Путин Ақтау маңында құлаған Әзербайжан ұшағы үшін жауапкершілікті мойындады

Душанбе қаласында Владимир Путин мен Ильхам Әлиевтің кездесуі өтті, деп хабарлайды Malim.kz AZERTAC агенттігіне сілтеме жасап.
Олар “Орталық Азия – Ресей” саммитіне және ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін барған еді. Ресей президентінің айтуынша, 2024 жылдың 25 желтоқсанында “Әзербайжан әуе жолдарына” тиесілі Embraer E190 ұшағының апатқа ұшырауына “бірнеше жағдай”, соның ішінде Ресей аумағындағы украин дрондарын қуалау және РФ әуе қорғаныс жүйесіндегі техникалық ақаулар себеп болған.
Путиннің сөзінше, әуе қорғанысы жүйесінен атылған екі зымыран ұшақты “тікелей атқан жоқ”, әйтпесе ол сол жерде жарылар еді. Ұшақ “мүмкін, осы зымырандардың сынықтарынан” зақым алған.
Әлиев өз кезегінде Путинге AZAL ұшағының апатына байланысты жағдайды жеке бақылауда ұстағаны үшін алғыс айтты.
Путиннің Тәжікстанға сапары Гаагадағы Халықаралық қылмыстық соттың Ресей президентін қамауға алу туралы ордер берген тұста өтті. Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымы Human Rights Watch Тәжікстан билігін ордерді орындап, Путинді қамауға алуға шақырған болатын. Алайда Рим статутын ратификациялаған Тәжікстан бұл үндеуді елемей, ел президенті Эмомали Рахмон Путинді әуежайда қарсы алды.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға бағыт алған AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған болатын.
Фото: Әзербайжан президентінің баспасөз қызметі