Malim.kz
Әлем

10 жасар тәжік баласын айуандықпен өлтірген жасөспірім неше жылға сотталады?

Қайсар Қанат
ашық дереккөзден

Мәскеу маңындағы Одинцово ауданында мектепке шабуыл жасаған жасөспірімге қосымша айыптар тағылуы ықтимал. Алайда оның жасы ескерілетіндіктен, нақты тағайындалатын жаза мерзімі он жылдан аспауы мүмкін. Бұл туралы адвокат Вадим Багатурия журналистермен әңгімесінде айтты, деп хабарлайды Malim.kz. 

Қазіргі таңда тергеу органдары "Адам өлтіру" және "Адам өлтіруге оқталу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғаған. Дегенмен адвокаттың айтуынша, егер кепілге адам алу және қолдан жасалған жарылғыш зат дайындау деректері расталса, айыптау баптары кеңейтілуі мүмкін.

"Қылмыстан кейін жасөспірім күзетшіге шабуыл жасап қана қоймай, бір адамды кепілге алғаны айтылды. Бұл – қосымша бап. Ал егер жарылғыш құрылғы жасағаны дәлелденсе, жарылғыш заттарды заңсыз айналымға енгізу бойынша тағы бір бап қосылады", – деп түсіндірді Багатурия.

Соған қарамастан, адвокат кәмелет жасына толмағанын ескере отырып, сот жаза мерзімін тоғыз-он жылдан асырмайды деп есептейді.

"Ол әлі жасөспірім болғандықтан, он жылдан артық жаза берілмейді. Қандай да бір жеңілдететін мән-жайлар табылуы мүмкін", – деді ол.

Сондай-ақ адвокат егер жасөспірім есі дұрыс емес деп танылса, оны мәжбүрлі емдеуге жіберіп, кейін босатуы да мүмкін екенін атап өтті. Күдіктінің әрекетіне соңғы құқықтық баға мен жаза көлемін сот істегі барлық дәлелдер негізінде анықтайды.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары