Әнші Мадина Сәдуақасова туған күніне алған сыйлықтарының бірін көрсетіп, неке жүзігіне қатысты қызықты жайтты бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесінің айтуынша, жұбайы Олжас Смағұлов оған жаңа неке жүзігін сыйлаған. Әнші бұған дейінгі сақинасын шамамен 10 жыл бұрын жоғалтып алғанын да жасырмады.
"Күйеуім Олжас неке жүзігін сыйлады. Көбі менен неліктен неке сақинасын тақпайтынымды сұрайды. Мен оны 10 жыл бұрын жоғалтып алғам. Күйеуім қайта сыйлап отыр. Алайда саусақ өлшемін дұрыс таппаған, неке жүзігі үлкен болып тұр. Енді тағы да алып беретін болды", – деді Мадина Сәдуақасова.
Осылайша әнші ұзақ уақыт бойы неке жүзігін не себепті тақпай жүргенін түсіндірді.
Айта кетейік, биыл 47 жасқа толған Мадина Сәдуақасова Олжас Смағұловпен 2014 жылдан бері некеде.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мадина Сәдуақасова Тұрсын мен Баян Алагөзовтердің кенже қыздарының тұсаукесеріне қатысып, қуанышын әлеуметтік желіде бөліскен.
Мадина Сәдуақасова кім?
Мадина Сәдуақасова – қазақстандық эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1979 жылғы 8 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Балалық шағы Қызылордада өтіп, сол жерде музыкаға қызығушылығы қалыптасқан. Кейін кәсіби музыкалық білім алып, өнер жолын таңдады.
Әнші көпшілікке 1999 жылы өткен республикалық "Жас қанат" байқауынан кейін кеңінен таныла бастады. Байқауда бас жүлдені иеленуі оның үлкен сахнадағы шығармашылық жолына серпін берді. Кейін Мадина Сәдуақасова қазақ эстрадасындағы танымал орындаушылардың біріне айналып, бірнеше әні тыңдарман арасында кең тарады.
Өнер иесі шығармашылығында лирикалық және эстрадалық әндерге басымдық береді. Ұзақ жылдар бойы сахнада өнер көрсетіп келе жатқан әнші түрлі концерттер мен музыкалық жобаларға қатысып, жеке шығармашылық кештерін де өткізді. 2011 жылы оған "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы берілді.
Мадина Сәдуақасова жеке өмірі туралы да ара-тұра әлеуметтік желіде бөлісіп отырады. Ол Олжас Смағұловпен 2014 жылдан бері некеде. Ерлі-зайыптылардың Әнуар есімді ұлы бар. Әншінің Instagram парақшасында шығармашылығымен қатар отбасы, күнделікті өмірі мен сапарларына қатысты жазбалар да жиі жарияланады.