Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап несие беру талаптары күшейеді. Енді банктер азаматтардың төлем қабілетін тек ресми табыс арқылы бағалайды. Сондықтан табысын ресми түрде растай алмайтындар несие мен бөліп төлеуді рәсімдеуде қиындықтарға тап болуы мүмкін. Бұл туралы Malim.kz хабарлайды.
Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың айтуынша, қаржы ұйымдары енді азаматтың төлем қабілетін анкета немесе ауызша мәліметтер арқылы емес, тек мемлекеттік дерекқорлар негізінде бағалайды.
"Мұндағы ең маңызды мәселе расталған табыстың болуы. Банктер адамның жұмыс істейтінін немесе істемейтінін емес, тек ресми табыс көздерін есепке алады. Негізгі сөз – ресми", – дейді сарапшы.
Қандай табыстар заңды әрі расталған болып есептеледі?
Жүйе мынадай табыстарды ескереді:
ресми жалақы;
зейнетақы жарналары;
міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аударымдары;
жеке кәсіпкердің (ЖК) ресми кірістері;
құжатпен расталған өзге де табыстар.
Егер азамат туралы осы мәліметтер мемлекеттік базада болса, скоринг жүйесі оның жұмыспен қамтылғанын және төлем қабілетті екенін анықтайды. Ал ресми із қалдырмаған табыс көздері есепке алынбайды.
Кімдерге несие алу қиындайды?
Жаңа талаптар ең алдымен:
еңбекақысын қолма-қол алатындарға;
табысын тек жеке аударымдар (P2P) арқылы қабылдайтындарға;
ресми тіркелмей жұмыс істейтіндерге;
табысын декларацияламайтын кәсіпкерлерге әсер етеді.
Егер соңғы айларда ресми түрде тіркелген тұрақты кіріс болмаса, жүйе мұндай азаматты "расталмаған табысы бар тұлға" ретінде бағалайды.
Бөліп төлеу рәсімдеу де қиындайды
Бұрын дүкендерде смартфон, тұрмыстық техника сияқты тауарларды бөліп төлеуге бірнеше минутта рәсімдеуге болатын. Кей жағдайда банк клиенттің картадағы ақша айналымын немесе аударымдарын да ескеретін.
1 шілдеден бастап банктер жеке тұлғалар арасындағы қарапайым аударымдарды ресми табыс ретінде қабылдай алмайды. Сондықтан тек аударым арқылы табыс табатын азаматтарға бөліп төлеу рәсімдеу қиындайды.
Қарыз жүктемесіне қойылатын талап күшейеді
Жаңа ереже бойынша банктер азаматтың қарыздық жүктемесін қатаң есептейді. Егер адамның барлық несиелері бойынша ай сайынғы төлемдері оның ресми табысының 50 пайызынан асып кетсе, онда:
жаңа несиеге;
автонесиеге;
ипотекаға;
бөліп төлеуге
өтінім автоматты түрде мақұлданбауы мүмкін.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда несие алу үшін азаматтың ресми табысы міндетті түрде көрініп тұруы қажет. Зейнетақы жарналары, МӘМС аударымдары және басқа да ресми төлемдер несие қабілеттілігін бағалаудың негізгі көрсеткіштеріне айналады. Ал тек қолма-қол ақша немесе жеке аударымдар арқылы табыс табатын азаматтар үшін несие мен бөліп төлеу рәсімдеу әлдеқайда күрделі болады.