Путин Кремльде Сирияның қазіргі басшысын қабылдады

Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шара Мәскеуге ресми сапармен келді. Бұл оның Ресейге алғаш рет баруы, сапар барысында ол Ресей президенті Владимир Путинмен кездеседі, деп хабарлайды Malim.kz BBC-ге сілтеме жасап.
Сириялық Al Hadath телеарнасының дерегінше, кездесу барысында халықаралық мәселелер талқыланады.
Сонымен қатар телеарна мәліметіне сай, аш-Шара Ресейден бұрынғы Сирия президенті Башар Асадты сириялықтарға қарсы жасалған қылмыстар үшін сотқа беру мақсатында экстрадициялауды ресми түрде сұрамақ.
Бұл ақпаратты Reuters агенттігі де растады. Агенттіктің хабарлауынша, күн тәртібінде Ресейдің Сириядағы әскери қатысуы да бар — яғни, Тартус портындағы әскери-теңіз базасы мен Хмеймим әуе базасының болашағы талқыланады.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та сәрсенбі күні бұл мәселенің талқыланатынын растады.
Reuters дерегінше, аш-Шара Мәскеуден бірқатар экономикалық жеңілдіктер сұрамақ — соның ішінде, тиімді шарттармен бидай жеткізуді қайта бастау және соғыс салдарынан келген залал үшін өтемақы қарастыруды талап етеді. Сондай-ақ ол Израильдің Сирияның оңтүстігінде кеңейтілген бейтарап аймақ құру жөніндегі талабына қарсы тұру үшін Ресейдің қолдауына үміт артып отыр.
Агенттік дереккөзінің айтуынша, сириялық көшбасшы Израиль шабуылдарының алдын алу кепілі ретінде Ресей әскери полициясын қайта орналастыру мәселесін де көтеруі мүмкін.
Ахмед аш-Шара Сирия билігіне 2024 жылдың желтоқсанында келді. Ол Ресей мен бірқатар Батыс елдерінде террористік ұйым ретінде танылған «Хайят Тахрир аш-Шам» (ХТШ) исламистік тобының жетекшісі болған. Дәл осы ұйым президент Башар Асадты құлатып, билікті өз қолына алған еді. Сол кезде Сирия армиясы айтарлықтай қарсылық көрсетпеді, ал Асад пен оның отбасы елден кетіп, Ресейден баспана тапқан.
Фото: Sergei Bobylev/POOL/TASS