ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 70 жылдық мерейтойына және Халықаралық би күніне арналған «Ел салтанаты» мерейтойлық концерті Орал қаласында жоғары деңгейде өтті.

Ару Ақжайық өнер ұжымын сағына күткендей, кеш аншлагпен өтіп, зал көрерменге лық толды. Өнерсүйер қауым ансамбльдің әрбір қойылымын ерекше ықыласпен қабылдап, концерт соңында ұзақ уақыт қол соғып, ризашылықтарын білдірді.

Мерейтойлық кеш бағдарламасында қазақтың ұлттық билерімен қатар, әлем халықтарының үздік хореографиялық би қойылымдары, атап айтқанда, орыс, ұйғыр, татар, кәріс, қытай, өзбек, тәжік, моңғол және тағы да басқа этностардың билері сахналанып, әр халықтың өзіндік мәдениеті мен салт-дәстүрінің көркем бейнесі көрермен назарына ұсынылды.

Кештің басты мақсаты - би өнері арқылы халықтар арасындағы достық пен мәдени байланысты нығайту, жас ұрпақтың эстетикалық талғамын қалыптастыра отырып отансүйгіштікке тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысындағы би ұжымдарымен шығармашылық тәжірибе алмасу.

Кеш соңында Батыс Қазақстан облысының әкімі Төреғалиев Нариманның атынан ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамбліне арнайы ықылас гүлі мен алғыс хат табысталды. Марапатты Батыс Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Мұсаев Медғат табыс етті.