freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Дильназ ісі: отбасы айыпты ауырлатуды талап етті

Құқық
Дильназ ісі: отбасы айыпты ауырлатуды талап етті
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Абай облысында қаза тапқан Дильназдың ата-анасы қылмыстық істің саралануына келіспей, оны "аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру" бабы бойынша қарауды талап етті, деп Malim.kz тілшісі, НеМолчиKZ парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қоғамдық қор өкілдерінің жазуынша, өзін Дильназдың бұрынғы жігіті деп таныстырған А******-ға Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылған. Ал марқұмның ата-анасы мен қор өкілдері істі осы баптың 2-бөлігі 5-тармағы бойынша, яғни аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру ретінде саралау қажет деп есептейді.

Жарияланған мәліметке сәйкес, 12-сінен 13 шілдеге қараған түні Дильназ А******-мен кездескен. Ер адам өзімен бірге пышақ алып келген. Жанжал кезінде қыз оған шапалақпен ұрған, ол да жауап ретінде соққы жасаған. Кейін Дильназ кетіп бара жатқанда, ер адам оның соңынан жүгірген.

Қордың мәліметінше, күдікті Дильназдың мойнына пышақ сұғып, қыз жерге құлағаннан кейін де соққыларын жалғастырған. Сот-медициналық сараптама кезінде 12 пышақ жарақаты анықталғаны, олардың көбі арқа тұсына және мойынның артқы бөлігіне түскені айтылған.

Сондай-ақ жарияланымда қыздың басына белгісіз затпен соққы жасалғаны, кейін оны жол бойымен сүйреп апарғаны жазылған. Қор өкілдерінің айтуынша, Дильназ сол кезде әлі тірі болған және қарсылық көрсетуге тырысқан. Оны шамамен 32 метрге сүйреп апарғаны көрсетілген.

Бұдан кейін күдіктінің жедел жәрдем шақырмағаны және көмекке ешкімді шақырмағаны айтылады. Дильназ таңғы сағат алты шамасында табылған.

НеМолчиKZ мәліметінше, оқиғадан кейін күдікті қыздың телефонын бұталардың арасына жасырған, оның күртесін шешіп алған, өзінің киімдерін пакетке салып, шұңқырға тастаған.

Қор өкілдері тергеу кезінде күдіктіден "адам өлтірген сәтте не сезіндің?" деп сұралғанда, оның "алаңдаушылық пен мазасыздық'' деп жауап бергенін де жазды.

Жоғарғы соттың түсіндірмесіне сүйенген авторлар жәбірленушіге айрықша азап пен қиналыс әкелетін тәсілмен жасалған қылмыс аса қатыгездік белгісі ретінде қарастырылуы мүмкін екенін атап өтті. Мысалдардың бірі ретінде адамға өлім алдында көптеген жарақат салу көрсетілген.

Дильназдың отбасы мен қор өкілдері істің мән-жайын толық зерттеп, пышақ жарақаттарының салыну ретін саралауды сұрап отыр. Олар істі қайта тергеу немесе айыптау актісіндегі құқықтық саралауды өзгерту қажет деп санайды.

Жарияланымда Дильназдың отбасындағы жалғыз бала болғаны, жазғы демалыста әжесінің үйіне келгені де айтылған.

Сондай-ақ қор мәліметінше, сот отырысын ата-анасына алдын ала тиісті түрде хабарламай бастау жоспарланған. Ата-анасы бұған келіспегеннен кейін сот отырысы 18 қыркүйек сағат 09:30-ға ауыстырылған.

Бұған қоса, күдіктінің туыстары Дильназдың ата-анасына қатысты арыз түсіргені хабарланды. Онда марқұмның әкесінің БАҚ-қа жүгініп, жеке мәліметтерді таратқаны айтылған. Ал қор өкілдері Дильназдың әкесі істің объективті қаралуына қол жеткізу үшін БАҚ-қа жүгінуге мәжбүр болғанын жазды.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу