Ерікті жастар айналасына көмек беруге әзір

5 желтоқсан –  «Халықаралық еріктілер» күні. Осы мерекелік датаны еліміздің жоғары оқу орындарындағы студент-волонтерлар ерекше атап өтті.

  • 05.12.2023

Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде оқитын студент-волонтерлар «Жақсылық жасап жарысайық» акциясына атсалысты. Бұл акция бір айға жоспарланған. Ауқымды шара барысында студенттер қарапайым халықтың әртүрлі мәселеге қатысты сауалдарын жинақтаса, оқытушы заңгерлер  сол сұрақтарға заңдық тұрғыдан жауап береді. Студенттер қажет болған жағдайда құзырлы органдарға азаматтар атанынан сауал жолдап, мәселесінің оң шешілуіне көмектеседі. Қазірдің өзінде еріктілер почтасына түсіп жатқан сауал көп.

Заң факультетіндегі кафедра меңгерушісі, профессор Гүлдана Қуаналиеваның айтуынша, халыққа көмектессем, айналама пайдалы іс жасасам деп талаптанатын студенттер өте көп.

– Біз акция туралы айтқанда шәкірттеріміз бірден қолдайтынын білдірді. Бұрын қаржы жинап, әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге көмек беретін болсақ, бұл жолы жастар өздерінің заңдық білімін сынап көргісі келді. Сөйтіп қарапайым азаматтардың, өзге факультеттерде оқитын студенттердің құқықтық сауалдарын жинасақ, оларға оқытушылармен бірге заңдық тұрғыдан бағыт-бағдар берсек деген ұсыныстарын айтты. Қазір әлеуметтік желідегі парақшаға түскен сауалдарға бірігіп жауап беріп, жол көрсетіп отырмыз, – дейді Гүлдана Қуаналиева.

ҚазҰУ еріктілері бұдан бөлек, кітап алмасу, жалғызбасты қарттарға көмектесу шараларынан да шет қалмайды.

Мұндай игі істер Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінде де ұйымдастырылды. Университеттің Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департаменті 4-10 желтоқсан аралығын «Еріктілер апталығы» деп белгілеп, көптеген қайырымдылық шараларына мұрындық болды. Ең алдымен еріктілер университеттен көмек сұраған қарт ананың үйіне арнайы барды. Қыстың суығына толық дайындалмаған кейуананың үйіне келген қыздар терезе жақтауларын бекітіп, үйді тазалап, көрпе-жастықтарын жинап берсе, ер балалар аула ішін сыпырып, артық заттар мен қоқыстарды сыртқа шығарып, қоршаудың сынған жерлерін бекітіп берді. Университет тарапынан берілген азық-түлік себеті қарт ананың көңілін одан сайын көтерді. Балалардың қамқорлығына риза болған кейуана алғысын жаудырып, ақ батасын берді.

Жалпы Абай атындағы университеттің ерікті студенттерінде жақын маңда тұратын көмекке мұқтаж қарттардың тізімі бар. Еріктілер осы тізімдегі қарияларға ауық-ауық хабарласып, жағдайларын сұрап, көмек қажет болғанда кезектесіп қолғабыс етіп тұрады. Мұндай шаралар жастарды еңбекке баулып, қайырымдылық, ізгілік жасауға деген құлшысын қалыптастырады.

Қайырымдылық шараларына тұрақты қатысып, ерікті ретінде қызметін жауаптылықпен атқарып жүрген жастарды марапаттаудың да маңызы зор.  Бұл талапты жастарды ынталандырумен қатар, еріктілердің сапын жаңа студенттермен толықтыруға ықпалын тигізеді. Сондықтан,  Абай атындағы университеттің Тәрбие, әлеуметтік жұмыс және жастар саясаты департаменті «Мейірім» клубының жұмысын жандандыруда белсенділік танытқан «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандығының 3 курс ерікті-студенттерін арнайы алғыс хатпен марапаттады. Бір курсқа жиналған кілең белсенді студент қарттарға қамқорлық жасап қоймай, мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті спорттық төсеніштер мен тренажерлерді сатып алуға қаржы жинап, қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Осылайша акция барысында жиналған қаражатқа «Татами» төсеніштері мен «Шагун» жаяу жүру тренажері сатып алынды. Тауарларды студент-еріктілер «ЕРЗИ» мүгедектерді әлеуметтік-оңалту орталығына салтанатты түрде табыстап келді.

Ал Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері «Ерікті болу – ерлікпен тең» ұранымен жұмыс істейді. Қыздар ұсынатын көмек те ерекше. Университет еріктілері инклюзивті білім беіп, қазақ тілі, ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылық, девиантты мінез-құлықты кәмелетке толмаған балалармен жұмыс, аула және спорт клубтарын ұйымдастыру, қарт адамдарға әлеуметтік көмек көрсету бағыттары бойынша қызмет көрсетеді.

Бұдан бөлек Қазақстанның кез келген жоғары оқу орындарында студенттердің еріктілер клубы тұрақты жұмыс істейді. Елімізде қайырымдылыққа құштар жастардың көптігі қуантады.

фото: ашық дерек көздерінен

Байланысты жаналықтар

«Жаңа Адамдар» су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін еріктілер орталықтарын ашады

12.04.2024

Қиын кезеңде халықты бірлікке шақырып, қолдау қажет

11.04.2024

Еріктілер Ақтөбедегі 50 үйдің 30-ын су тасқынынан құтқарып қалды

10.04.2024

Су тасқыны: Еріктілер Құлсары қаласындағы Жем өзенінің сағасына қап төсеп жатыр

08.04.2024

Су тасқыны: Құлсарыда зардап шеккендерді маңғыстаулық тұрғындар өз ауылдарына әкетіп жатыр

08.04.2024

Су тасқыны: Қостанайда мыңнан аса ерікті құтқарушыларға көмекке келді

07.04.2024
MalimBlocks
«Жаңа Адамдар» су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін еріктілер орталықтарын ашады

Бұл жерде тек киім-кешек, азық-түлік пен қажетті керек-жарақ жиналмайды.

Қиын кезеңде халықты бірлікке шақырып, қолдау қажет

Өз аудиториясын пайдаланып хайп жинауға емес, елді біріктіріп, көмек жинауға шақырып жатқан блогерлер барлық алғысқа лайық.

Еріктілер Ақтөбедегі 50 үйдің 30-ын су тасқынынан құтқарып қалды

Табиғи апат ел азаматтарын біріктірді.

Су тасқыны: Еріктілер Құлсары қаласындағы Жем өзенінің сағасына қап төсеп жатыр

Осы қап төсегеннің арқасында 5-ауыл су басудан аман қалды дейді тұрғындар.

Су тасқыны: Құлсарыда зардап шеккендерді маңғыстаулық тұрғындар өз ауылдарына әкетіп жатыр

Ерікті тұрғындар мектеп, мешіт және үйлерде оларға жататын орындары мен ас-суларын дайындап қойған.

Су тасқыны: Қостанайда мыңнан аса ерікті құтқарушыларға көмекке келді

Барлық күштер үлкен көпір арқылы болуы мүмкін тасқынды азайтудың алдын алып жатыр.