Қазақстанда енді концерттер мен мәдени-бұқаралық іс-шараларда әншілер фонограмма қолданатын болса, бұл туралы көрерменге алдын ала хабарлау міндеттеледі, деп хабарлайды Malim.kz.
Жаңа талаптарды Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі 2026 жылғы 16 сәуірде бекітті. Ережелер 2 мамырдан бастап күшіне енеді.
Ұйымдастырушылар фонограмма қолданылатыны туралы ақпаратты билеттер сатылымы басталғанға дейін кемінде 30 күн бұрын жариялауы тиіс. Бұл мәлімет билбордтарда, билет кассаларында және бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнамаларда міндетті түрде көрсетілуі қажет.
Егер концерт туралы жарнама радио немесе теледидар арқылы таратылса, фонограмма жайлы ескерту роликтің басында немесе соңында кемінде 5 секунд бойы анық естілуі немесе көрсетілуі тиіс. Сонымен қатар ескерту дауысы негізгі жарнамадан бәсең болмауы керек және оны басқа дыбыстармен жабуға болмайды.
Ал ұзақтығы 15 секундтан қысқа жарнамаларда «Дауыстық фонограмма пайдаланылады» деген белгі міндетті түрде айтылып немесе жазылып көрсетілуі қажет.
Министрлік бұл өзгерістер көрермен құқығын қорғауға және өнерпаздардың ашықтығын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Енді тыңдармандар билет сатып аларда концерттің жанды дауыста өтетінін немесе фонограммамен орындалатынын алдын ала біле алады.