Malim.kz
Әлем

125 тонналық тепловозды тісімен сүйреді: Дағыстандық спортшы жаңа рекорд орнатты

• Мадияр Қапанбек
Фото: Дағыстан спорт министрлігі

Ресейдің Дағыстан Республикасында ерекше күш иесі Омар Ханапиев салмағы 125 тонна болатын тепловозды тісімен 15 метрге сүйреп, өзінің бұрынғы рекордын жаңартты. Бұл оның 68-ші әлемдік рекорды екені хабарланды, деп жазады Malim.kz.

Ерекше сынақ Дағыстан астанасы Махачкала қаласында өтті. Спортшы ауыр теміржол техникасын арнайы тәсілмен тісі арқылы тартып, белгіленген қашықтыққа жылжытқан. Дағыстанның Спорт министрлігі Омар Ханапиевтің жетістігі туралы ресми Telegram арнасында мәлімдеді.

"Гиннестің рекордтар кітабына енген аты аңызға айналған дағыстандық күш иесі тағы да өзінің мүмкіндіктерімен таңғалдырды. Бұл жолы ол салмағы 125 тонна болатын тепловозды тісімен 15 метр қашықтыққа сүйреді", – делінген ведомство хабарламасында.

Омар Ханапиев осыған ұқсас сынақты алғаш рет 2000 жылы орындаған. Ол кезде спортшы салмағы 120 тонна болатын тепловозды тісімен жеті метрге сүйреген еді. Араға 26 жыл салып, Ханапиев бұрынғы нәтижесін жақсартты. Бұл жолы тепловоздың салмағы бес тоннаға артып, оны сүйреген қашықтық та екі еседен астам ұлғайған.

Дағыстан Спорт министрлігінің мәліметінше, жаңа жетістік спортшының 68-ші әлемдік рекорды ретінде тіркелген. Алайда Омар Ханапиев мұнымен тоқтап қалуды жоспарлап отырған жоқ.

Спортшы 2026 жылдың соңына дейін бұдан да күрделі сынақты орындауды мақсат еткен. Ол Махачкала теңіз портында салмағы 5 мың тонна болатын кемені тісімен сүйреп көрмек. Егер жоспары жүзеге асса, бұл оның ауыр техника мен ірі нысандарды жылжытуға қатысты кезекті жетістігі болмақ.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары