Саланы жетік білмеген журналист жиі қателеседі

Сот жұмысы – қоғам үнемі назарында ұстайтын, қызығушылықпен бақылайтын маңызды сала. Халықтың пікір-ұсынысын ескере отырып ақпарат таратын журналистердің бұл салаға қалам тербемегені аз.

  • 09.12.2023

Көпшілігі шулы істер бойынша сот отырыстарынан репортаж дайындап, ара-тұра судьялар қызметінен толымды материал ұсынып жатады. Дегенмен, сот қызметіне қатысты материалдарда қателіктер жиі орын алады. Заңды дұрыс қолданбау, құқықтық құжаттардың атын қате жазу, әлі сот үкімі шықпаған іске қатысты болжам жасау, қылмысы дәлелденбеген адамды алдын ала қылмыскер деу – журналистер тарапынан жиі орын алатын кемшілік. Сот саласына қатысты мақалалар сауатты жазылып, қоғамда орынсыз дүрбелең тумас үшін Жоғарғы Соттың бастамасымен журналистер үшін үнемі құқықтық сабақтар, тренингтер ұйымдастырылып тұрады. Мұндай шараларды ұйымдастыруда Фридрих-Эберт қорының көмегі көп.  1925 жылы құрылған бұл қор  халықтың құқықтық сауатын көтеруді, әлеуметтік жобаларды қолдауды мақсат етеді. Осы қормен 2016 жылдан бері тығыз бірлестікте жұмыс жүргізіп келе жатқан Жоғарғы Сот өңірдегі баспасөз хатшыларының ақпарат таратудағы біліктілігін көтеру, жергілікті журналистердің сот жұмысын насихаттаудағы қабілет-қарымын ұштау мақсатында көптеген игілікті шараға мұрындық болып келеді.

Мәселен жақында Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігі Фридрих Эберт атындағы қормен бірлесіп, Астана қаласы, Қостанай және Қарағанды облыстарындағы журналистер үшін «Сот талқылауын жариялау: процестік мәселелер» атты семинар өткізді. Семинар барасында сот саласын жазуға бейімделген журналистердің шеберлігін шыңдайтын көптеген мазмұнды дәрістер оқылды.

Қордың Астанадағы өкілдігінің басшысы Зәуреш Шутованың айтуынша, мұндай шаралар рейтинг көтеруге емес, халыққа шынайы ақпарат таратуға тырысатын журналистер тобын қалыптастыру үшін керек. Саланың тыныс-тіршілігімен танысқан журналист қателікке жол бермейді деген пікірде.

Жалпы сот саласына маманданған журналистер шоғырын қалыптастыруда Жоғарғы Соттың судьялары Елена Максюта мен Назгүл Рахметуллинаның еңбегі зор. Біреуі көп жылдар бойы азаматтық істерді қараған, екіншісі қылмыстық істерді қараудың қыр-сырын меңгерген мамандардың журналистерге үйретері баршылық. Судьялар 2 күн ішінде журналистерді құқық қолданудың тетіктері, процестік заңнама мен сот процесінің қыр-сырымен толық таныстырып, өз тәжірибелерінен мысал келтірді. Мәселен, спикерлер семинар барысында сот талқылауын талдап көрсетудің тәртібі, оның ішінде, жабық түрде өтетін сот процестерін жариялау кезінде журналистке нені білу керектігін, сотта қос тараптың бейнесін көрсету құқығын, кінәсіздік презумпциясы барысында қандай заңнама талаптарын ескеру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, журналист материалында құпия және дербес деректерді қолданудың қағидасын, сот процесінде журналистің мінез-құлқының этикалық нормаларын, сот шешімдерінен алынған ақпаратты дұрыс пайдалану туралы құқықтық кеңес берді.

Семинарда берілген ақпараттар журналистерге ұғынықты болу үшін практикалық кейстер қолға алынып, журналистер мен судьялар рөлдерін ауыстырып, сот процесін сахналады. Осылайша Жоғарғы Сот судьялары журналистер ретінде сот отырысына қатысса, семинарға қатысқан тілшілер қауымының бірі судья, екіншісі прокурор мен адвокат, қалғандары сот хатшысы, сот приставы, тараптар мен куәгерлер ретінде берілген ақпаратты қаншалықты меңгергендерін көрсетуге күш салды.

– Шындығында біз көп сөздерге жіті мән бере бермейміз. Мәселен, әкімшілік сот – қаулы, азаматтық сот – шешім, қылмыстық сот – үкім шығарады. Ал біз осы құжаттардың өзін алмастырып қолдана береміз. Сосын судьяға сот процесіне қатарласып сұрақ қойып, шақылдатып суретке түсіріп, куәгерлердің ар жақ, бер жағына шығып, сот залында жүгіріп жүреміз. Мұндай кезде журналист этикасы деген мүлде ойымызда болмайды. Тіпті, сот отырысына қатыстырмағаны үшін судьяларды сынайтынымыз да рас. Бұл жерде өзіне қатысты сот отырысына журналистердің қатысқанын қалау қос тараптың еркінде екенін ескеруіміз керек. Егер тараптардың бірі журналистерді сот отырысына қатыстырғысы келмесе, екінші тарап қанша қалап етіп тұрса да судьяның тілшілерді сот процесіне кіргізуге құқығы жоқ. Семинар барысында осы секілді талай құнды мәліметтерді білдік, – дейді UaqytNews.kz сайтының тілшісі Айша Құрманғали.

Семинар соңында журналистер спикерлерге түрлі сұрақтар қойып, толымды жауап алды.

«Мұндай семинарлар сот жұмысын жақыннан білуге, судьялар табиғатын дұрыс түсінуге мүмкіндік береді. Біз – журналистерге мейлінше ашықпыз. Заң шеңберінде көмек көрсетуге де әрқашан әзірміз. Бүгінгідей семинарлар сот қызметіне қатысты ақпараттардағы қателіктің алдын алуды көздейді. Журналистер – негізгі ақпарат таратушы. Олардың жазғанын жұрт шындық деп қабылдайды. Яғни, журналист өз білмеген ақпаратты тарату арқылы елді адастырады. Бүгінгі семинар төртінші билік иелеріне өз жауаптылығын сезіндіріп, сот жұмысын сауатты насихаттауға ықпал етеді деп сенеміз», – деді Жоғарғы Соттың бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысын үйлестіруше судья Елена Максюта.

Журналистер мен сот арасындағы байланысты нығайту, сот жұмысын жазатын тілшілер қатарын көбейту мақсатындағы келесі шаралар Астана қаласы мен Ақтау қаласында ұйымдастырылды. Бұл жолғы шараға Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесі, Фридрих Эберт атындағы Қордың өкілдігі және «Сот репортерлерінің гильдиясы» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болған еді. Сот-құқықтық тақырыпқа маманданған журналистерге арнап ұйымдастырылған «Сот репортерлерінің мектебі» атты семинар-тренингке облыстық соттың баспасөз хатшылары мен БАҚ-пен байланысты үйлестіруші судьялар да қатысты. 

Жалпы Жоғарғы Сот журналистермен қоян-қолтық жұмыс істеуге үнемі мән береді. Осы мақсатта кезінде «Сот репортерлерінің гильдиясы» қоғамдастық бірлестігімен өзара ынтымақтастыққа қол қойылғаны да есімізде. 

Меморандум шеңберінде бүгінге дейін талай ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Соның ішінде «Сот репортерларының гильдиясы» сот алаңына тартылған журналистерге құқықтық көмек беруде сот мамандарының қызметіне көп жүгінеді. Бұған қоса, Жоғарғы Сот гильдиямен бірлесіп жыл ішінде кәсіби қызметіндегі қателіктерге байланысты сот орбитасына тартылған журналистердің іс-әрекетін талдау, өзге журналистердің мұндай кемшіліктерге жол бермеуіне ықпал ету мақсатында түрлі шаралар өткізіп жүр.  

«Сот репортерлерінің мектебі» атты семинар-тренингте Жоғарғы Сот өкілдері сот отырыстарынан тікелей репортаж таратудың мән-жайына тоқталды. «Оқиға орнынан тікелей хабар таратуға бағытталғандықтан репортаж жанры автордың сот-құқықтық салаға қатысты білімінің болуын, заң терминологиясын жетік меңгеруін, сондай-ақ судьялар қолданатын процестік нормалардың мағынасын түсіндіруге қабылетінің болуын қажет етеді. Өкінішке орай кейбір журналистер заңды жақсы білгенмен, оны халыққа әдемілеп жеткізе алмайды, Ал керісінше жақсы, жатық сөйлейтіндер заңды білмегендіктен материалдың құнын түсіріп алады» деген Елена Максюта сот саласына қатысты ақпаратқа қол жеткізу заңнамасы, сот ісін жүргізудегі жариялылық қағидаты, ақпаратқа қол жеткізуді шектеудің заңнамалық негіздері туралы пікірімен бөлісті.

Шара барысында облыстық соттардың БАҚ-пен байланысты үйлестіруші судьялары «Журналистің кәсіби құқығы мен міндеті», «Ақпаратқа қол жеткізу құқығы: бұл құқықты бұзу бойынша қорғау тәсілдері мен жауаптылық», «Заңнаманы бұзған БАҚ өкілдерінің жауаптылығы туралы азаматтық сот практикасы», «Кәсіби қызметтегі дербес деректерді қолдану мен өңдеу», «Азаматтар суретін пайдалану құқығы туралы нормалар», «Кәсіби қызметін атқарған журналисті қорғау мен оның қауіпсіздігі» тақырыптары бойынша заңнамаларға тоқталып, сот тәжірибесінен мысалдар келтірді.

Бұл жиындар журналистердің сот саласын сапалы жазуға үйретіп қана қоймай, осы сала бойынша білімі мен біліктілігін көтеруге зор ықпалын тигізді. Әсіресе, Жоғарғы Сот судьясы Назгүл Рахметуллинаның әлеуметтік желілердегі жұмыс, азаматтар құқығын бұзбай сауатты пікір білдіру мәдениеті туралы айтқаны, Айдос Садуақасовтың ақпаратқа қолжетімділік, сот залында өзін-өзі ұстау әдебіне қатысты пікірі көпшілікке ой салғаны рас. 

Жиын соңында спикерлер журналистер тарапынан қойылған «Журналист соттың шешіміне немесе үкіміне әсер ете ала ма», «БАҚ өкілінің сот процесіне қатысушыны фотоға түсіруіне бола ма?», «Журналист айыпталушының кінәсіздік презумпциясын сақтауға міндетті ме?», «Журналист сотқа қатысушыларға сұрақ қоя ала ма?»  деген сұрақтарына нақты жауап берді.

Мұндай ашықтық, достық рәуішінде өткен жиындардың салалық журналистер сапын толықтыруға көмегі көп. Сондықтан, сот туралы ақпараттардың сапалы, сауатты жазылуына жанашырлық танытып, отандық журналистердің біліктілігін көтеруге үнемі мән беріп келе жатқан Жоғарғы Соттың бастамасын өзге құзырлы органдар да назарында ұстаса дейміз.

Байланысты жаналықтар

Бишімбаев соттағы соңғы сөзінде Геббельстің цитатасын келтірді

06.05.2024

Бишімбаев пен Байжанов соттағы соңғы сөзін сөйледі

06.05.2024

Қазақстан тергеу изоляторында отырған бір күдікті үшін айына 750 мың теңге жұмсайды

04.05.2024

Қуандық Бишімбаевтың соты жалғасып жатыр (ТІКЕЛЕЙ ТРАНСЛЯЦИЯ)

04.05.2024

Павлодар облысында шенеуніктер 89 млн теңгеден астам қаржыны жымқырған

04.05.2024

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы заңгерінің өліміне қатысты іс қайта қаралады

04.05.2024
MalimBlocks
Бишімбаев соттағы соңғы сөзінде Геббельстің цитатасын келтірді

Салтанаттың және өзінің туған-туыстарынан кешірім сұрады.

Бишімбаев пен Байжанов соттағы соңғы сөзін сөйледі

Еске салсақ, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа 2023 жылдың 9 қарашасында әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айып тағылған. 

Қазақстан тергеу изоляторында отырған бір күдікті үшін айына 750 мың теңге жұмсайды

Қазір үй қамақтағы күдіктілерге электронды білезік қолдану тәжірибесі көбейіп келеді.

Қуандық Бишімбаевтың соты жалғасып жатыр (ТІКЕЛЕЙ ТРАНСЛЯЦИЯ)

Сотта жәбірленушілердің қорғаушылары сөйлеп жатыр.

Павлодар облысында шенеуніктер 89 млн теңгеден астам қаржыны жымқырған

Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, құжаттамалық және заттай дәлелдемелермен, сондай-ақ сараптамалық қорытындылармен дәлелденген.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы заңгерінің өліміне қатысты іс қайта қаралады

Бұл туралы Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім етті.