүздеген миллиард доллар қаржыны қайтару үшін елімізден Назарбаев билігі тұсында қудаланған және шарасыз өз еркімен Қазақстаннан бас сауғалап кетуге мәжбүр болған менеджерлер шоғырын елге қайтарудан бастап үкіметтің құрамын өзгертуге, Президент Тоқаевтың реформалары мен билігінің жалғастылығына төніп тұрған жасырын қатерлерге дейін жіпке тізіп беріпті. Ағаның мына сөзі Президент Тоқаевтың қызмет үстелінде ірі әріптермен басылып, ол кісінің үнемі қайталап оқып отыруы үшін ерекше қажетті, жанашыр сезімнен туған ескерту деп есептеймін:
«…Иә, президенттің айтып жатқан уәдесі көп те, атқарған ісі қораш көрінетіні рас. Бірақ егер алдағы қыркүйек айында парламенттің кезекті сессиясы ашылғанда, Тоқаев батыл өзгерістерді бастайтыны жөнінде халыққа үндеу жолдайтын болса, мен оны қолдаймын. Тек ол үндеу кезекті сөз болып қалмауы тиіс. Оның бүгінгі іс-әрекеті сағым қуып жүрген адамға ұқсайды. Бізге «мираж» қажет емес, Қазақстанға нақты өзгерістер қажет. Менің ойымша, егер ол батыл реформаларға кірісетін болса, оның қаңтардағы қанды қателігін біраз түзеудің сәті түседі. Біздің халық кекшіл емес, ол қоғамға қарай батыл аяқ басуы тиіс. Оның ендігі жалғыз тірегі – халық қана. Азаматтық қоғаммен тығыз жұмыс істеуден қорықпау керек».
Отаншылдықтың, мемлекетшілдіктің, өз халқын шынайы сүюдің үлгісін көрсеткен Балташ ағама «Бақыл болыңыз, жаныңыз жәнатта болсын, аға! Сіздің арманыңызды артыңызда қалған інілеріңіз жер басып жүрсек біз орындаймыз» деп уәде берем.
Рақым АЙЫПҰЛЫ