Атақты актердің трагедияға толы өмірі

Қазақ театр және кино өнерінің тарихында ерекше із қалдырған тұлғалардың бірі – Мүлік Сүртібаев (1917–1997). Ол – Қазақ КСР-інің халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өмірін тұтасымен сахна мен кино өнеріне арнаған көрнекті актер.
1934 жылы жұмысшы-жастар театрына (ТРАМ) бір топ жас өнерпаздар келіп қосылған болатын. Солардың ішінде Мүлік Сүртібаев пен оның өмірлік серігі, кейіннен Қазақстанның халық артисі атанған Әйкен Мұсабекова да бар еді. Олар сол кезеңнен бастап қазақ театрының іргетасын қалаушылардың қатарында болды.
1954 жылдан бастап Мүлік Сүртібаев М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында еңбек етті. Ол алғашқы жылдарынан-ақ орыс, шетел және қазақ классикалық шығармаларының кейіпкерлерін жоғары шеберлікпен сомдап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Актердің сахнадағы бейнелері – Н.Гогольдің «Ревизорындағы» Хлестаков, К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметшісіндегі» Труфальдино, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш–Баян сұлуындағы» Қозы, М.Әуезовтің «Абайындағы» Абай, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібегіндегі» Төлеген – қазақ сахна өнерінің алтын қорына енді.
Мүлік Сүртібаев тек театр сахнасында ғана емес, кино өнерінде де зор табыстарға жетті. Ол «Ән қанатында», «Қыз бен жігіт», «Біздің сүйікті дәрігер», «Ботагөз» сияқты фильмдерге түсіп, экрандағы бейнелерімен де халық жүрегіне жол тапты. Ал көпшілік көрермен оның «Шабандоз қыз» фильміндегі Аңғарбай бейнесі арқылы ерекше таниды. Табиғатынан комедиялық рөлге бейім актердің орындауындағы Аңғарбай кейпі фильмнің көркемдік деңгейін көтеріп, халықтың есінде қалды.
Алайда сахна мен экранда бақытты, қуанышты кейіпкерлерді сомдаған өнер иесінің өз өмір жолы тағдырлы әрі қайғылы болғаны көпшілікке беймәлім. Актердің төрт ұлының бірінен соң бірі өмірден өтуі, өмірлік жары талантты актриса Әйкен Мұсабекованың да ерте дүние салуы Мүлік Сүртібаевтың жан дүниесіне ауыр соққы болған. Бұл туралы тұлғалар өмірінен деректер жинап жүрген Әсет Ақмолда былай деп еске алады:
“Айтпағым, фильмде бақытты көрінетін өнер иесінің тағдыры трагедияға толы болған. Актердің бауыр еті болған төрт ұлының бірінің соңынан бірі бақилық болғандығына қалайша жүрегің селт етпейді... Өмірлік жары, М.Әуезов атындағы театрда бірге қызмет еткен сахналық серігі, жанындай жақсы көрген жұбайы Әйкен Мұсабекқызының да ерте о дүниелік болуы Мүлік ағамыздың қайғысына қайғы жамаған екен. Осылайша жалғыздықтан құлазыған Сүртібаев жанына жұбаныш іздеп, күнде театрдан шықпайтын болыпты...”
Әсет Ақмолданың жазуынша, актердің өмірінің соңғы сәті де өкінішті аяқталған. Бір күні кешкілік «Қилы заман» спектаклінің талқылауынан шыққан ол үйіне қайтып бара жатып, жолдан өтіп бара кезде көлік астына түсіп, мерт болады.
Мүлік Сүртібаев – өз дәуірінің өнер айдынында жарқыраған шоқтығы биік тұлғасы. Ол сомдаған бейнелер, сахнадағы өрнекті ойыны, қазақ театр өнеріне қосқан еңбегі елеулі.
Фото: kino-teatr.ru