freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Сахнамен қоштасамын": Әнші Роза Рымбаева ел күтпеген шұғыл мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

Қоғам
"Сахнамен қоштасамын": Әнші Роза Рымбаева ел күтпеген шұғыл мәлімдеме жасады (ВИДЕО)
Ашық дереккөзден. Суретте: Роза Рымбаева

Қазақстанның Халық әртісі, танымал әнші Роза Рымбаева сахнадан кету туралы ойын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесі Qazaqstan ұлттық арнасындағы "1001 түн" бағдарламасында шығармашылық жолды дер кезінде аяқтаудың маңызды екенін жеткізді. Әншінің айтуынша, ол 50 жылдық шығармашылық кешінен кейін сахнамен қоштасуды жоспарлап жүр.

"Сахнадан уақытында кеткен дұрыс деп ойлаймын. Мен де 50 жылдық шығармашылық кешімнен кейін сахнамен қоштасуды жоспарлап жүрмін. Денсаулық сыр беріп, жас ұлғайғанда халық алдында жүруді дұрыс санамаймын. Уақытында кетсең, көрерменнің жадында жақсы бейнеңмен қаласың", – деді әнші. 

Бұған дейін Роза Рымбаева "Соңғы рет қашан жыладыңыз?" деген сұраққа шынайы жауап беріп, сезімін бүкпесіз жеткізген еді. Сондай-ақ ол өмірлік серігі Тасқын Оқаповты сағынышпен еске алып, жүрекжарды сөздер айтқан болатын.

Роза Рымбаева туралы

Роза Рымбаева – қазақ эстрадасындағы ең танымал әрі шоқтығы биік өнер иелерінің бірі. Әнші 1957 жылы Шығыс Қазақстан өңірінде дүниеге келген. Ол шығармашылық жолын 1975 жылы бастап, алғашқы жылдары "Гүлдер" ансамблінде, кейін "Арай" ансамблінде ән шырқады.

Роза Рымбаеваның өнер жолындағы маңызды белестердің бірі – 1977 жылы Болгарияда өткен "Алтын Орфей" халықаралық ән байқауында Гран-при жүлдесін жеңіп алуы. Оның орындауындағы "Әлия", "Атамекен", "Айгөлек", "Куә бол", "Гүлдене бер, туған жер" сияқты әндер қазақ музыкасының алтын қорына енді.

Ұзақ жылдық шығармашылық еңбегі үшін Роза Рымбаева көптеген мемлекеттік марапатқа ие болды. Ол "Парасат", "Құрмет", "Халықтар достығы" ордендерімен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығымен марапатталған. Халық арасында әнші "Қазақ примадоннасы", "Қазақстанның алтын дауысы", "Орта Азия бұлбұлы" деген атаулармен кеңінен танылған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу