freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

“Астана LRT-ның“ экс-басшысы Талғат Ардан әлі Қазақстанға экстрадицияланбаған

Құқық
“Астана LRT-ның“ экс-басшысы Талғат Ардан әлі Қазақстанға экстрадицияланбаған
Талғат Ардан. Фото: alrt.kz

Түркияда бір жыл бұрын ұсталған "Астана LRT" компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан әлі күнге дейін экстрадицияланған жоқ. Бұл туралы Tengrinews.kz-ке Қазақстанның Бас прокуратурасы хабарлаған. 

Қазақстанның Бас прокуратурасы халықаралық іздеуде жүрген Арданды экстрадициялау туралы өтінішті 2019 жылы жолдаған болатын. Содан бері Түркияның құзырлы органдары оны іздестірумен айналысқан.

2025 жылдың мамырында Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Астана LRT" экс-басшысы Талғат Арданның Антальяда ұсталғанын хабарлады.

2025 жылғы 9 мамырда Анталья соты Арданды Қазақстанға депортациялау туралы шешім қабылдады. Содан бері ол Түркияда қамауда отыр.

Былтыр тамызда Бас прокуратура елде сырттай сотталған Талғат Ардан әзірге Қазақстанға экстрадицияланбағанын хабарлады.

Бір жыл өткен соң Бас прокуратура не дейді?

Қадағалау органы мәліметінше, Талғат Ардан Түркияда ұсталғаннан кейін бір жыл өтсе де әлі Қазақстанға экстрадицияланбаған.

"Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанның Бас прокуратурасы (Арданды - ред. еск.) беру туралы сұрау салуды Түрік Республикасының Әділет министрлігіне жолдады. Бүгінде түрік тарапы бұл сұрау салу бойынша әлі шешім қабылдаған жоқ. Бұл ретте Қазақстан мен Түркия арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және адамдарды беру туралы келісімде оны қараудың нақты мерзімі көрсетілмеген. Сондықтан оны экстрадициялау туралы сұрау салу Түркияның ұлттық заңнамасына сәйкес қаралады", - делінген Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген Бас прокуратура жауабында.

Жауапқа сәйкес, Қазақстан мен Түркия арасындағы 1995 жылы қол қойылған келісімде мұндай өтінішті қараудың нақты мерзімі көрсетілмеген. Демек, ол бір жылдан кейін де, 10 жылдан кейін де қаралуы мүмкін.

Еске сала кетейік, 2023 жылғы мамырда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты LRT ісі бойынша айыпталушылар Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке қатысты сырттай үкім шығарған болатын. Олардың әрқайсысы бюджет қаражатын иемденіп, ысырап еткені үшін 7 жыл бас бостандығынан айырылды. 2024 жылғы қарашада Арданға жаңа үкім шықты – ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Екі үкімді біріктіру арқылы оған 9 жыл бас бостандығынан айырып, мемлекеттік қызметте лауазымдар атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалды.

Айта кетейік, кеше Астанада LRT 16-17 мамырда жолаушыларды тасымалдауға көшетінін жазғанбыз. 

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу