457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Жиһангердің жорығы – актердің жолы

Ержан Нұрымбет сомдаған Дон Кихот образы бүгінгі күнмен қалай үндеседі?

Ержан Нұрымбет – үнсіздігінің өзінде салмақ, қарапайымдылығында тереңдік бар актер. Сұхбатқа жиі шықпауы, көпке ашыла бермеуі оның өнерге деген ішкі тазалығы мен табандылығының бір көрінісі іспеттес.

Дәл осы жұмбақтық, сыр ашпаушылық оның Дон Кихот бейнесіне таңдалуына себеп болған сыңайлы. Себебі Дон Кихот – өзі де өмір мен арманның, шындық пен елестің арасындағы жұмбақ кейіпкер. Ол құпиялылықты тіпті репетиция уақытында сақтап жүреді. Алайда, бір күні актер сахнаға (репетициядағы) сіріңкенің қорабын алып шықты. Оны құлағына тосып, шытырлатты да: «Бала кезімде жылағанымда, әжем көп тиын беретін, осылай қорапқа салып, сатырлатып жүргенді ұнататынмын. Бір күні әжем қайтыс болғанда, табыт үстіне шашылған тиындарды жинап жатып: «Әжемнің қайтыс болғаны қандай жақсы, енді менде тиын көп»,- дедім». Жым-жырт тыныштық... Бұл – оның ешкімге айтпаған жан жарасы. Бұл – актер Ержан Нұрымбеттің ішкі әлемі алғаш рет дауыстап сөйлеген мезет. Қарапайым ғана әрекетпен, қарапайым ғана сөзбен ол балалық жарасын, сағынышын, әрі сол сағыныштың сахналық тілін ашып берді. Ержан ол сәтте өз кейіпкеріне емес, өзіне оралды. Бірақ сол арқылы Дон Кихотқа да терең үндестік берді – жиһангер де бала секілді аңғал, жаралы, сенгіш қой. Бұл – «Дон Кихоттағы» басты философияның өзі: қайғыны күлкімен, күлкіні қайғымен жеңу. Осы жара арқылы актер – кейіпкерге жан берді, ал кейіпкер – көрерменге шындықты ашты. Сол сәттен бастап, «Дон Кихот» спектаклі адам жанын танудың сахналық тәжірибесіне айналды. Репетицияда айтылған осы манифест І актінің финалы болды. Иә, кейіпкер жанын шынайы жеткізу үшін актер алдымен өз жарасын тануы керек. Бұл – ауыр, бірақ шынайылықтың жалғыз жолы. Актер өз ішкі күйін, жарасын жасырмай, оны сахнада мойындағанда ғана бейне «ойыннан» шындыққа айналады. Кейіпкердің мақсаты актердің азаматтық ұстанымымен астасқанда ғана көрерменнің жүрегіне жол табады. Бұл тәсіл әсіресе «Дон Кихот» сияқты идеялық, манифестік құрылымға ие қойылымда ерекше маңызды. Өйткені әр кейіпкер – жай образ емес, ұжымның ішкі дауысын білдіретін платформа. Сондықтан актер сахнада тек бейне сомдамайды, ол сөз сөйлейді, қоғаммен диалог жүргізеді. Осылайша, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының 2022 жылдың көктемінде сахналаған «Дон Кихоты» – жай ғана классикалық шығарманың жаңа қойылымы емес, актер мен кейіпкер, шындық пен қиял, жара мен манифесттің тоғысқан трагикомедиясы болды.     

Шымылдық ашылғанда актерлер әлі репетицияда жүргендей, қойылым әлі басталмағандай әсер береді. Бұл төртінші қабырғаны бұзу – спектакльдің ерекше әрі интерактивті сәті. Артистердің көрерменмен тікелей байланыс орнатуы, оларды спектакльдің бір бөлігіне айналдыруы, сахналық шекараларды бұзып, театр мен шындық арасындағы байланысты тереңдете түседі. Мұндай сәттерде көрермендер өздерін тек бақылаушы ғана емес, әрекетке қатысушы ретінде сезінеді. Шапанды кие сала күлкісін тия алмаған, «түймесіз» рөлге кіре алмайтын, бір орында тұра алмаған, басқа қойылыммен шатастырған, жердегі қанды көріп жылай салған актерлердің әрекеттерінен ешкімнің Дон Кихот болғысы келмейтіні аңғарылады. Бұнымен Дон Кихот болудың ауыртпалығы мен машақатының ауыр екеніне көзіміз жетеді. Соңында шапанды Е.Нұрымбетке кигізу арқылы нағыз Дон Кихоттың кім екені анықталады. Алайда, ол да өз қалауымен емес, бұл көбінесе басына түсті, қабылдады дегенге көбірек саяды. Осы жерде төртінші қабырға тек бас кейіпкердің Санчомен алғашқы сахнасында ғана біртіндеп жабылғанын байқаймыз. Комедиялық тұс дәл осы Санчо Пансамен сахнада көрінеді. Бұл жерде актер нағыз Дон Кихотқа сай әрекет жасайды. Ол өзінің жиһангер екеніне сенеді. Әлемді жамандықтан құтқарып, әділеттілік орнататынына сенеді. Яғни, біз актер Е.Нұрымбеттің Дон Кихот боламын деген нақты шешімін көреміз. Жиһангердің өз идеалдарына адалдығы мен әлемді өзгертуге деген сенімі актердің шынайы күресі мен ішкі толғаныстарына айналады. Ержан Нұрымбет Дон Кихот болуға шешім қабылдағанда, оны жай ғана рөл ретінде емес, оның арманын, мақсаттарын, дүниетанымын өзінің жеке сенімімен үйлестіреді. Ол үшін Дон Кихот – бұл тек қиялдағы қаһарман емес, оны түсініп, шын жүректен қабылдаған актердің өзінің азаматтық ұстанымы, рухани күресі. Ал, Санчо Пансаның ақшаға деген көзқарасы оның шынайы дүниетанымын, реалистік ұстанымын көрсетеді. Ол оның айтқандарына сенбейді, бірақ ақша беремін дегенінде ғана келіседі. Себебі оның ар жағында отбасын асырау, ақша табу мақсаты бар. Сондықтан Санчо оның айтқанының бәрін істейді, ұстап келе жатқаны ат емес, есек екеніне де келіседі. Бұл ішкі айырмашылық сахнада қызықты диалогтар мен тартыстар тудырады, өйткені Санчоның өмірлік қажеттіліктері мен Дон Кихоттың арманшылдығы арасында үнемі тепе-теңдік сақталуға тиіс. Санчоның отбасына деген жауапкершілігі мен Дон Кихоттың әлемді өзгерту мақсатындағы сенімі арасындағы қарама-қайшылық қойылымның тереңділігін және комедиялық, философиялық элементтерін толықтыра түседі.  

«Кім Дон Кихот?» деген сұрақ әр күн сайын репетицияда сахналық ізденіс пен терең философиялық сұрақты ашты. Себебі спектакльге қатысқан ұжымның ешқайсысы аяғына дейін нақты Дон Кихот кім екенін білмеді. «Дон Кихоттың кім екені тек режиссерге ғана мәлім» болуы – актерлерге нақты жауап емес, ауқымды әрі терең ізденісті ұсынды. Бұл – оларды әрбір репетицияға 100% дайын болуға, ішкі мотивациямен жұмыс істеуге итермелеген шешім. Себебі олар қай сәтте, қай күні дәл сол шапан өздеріне киілуі мүмкін екенін білмеді.  

Сахнадағы тұманды атмосфера мен көтерілетін терезе-қабырға көрерменге реалистік емес, символикалық кеңістікке өткені туралы белгі береді. Бұл Дон Кихоттың әлеміне енуімізге жол ашады. Себебі оның көзіндегі әлем – бұлыңғыр, бірақ шынайы ниет пен   мақсатқа толы. Тұман – кейіпкердің де, көрерменнің де қабылдауына әсер ететін поэтикалық құрал. Яғни, бұл сахналық шешім – форма мен мазмұнның бірлігі. Ол көркем құрал ретінде ғана емес, түпкі идеяны жеткізуші символ. «Тұмандағы кірпі» – Юрий Норштейннің атақты анимациялық фильмі арқылы танымал нышан. Бұл образ жалғыздықты, белгісіздікті, қорқынышты, сонымен қатар балалықтың аңғалдығы мен тазалығын білдіреді. Режиссер осыны спектакльде қолдана отырып, бұл бейнені Дон Кихоттың ішкі әлемінің визуалды белгісіне айналдырады. «Тұмандағы кірпі» – Дон Кихоттың метафоралық сыңары. Ол –қорқыныш пен үміт арасындағы тартыс. Бұл – Дон Кихоттың ішкі күйінің тұманы. Тұман ол – жиһангердің алдындағы бұлыңғыр болашағы, белгісіздік, оның жалғыздығы әрі сенімі. Ол қорқады, бірақ артқа қайтпайды, тек алға итеруші күштің артынан ілеседі. Бұл бір жағынан үлкен сапарға шығудың алдындағы Дон Кихоттың ішкі жайын, үрейін де білдіреді. Сондықтан сахнадағы тұман – психологиялық кеңістік. Ол сенімі мен елестің ортасында қалғандай болады. Осы тұста актер мұны жеткізуде терең ізденістерге барған. Ол алда не боларын білмейді. Бірақ алға нық қадам жасайды. Өзін жоғалту арқылы өз жолын табады. Осы белгісіздік, осы бір тұман оның өзгерісінің алаңына айналады. Е.Нұрымбет осы процессті сахнада өте шебер түрде ашады. Көрерменнің Дон Кихотпен бірге әлемді зерттеуі – бұл оның өзін іздеуі, қайшылықтарды түсінуі және өзін қалыптастыру процесі. Ол бізді тек Дон Кихоттың артынан емес, сонымен қатар өзіміздің ішкі әлемімізбен бетпе-бет келуге мәжбүр етеді.  

Дон Кихоттың ұлы жиһангерлермен кездесуі немесе рұқсат алуы – оның әлемге деген көзқарасының ішкі қақтығысы мен күресінен хабар береді.  Жиһангер тұманнан шыққасын бұрынғы жоқ атты алып кел дейтін Дон Кихот емес, ол – өз-өзіне өте сенімді әрі ойы нақты. Ержан Нұрымбет осы сахнада ұлы адамдардың өміріндегі азаматтық істері мен жанды жерлерін  көрсеткенде, ол тек сол тұлғалардың қадір-қасиетін көрсету мақсатында әрекет етеді. Оның ойыны арқылы ұлыларға құрмет көрсетуі және олардың жеке қиыншылықтарын, ішкі қайшылықтарын, ішкі күрестерін көрсетуі – көрермен үшін үлкен мағынаға ие. Мұндағы басты мақсат – тұлғаларды жазғыру емес, керісінше, олардың тарихтағы маңызды орнын ұлықтау және еске алу. Қазақ қоғамының бүгінгі келбеті мен күрделілігі сахнада айқын көрсетіледі. Тарихтағы қателіктер, сол қателіктерден сабақ алмау және осы мәселенің қазір де өзектілігін жоғалтпағаны айқын аңғарылады. Сол дәуірдегі ауыр тағдырларды түсіну арқылы қоғамның қазіргі жай-күйіне көз жүгірту – өнердің ерекше құралдарының бірі. Бұл сахна қоғамдағы өзгерістерге қажеттілік пен өзгеруге деген жауапкершілікті көрсетеді. Спектакльдің осы бөлімі арқылы режиссер қоғамды ойлануға, өзін-өзі түзетуге және тарихтан сабақ алуға шақырады.

Әрине, осындай ауыр жүкті арқалап, ел алдына шығару – кез келген актер үшін үлкен жауапкершілік. Бұл тек актердің кәсіби шеберлігімен ғана емес, оның ішкі рухани әлемінің тереңдігімен байланысты. Ең бастысы, осындай қиын тақырыптар мен эмоциялық ауқымдағы рөлдерді орындау үшін актердің ішкі күш-қуаты мен дайындық деңгейі маңызды. Ержан Нұрымбет дәл осы мақсатты жүзеге асыра білді. Жылайды, кідіріс жасайды – бұл тек сахналық құрал емес, актердің кейіпкерінің жан дүниесіндегі күресті, оның ішкі қақтығыстарын ашу тәсілі. Өйткені Дон Кихоттың жолы ауыр, ол әлеммен күреседі, бірақ сол әлемнің ішкі шындығы мен өз-өзімен соғысын түсіну өте маңызды. Ол өз ішіндегі сенім мен күмәнді, күрес пен жеңіліс арасындағы тартысты сахнада дәл көрсетеді.

 Дон Кихоттың ішкі сенімі оның ең үлкен күшіне айналады. Ол ешбір кедергіні, ешбір қиындықты өз мақсатына жетуге кедергі ретінде қабылдамайды. Оның жиһангерлік сапары – бұл тек сыртқы әлемге емес, ең алдымен өзінің ішкі әлеміне жасалған сапар. Оның әрекетінің артында ақылдан адасу емес, рухани мұрагерлік пен азаматтық жауапкершілік жатыр. Оның «жолы» енді жеке емес, қоғамдық мәнге, ұлттық сипатқа ие. Яғни, бұл – жеке бастың емес, қоғамдық жауапкершіліктің жолы. Оның жолы – жеңісті жол емес, мағынасы бар жол. Не үшін? Себебі, бұл – өмірді өзгертуге талпынған, шындықты оятуға ұмтылған адамның жолы. Кім үшін? Ел үшін бе? Жоқ әлде өз ар-ожданы үшін бе? Дон Кихоттың сапары – сырт көзге ел үшін, әділет үшін секілді көрінгенімен, оның тереңінде бір адамның өзімен күресі жатыр. Ол шын мәнінде өз жүрегіндегі қорқынышымен, екіұдайлықпен, үнсіздікпен күреседі. Себебі қоғамда бәрі үнсіз қалған кезде, біреудің үн қатуы керек. Мүмкін ол ештеңені өзгерте алмайды. Бірақ ол «мен тырыстым» дей алады. Ол келешек ұрпақ үнсіз болмас үшін, ар-намыс өшіп кетпеуі үшін күреседі.

Мәйіттерді қазып алуға мәжбүр болған оны құр сүлдері қалған кейуанадан имендіретін неткен күш? Бұл сахнада Дон Кихоттың шын жанашыры, ең жақын адамы қартайса да, мысы басым Сүт ана (Айнұр Бермұхамбетова) екеніне көзіміз жетеді. Тек екі жақын адамның мақсаттары басқа. Оныкі - жібермеу, ал мұныкі - қайткен күнде де жолға шығу. Сүт ана – бұл сахнада жиһангердің жолға шықпауы үшін соңғы, ең берік қамал. Ол – Дон Кихоттың өткенін, тамырын, балалық шағын, ішкі жарасын білетін жалғыз жан. Сондықтан ол – тоқтатуға, кері бұруға ең әуелі хақысы бар адам. Ал, Дон Кихот үшін бұл – ішкі күрестің ең шешуші сәті. Бір жағында – анадай жақын жан, екінші жағында – елес пе, арман ба, әлде шындық па, әйтеуір алдындағы белгісіз сапар. Осы сахнада көрермен жиһангер болудың қандай ауыр екенін, оның отбасымен, өткенмен, тіпті жанындағы ең аяулы адаммен қоштасу екенін сезінеді. Бұл – режиссердің жиһангерлікке деген көзқарасын рухани серпіліс, жан дүниенің сергелдеңі екенін меңзейтін сәт.

Сүт ананың түйсікпен айтқан әр сөзі баласының тағдырын алдын ала сезіп отырған ана жүрегінің үкімі сияқты. Бұл жолдың тек сапар емес, құрбандыққа апарар жол екенін Сүт ана анық сезеді. Ол үшін бұл – баласының өмірі мен өз махаббатының соңғы сынағы. Дон Кихот енді – жай арман қуалаған адам емес, мұрат иесі, тарих пен ұрпақ алдындағы жауапкершілікті мойнына жүктеген кейіпкер. Көзсіз батыр емес, шындықтың салмағын арқалаған жиһангер. Қиялдың адамы емес, өз халқының өткенінен күш алған, болашағына жол ашуға бекінген тұлға. Жалғыз емес, артында үнсіз келісіммен қолдау білдірген аруақтар тұр. Сондықтан енді оның тоқтауға хақысы жоқ. Ол өзіне дейінгілердің өсиетін арқалап бара жатыр. Ол бұдан кейін жеке адам емес – бүтін ұлттың символы. Дон Кихот енді жолға шықпай қойса, ол өзінің ғана емес, өзінен бұрынғылардың аманатына қиянат жасағаны болады.

Шешуші сәтте Дон Кихот адамгершілік шекарасынан бас тартуына тура келеді.  Сүт ананың ең жанды жері –  аналық түйсік, қорғау, тоқтату. Оны жаралау арқылы бас кейіпкер өзі үшін ең қасиетті дүниеге қарсы шығуға мәжбүр болады. Дәл осы сахнада Сүт ананың биографиясының ашылуы оның Дон Кихотқа деген махаббаты мен қайғысының қайдан бастау алатынын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Ол – өз баласынан айырылған ана. Ал енді бас кейіпкердің жүрекке пышақ салғандай шешім қабылдауы Сүт ана үшін екінші мәрте перзентінен айырылғанындай көрінеді. Жиһангердің өзінің мақсат жолында шегінбейтін болмысы оны анасына қарсы келуге итермелейді, ал сол сәттегі ауыр сөздер – оның ең соңғы қаруы. Бірақ ол жүрекке бататын сөздерді айтқан сәтте-ақ өз сөзінің салмағын бірден сезінеді. «Мен не айтып қойдым?..» деген үнсіз өкініш, Сүт ананың жанарындағы шексіз мұң – бұл сахнада драмалық қақтығыстың шарықтау шегіне жеткенінің көрінісі. Ол анасының жанын жаралағанын түсінеді, бірақ бәрібір де артқа қайтпайды. Өйткені бұл – оның таңдауы емес, тағдыры. Сондықтан кейуана үнсіз жол берді, ал сол үнсіздік – ең ауыр жеңіліс еді. Дон Кихотқа жиһангерлікке шығудан гөрі жақын адамның қайғысын бетіне басуы ауырға соқты. Сондықтан да актер Е.Нұрымбет үшін спектакльдегі ең күрделі сахналардың бірі – осы Сүт анамен қоштасу сәті.   

Жел диірмендерімен күресу – Дон Кихот бейнесін ашатын ең символикалық әрі мәні терең сахна.

Испан драматургының оқиға желісіне режиссер қазақтың басындағы біршама мәселелерді жақсы тоғыстары білген. Қазақи мазмұн мен әлемдік классиканың осылай ұштасуы спектакльдің құндылығын арттырып тұр. Спектакльде жел диірмені жай ғана механикалық құрылғы емес, ол – белгі. Режиссер оны нақты «алыптар» деп көрсетіп, Дон Кихоттың елеске емес, нақты зұлымдыққа қарсы тұрғанын меңзейді. Оның шығармада «ақылға қонбайтын» істерді жасайтынын ескерсек, бұл әрекеті де бір қарағанда ақылға қонбайды. Алыптармен не үшін күресіп жатыр? Олар кімдер? Көрерменнің көбі осы жерді көргесін саяси астары бар деп топшылайды. Ел тағдырында елеулі орын алған тұлғалардың батасын, рұқсатын алған Дон Кихоттың олардан кем әрекет жасауына болмайды. Алып дегенге Ә.Өмірбекұлының гротеск тәсілін пайдаланып, шартты түрде оларды екі болмаса үш есе үлкен етіп көрсетеді. Бұл күрестің салмағы мен қиындығын көрермен ең алдымен жиһангердің емес, Санчоның кедергі жасауға талпынған бірнеше әрекетінен сезіне бастаған. Ал, Дон Кихот дәл осы сахнада өзінің ең биік мақсатын, өміріндегі ең маңызды миссиясын тапқан адам кейпінде көрінеді. Режиссер Дон Кихотты эпикалық кейіпкерге айналдырады. Иә, алғашқыда беделді адамдардың көңілін көтеру үшін сайқымазаққа айналған жиһангердің бейнесі – оның қоғам алдындағы орны мен көзқарасын әшкерелейді. Бірақ уақыт өте келе, ол өз жолының шын мәнін түсіне бастайды. Ол асықпай, бірақ нық қадаммен өз ақиқатын айтуға, өз шындығын жеткізуге тырысады. Бұл – оның трансформациясының, ішкі өзгерісінің айғағы. Ал, алыптардың көңілін көтеру мақсатында ит болып үрген сәт – Дон Кихоттың ішкі шекарасынан аттап, енді сайқымазақ емес, шын ашуын, шын наразылығын сыртқа шығара алған бетбұрыс кезеңі. Бұл – актердің бейне құрудағы шеберлігінің дәлелі. Көптен жиналған ыза мен әділетсіздікке деген қарсылықтың нышаны. Бастапқыда сабырмен жеткізгісі келген ойдың енді эмоцияға жеңілгенін көрсетеді. Және ең бастысы – кейіпкердің шынайы адам ретіндегі бейнесін айқындайды. Иә, дәл сол сахнада ел игілігін талан-таражға салған, өз билігі мен байлығына мастанып кеткен адамдар бейнесі ашық сынға ұшырайды. Дон Кихоттың эмоциясы арқылы режиссер халықтың ішкі ашуын, әлеуметтік әділетсіздікке деген үнсіз қарсылықты, биліктің бетіне тура айта алмай жүрген көптің жанайқайын жеткізеді. Ит болып үргені сайқымазақ емес, шындықты ашық айтудың жалғыз жолы болып танылады. Бұл сахнада «алыптар» деп бейнеленген адамдардың ішкі «әлемі», яғни қоғамнан жасырып келген шынайы болмыстары ашылады. Е.Нұрымбет сомдаған Дон Кихот – жалаң батыр емес, идея үшін, әділет үшін күреске шын сенетін жиһангер. Сол себепті де оның күресі көрерменге күлкі емес, рух береді, жігер сыйлайды. Бұл – актердің терең ішкі дайындығы мен бейнені шынайы игеруінің жемісі.   

Дон Кихот бір алыпты құлатты. Бірақ… Қалғандары оны тойған қарынмен тамашалап тұр. Қарқылдап күліп тұр. Бұл – жеңісті жоққа шығаратын, шындықтың ащы көрінісі. Жиһангердің күресі – жеке, жалғыз, әрі шынайы. Ал көпшілік үшін ол – тек қойылым, көрініс, күлкі. Бұл сахна арқылы режиссер қоғамның ең қатігез диагнозын қояды: біреудің күресі – басқалар үшін ойын. Біреудің жанын салған майданы – басқалар үшін тамаша спектакль. Дон Кихот жеңген жоқ. Ол шындықты түсінді. Ол үшін ең ауыр жүк – осы. Дәл солай. Олар үшін адам құндылық емес. Пианиноның астында жаншылып жатқаны – адам емес, олар үшін – жай ғана кезекті тосын оқиға, күлкілі эпизод. Бұл – қоғамның қатігездігі мен сауатсыз сезімсіздігін әшкерелейтін сәт. Иә, дәл солай. Парадокс та – осында.   

Осы жерде М.Сервантестің: «Әлдебір нәрсенің құпиясын анықтап білуге кейбіреулер соншалықты көп күш жұмсайды, ал ақыры анықтап білген кездерінде мұның ақыл-ойымыз үшін де, қаперіміз үшін де қара тырнақтай құндылығы жоғы мәлім боп шығады», деген ойы дөп түскенін көреміз. Бұған дейін жанын салып, сеніп, «бірдеңе өзгертемін» деген үмітпен жиһангерлікке аттанған Дон Кихоттың барлық іс-әрекеті еш нәтиже бермегенін, тіпті, қоғам оған мейіріммен емес, кекесінмен жауап бергенін ол толық сезінеді. Үстел басына отыра қалып, еш эмоциясыз, меңіреу кейіпте қалуы – оның рухани мүжілгенін, үмітінің сөніп, қоғаммен ішкі байланысының үзілгенін көрсетеді. Оның іштегі болып жатқан төңкерісіне алыптың «тірі» қалғаны да әсер етпейді. Бәрі – құр далбаса. Дон Кихот болу мүмкін емес... Дон Кихоттың барлық сенімі, барлық күресі, барлық жанайқайы босқа кеткендей көрінген кезде… Сол бір үнсіздікті, еңсені басқан ауырлықты әзіл ғана жарып өтеді.   Бұл – болмыстың ащы шындығын қабылдауға, құлазыған жүрекке дем беруге, жалғыздық пен түңілуді бір сәтке болсын тоқтатуға арналған мәжбүрлі жеңілдік. Көрермен күлсе де, көзіне жас келгенін өзі де аңғармай қалады. Себебі бұл – оның емес, әрқайсымыздың жеңілісіміз. Ержан Нұрымбеттің ойыны режиссер ұсынған форма арқылы жанайқайға айналған ішкі хаостың сахналық шарықтауын көрсетеді. Сондықтан бұл сәт – актердің эмоциялық диапазонының ең нәзік әрі күрделі тұсы, әрі көрерменге де Дон Кихоттың адамдық кемшілігі мен жан күйзелісін терең сездіруге мүмкіндік береді. Күлкі – бұл жерде сыртқы қабық қана, шын мәніндегі сезімдер жүк сияқты ауыр әрі күрделі. Е.Нұрымбет үшін бұл – тек техникалық дайындық емес, сонымен бірге ішкі дүниесін терең ойлап, сезініп, оны көрерменге шынайы жеткізу талабы. Бұл да – актердің үлкен кәсіби әрі рухани еңбегінің белгісі. Сен оны осындай қиыншылықпен жеңген сайын, кейіпкердің бейнесі одан сайын тұнып, көрерменге әсерлі болады. Бұл әзілдердің күлкі тудырмауы – режиссер мен драматургтің саналы таңдауы. Санчоның: «Түкте күлкілі емес» деуі – көрерменнің ішкі күйін дөп басатын, шым еткізер реплика. Әзіл – бұл сахнада шынайы эмоцияны жасыру құралы. Дон Кихоттың ішкі трагедиясы, босқа өткен жан кешті күресі, мақсаттарының күйреуі әзілдің астына жасырылған. Бірақ көрермен оны сезіп тұр. Сол себепті бұл «әзілдер» күлкілі емес, керісінше, жүрекке ащы тиюі тиіс. Осы сәт – спектакльдің ең ащы шегі. Трагедия күлкінің артында жасырынып тұрған кезде ауыр тиеді. Дон Кихоттың осы сахнасы арқылы қойылым біздің қоғамдағы ең үлкен қайшылық абсурд жағдайларды қозғайды.

Өмірден түңіліп отырған жиһангерге келген жиен қарындастарының «қалауларын» ол басында бірден жекіп, қойдырса, болмағасын қанша жыл жасырылған шындықтың бетін ашып береді. Өмірінде ол шығармадағыдай «есі ауысқан» емес. Қарындасының күйеуден таяқ жеп қайтыс болып, үш жиен қарындасын қыздарындай қарап, өсіріп-жеткізгенін аңғарамыз. Олардың айтқандары балалық болса да, анасының жолын қуғанын қаламағандықтан, дөрекілік танытқанын байқаймыз. Бұл сахнада Е.Нұрымбет қатал әрі қамқор аға ретінде танылады.    

Дон Кихоттың келесі сапары – ескерткіш орнатуы спектакльдің тағы бір маңызды тұсы. Бүгінгі күнде ненің ақ, ненің қара екенін, ненің шын, ненің өтірік екенін ажырата алмайтын уақыттағы өткір мәселені қозғайды. Ескерткіш салдыратын сахнада неге диктатор Ким Чен Ынның бейнесін салады? Оның астарында бүгінгі идеология мен бос фанатизмді, иллюзия мен саясатты сынау жатыр. Оны әзіл мен ирония арқылы көрсетеді. Дон Кихот сырға таққан жігітке немесе жасанды сұлулық іздеген адамдарға тиісу арқылы қазіргі қоғамдағы ақиқаттан алыстап, сыртқы жылтыр мен бетпердеге құмарту тенденциясын әшкерелейді. Оның миссиясы – адам санасын шайқап ояту еді, бірақ ұйқысы тым терең, құлағы тым бітелген қоғам оны естіген де, көрген де жоқ.

Е.Нұрымбет пен Нұркен Өтеуіловтің сахнадағы тандемі – спектакльдің тірегі. Олар бірін-бірі тыңдай біледі, сезінеді, жеткізеді. Бір сахнада Дон Кихот алға ұмтылса, Санчо оны тежейді. Бір сахнада Санчо күліп сөйлесе, Дон Кихот ішінен өртеніп тұрады. Осы қарама-қайшылықтар спектакльге тірі тыныс береді. Нұркен Өтеуілов Е.Нұрымбеттің Дон Кихотының ішкі күресін айқындай түсетін айна іспетті. Екеуі сахнада қосақталып, бір-бірінсіз толық болмайтындай әсер қалдырады. Бұл – екі тәжірибелі актердің кәсібилігі ғана емес, шығармашылық синергиясының дәлелі.

Е.Нұрымбет әндетіп отырған бесік жырын үзіп, қолындағы «баланы» жерге лақтырып: «Мен сенің жоқ екеніңді мойындаймын. Сен өлгенсің», - деуімен қойылымның негізгі идеясы ашылады. Дәл осы сәт – спектакльдің ең шарықтау шегі. Оның жорыққа шығуының нақты себебі, Дон Кихот болудағы мақсаты, спектакль барысындағы барлық әрекеттерінің артында баласының өлімін қабылдамауы жатыр. Сондықтан әлемдегі басқа әділетсіздіктермен күресуге бел буады. Жиһангер болу – өзін-өзі құтқарудың амалы. Оның барлық «соғыстары» – өзін кешірудің, жоғалтқанын қайта табудың амалдары. Иә, бұл – Сервантестің түпнұсқасында жоқ, бірақ режиссерлік интерпретация арқылы қосылған өте батыл шешім. Режиссер Дон Кихот бейнесіне терең психологиялық астар беріп, оны тек ақымақ қиялшыл емес, ішкі трагедияны еңсеруге тырысқан адам ретінде көрсетеді. Ол – ұлынан айырылған әке. Осы трагедиясы оның «күрескер» болуына итермелейді. Классикалық образға заманауи мазмұн беру, ұлттық менталитетпен сабақтастыру, көрерменге таныс әрі жүрекке жететін мотив арқылы спектакльдің әсерін күшейтеді. Бұл сахна – қойылымның эмоциялық кульминациясы әрі идеялық өзегі. Режиссер ұсынған қойылымның жалпы идеясы барлығына ортақ әрі бәрін бағындырып тұр. Себебі спектакль бойына Е.Нұрымбет сомдаған Дон Кихот – өз баласын қайтарумен, тірілтумен әлек болады. Ол – көзге көрінбейтін, бірақ оның әрбір қимылында, әр сөзінде, әр сапарында сезілетін ішкі күрес. Өзін әке ретінде ақтағысы келеді. Қарапайым шындықты қабылдаудан қашады. Яғни, «орнына келтірумен» айналысады. Ұлы тірі кезінде бірге оқыған жиһангерлік кітаптар, бірге сапарға шығамыз деп уәде беруі ғана оның тірі жүруіне азық дүниелер екеніне көзіміз жетеді. Бұл – оның негізгі миссиясы. Ол бұзылған тәртіпті қалпына келтіргісі келеді. Адасқан қоғамды тура жолға салғысы келеді. Ең бастысы – өлген баласының орнын толтырғысы келеді. Бірақ… Ол орнына келтіруге тырысқан әр нәрсе – шындығында орны толмайтын, қайтаруға келмейтін дүние. Осыдан барып Дон Кихоттың миссиясы – адамзаттық иллюзияға айналады. Сондықтан бұл спектакльде орнына келтіру әрекеті – трагедиялық масштабқа ие.  

Ұлының өлімін мойындауы – Дон Кихоттың ішкі төңкерісінің шарықтау шегі. Иә, сахнада Е.Нұрымбеттің өлімді тым сабырлы, тым тыныш қабылдауында терең мағына жатыр. Ол серігін жаңа жорық емес, ақтық сапарға шақырып тұр. Санчо да бұрынғыдай аңғал емес – ол Дон Кихоттың қайда бара жатқанын түсініп қалғандай, үнсіз, бірақ мойындап еріп барады. Сөйтіп, «Егерде» Дон Кихот ұлының өлімін басынан қабылдаған болса, ешқандай да Дон Кихот болмас еді деген ой қалыптасады. Ұлының қайғысы – Дон Кихоттың ішкі жан дүниесінің қозғаушы күші болса да, режиссер оның осы қайғыға қарамастан, өмірмен күресуді, әділет пен арманға адал болуды таңдауын көрсеткісі келген. Яғни, Дон Кихот – бұл тек жеке қайғы емес, ол – өмірдің өзі, адам болмысының күрескерлік сипаты. Дон Кихоттың жорықтары – елдің өз тағдыры үшін күресі, рухтың өлмейтін нышаны. Міне, сондықтан да бұл спектакль көрерменге терең ой салады, жүрекке жол табады. Тіпті Дон Кихот болу мүмкін емес болса да, әркім болуға ұмтылса, біреудің болмаса, біреудің қолынан келіп қалар?!

Иә, Ержан Нұрымбет Дон Кихоттың бейнесін тек бір кейіпкер ретінде ғана емес, елдің рухын оятатын, жеке трагедияны арқалап, соған қарамастан алға ұмтылатын күрескер ретінде өте шебер сомдады. Оның Дон Кихоты –нағыз өмірдің күрделі, қайшылықты кейіпкері болды. Ол жеңіле отырып жеңді, мүмкін еместі мүмкін етті. Ержан Нұрымбеттің Дон Кихоты – елдің жоғын жоқтап, болашағына үмітпен қараған азаматтың бейнесі. 

Сахнада жалғыз қалған Дон Кихот жиһангер болудан бас тартқан сәтте төбеден сылдырлап көп тиындар құлады. Жым-жырт тыныштық... Сол сәттен кейін тиындар сахнада сыңғырлаған сайын көрермен оны көрмесе де, сол үнсіздікті еститіндей әсер алады. Себебі енді бұл – тек образдық шешім емес, бір адамның балалық сағынышы мен шынайы шындығының белгісі. Міне, Дон Кихот осылайша бір адамның балалық естелігінен тұтас спектакльдің өзегіне айналды. Бұл – өнердің тылсым жолы.

Ләззат Қайратқызы,

Театртанушы, Өнертану ғылымдарының магистрі