Malim.kz
Әлем

13 адам қаза тапты: Ресей әскері Киевке жаппай шабуыл жасады

Айбын Атабай
Фото: Киев қаласы Төтенше жағдайлар қызметі

Ресей әскері түнде Украинаға жаппай зымыран-дрон соққысын жасады. Киевте тұрғын үйлер, мектеп пен балалар ауруханасы зақымданып, ондаған адам қаза тауып, жараланды, деп хабарлайды Malim.kz.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәлімдеуінше, шабуыл кезінде Ресей әскері баллистикалық және қанатты зымырандардың бірнеше түрін, сондай-ақ шабуылдаушы дрондарды қолданған.

Соққылар Киев қаласы мен Киев, Одесса және Чернигов облыстарына жасалған.

Кейінгі мәлімет бойынша, Киевте 12 адам, ал Киев облысында тағы бір адам қаза тапқан. 40-қа жуық адам жараланған.

«Киевте тұрғын үйлер, соның ішінде жоғарғы қабаттары қираған көпқабатты үй, сондай-ақ балалар ауруханасы мен мектеп зақымданды. Авариялық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр», – деді Владимир Зеленский.

Одесса облысында дрондар Молдова шекарасындағы өткізу пунктіне шабуыл жасаған. Ал Чернигов облысында газ инфрақұрылымына зақым келген.

Шабуылдан кейін Украина президенті серіктес мемлекеттерді Киевке әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін жеткізуді күшейтуге шақырды.

«Пэтриоттарға арналған ұстағыш зымырандар әзірше толықтырылмай отыр, ал олар күн сайын қажет. Әрбір қосымша зымыран халқымыздың өмірін сақтап қалады», – деп жазды Зеленский.

Ресей аумағындағы нысандарға да шабуыл жасалды

20 тамызға қараған түні және таңертең Ресейдің Татарстаны мен Краснодар өлкесіне де дрондар шабуыл жасағаны туралы ақпарат тарады.

Нижнекамск қаласының мэрі Радмир Беляев қалаға жаппай дрон шабуылы жасалғанын және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері жұмыс істегенін хабарлады.

Украиналық мониторинг арналары шабуылдың ықтимал нысанасы ретінде «ТАНЕКО» мұнай өңдеу кешенін атады. Бұл ақпарат әзірге тәуелсіз түрде расталған жоқ.

Краснодар өлкесінде де дрондар шабуылы болғаны хабарланды. Алдын ала мәлімет бойынша, «Тамань» қосалқы станциясы мен «Таманьгазнефть» мұнай терминалы нысанаға алынуы мүмкін.

Сонымен қатар украиналық дереккөздер таратқан спутниктік мәліметтерде Приморско-Ахтарск маңындағы әскери аэродром аумағында өрт болғаны көрсетілген.

Ресей мен Украина тараптарының шабуылдарға қатысты мәлімдемелері бір-бірінен ерекшеленеді. Оқиғалардың барлық мән-жайы мен келтірілген залал туралы ақпарат нақтыланып жатыр.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары