Malim.kz
Әлем

14 секундтық видео желіні шулатты: аспаннан жылан жауған ба?

• Алуа Әшірбекова
Фото: видеодан скриншот \ ЖИ арқылы өңделген

Әлеуметтік желіде аспаннан ондаған жылан құлап жатқандай көрінетін видео тарады. 14 секундтық роликтің бір жарияланымы 6 миллионға жуық қаралым жинаған, деп хабарлайды Malim.kz.

Видеода әйел жүгіріп бара жатып өзін телефонға түсіреді. Аулаға аспаннан жыланға ұқсайтын денелер бірінен соң бірі құлап жатқандай көрінеді. Әйел үсті-үстіне түсіп жатқанын айтады. Бір сәтте камера жерге қарай бұрылып, жыланның ашылған аузы кадрдың көп бөлігін алып қалады.

Ролик 11 қарашада X желісінде кең тараған. Tayqan мамандары оны бөліскен екі жазбаның бірі шамамен 2 миллион, екіншісі 6 миллионға жуық қаралым жинағанын тіркеді. Алайда видеоны кадрлап қарағанда бір оғаш жайт байқалған. Жыланға ұқсайтын кей денелер құлап келе жатып ауада бүйірге қарай сырғиды.

Фактчекерлер үзіндінің бұрын қайда жарияланғанын іздеген. Tayqan дәл осы 14 секундтық роликтің 18 маусымда хинди тіліндегі сипаттамамен тараған нұсқасын тапты. Ал Rumor Scanner мамандары одан да ертерек, 12 наурызда "Juvenildo Official" Facebook парақшасында жарияланған толық видеоны анықтаған. Сол нұсқада аспаннан жылан құлаған көрініс кейіпкердің түсі болып шығады. Жазбаға әзіл екенін білдіретін #comedy белгісі қойылған.

Қарашада әлеуметтік желі қолданушылары бұл көріністі Газа секторында болған оқиға деп таратқан. Кей жазбада жыландарды Израиль әдейі тастады деген де мәлімдеме айтылған. Фактчекерлер екі мәлімдеменің де жалған екенін анықтады. Газада "жылан жауды" деген ролик – жасанды интеллект көмегімен жасалған әзіл видеосының үзіндісі.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары