Мәйіті түрмеден шыққан ақын туралы не білеміз?

Қаламгер, журналист Төреғали Тәшенов ақын, Ленинградта білім алған, Қазақстан Жазушылар одағында аударма бөлімін басқарған Қасым Тоғызақовтың қасіретті тағдыры туралы жазды.
"Қ.Тоғызақов орыстың классик ақын-жазушыларын қазақ тіліне аударған. Жамбыл Жабаевтың тұңғыш жеке әдеби хатшысы болған. 1936 жылы Мәскеуде болған қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне Жамбылмен бірге болып, ақын өлеңдерін сөзбе-сөз орысшаған аударған адам. Мәскеуден келген соң ұсталып, Сібірге айдалып кетеді. «Сібір Омар» атты өлеңмен роман жазған, жазушылардың бәрі ол кісіні «Сібір Омар» дейді екен. Шапшаң қимылдайтын, шақар мінезді адам болыпты",-дейді Т.Тәшенов.
Қаламгердің одан кейінгі өмір жолы да өкінішке толы болған.
"Айдаудан ашынып келген, ащы суға үйір Қасым Тоғызақов мастықпен абайсызда әйелін пышақтап өлтіріп қояды. Сөйтіп, он жылға сотталады. Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев, Әбділда Тәжібаевтар Қонаевқа, одан Брежневке дейін хат жазып, түрмеден шығарып алғысы келгенмен, сотты жібіте алмайды. Сотталғанына үшінші жылға аяқ басқанда Қасым Тоғызақов түрмеде өледі. Мұхамеджан Қаратаев, Әбділда Тәжібаевтар сүйегін түрмеден алып шығып, Алматыдағы жалғыз қарындасының үйінен жерлеуге шығарады",- деп жазады Төреғали Тәшенов.
Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильміндегі шалдың рөлін ойнаған актер Ерболат Тоғызақов – осы Қасым ақынның баласы.
Фото: Жамбыл музейі