Аргентинада Димаш Құдайберген жанкүйерлері білім беру ұйымдарын қолдауға бағытталған жаңа қайырымдылық жобаны бастады, деп хабарлайды Malim.kz.
Бастаманың мақсаты – балаларға музыкамен айналысуға жағдай жасап, олардың шығармашылық қабілетін дамыту және түрлі елдердің мәдениетін таныту.
Жобаның алғашқы нысандарының бірі Мар-дель-Плата қаласындағы генерал Хосе де Сан-Мартин атындағы №5 бастауыш мектеп болды. Музыкалық аспаптарды табыстау үшін жанкүйерлер қауымдастығы 400 шақырымнан астам жол жүріп барған.
Іс-шара барысында оқушылар, ата-аналар мен мұғалімдерге арналған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Қонақтар өнерпаздың шығармашылық жолы туралы айтып, қатысушыларды Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрлерімен таныстырды. Сондай-ақ ұлттық киімдер мен ақпараттық материалдар ұсынылған тақырыптық көрме өтті.
Ең әсерлі сәттердің бірі – мектеп басшылығының музыкалық кабинетті Димаш Құдайбергеннің атымен атау туралы шешімі болды. Бұл ерекше жағдай саналады, өйткені Аргентинада білім беру мекемелеріне танымал тұлғалардың есімі көбіне олардың өмірден өткенінен кейін беріледі. Бұл шешім әншінің халықаралық мәдениетке қосқан үлесін мойындаудың белгісі ретінде қабылданды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба алдағы уақытта елдің басқа да мектептерінде жалғасын табады. Олардың пікірінше, музыка балаларды шабыттандырып қана қоймай, халықтар арасындағы мәдени байланысты нығайтады.
Игі бастама Аргентинадағы Димаш жанкүйерлері мен La Era Dimash қауымдастығының қолдауымен жүзеге асты. Кездесу соңында мектеп ұжымы қатысушыларға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.