Украинаға қолдау көрсетуге 15 мемлекет бірден міндеттеме алды. Бұл туралы елдің премьер-министрі Денис Шмыгаль мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, серіктес елдер қару-жарақ, оқ-дәрі, дрондар мен әуе қорғанысы жүйелерін жеткізуге және оларды қаржыландыруға дайын.
Ең ірі көмекті Германия мен Норвегия ұсынды. Ал Ұлыбритания Ресейдің бұғатталған активтерін пайдалана отырып, Украина әуе кеңістігін қорғау мүмкіндігін арттыруды көздеп отыр.
Бірқатар елдер дрондар мен артиллериялық оқ-дәрілерге басымдық бермек.
Ресми Киев бұл көмектер елдің қорғаныс қабілетін нығайтып, майдандағы жағдайға тікелей әсер ететінін атап өтті.
Атап айтқанда:
- Германия 2026 жылы әскери қолдау үшін 11,5 млрд еуро бөледі
- Ұлыбритания Ресейдің бұғатталған активтері, өз бюджеті және серіктестер қаражаты есебінен Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғанысын күшейтуге 600 млн фунт стерлинг бағыттайды
- Канада дрондарға қосымша 30 млн канадалық доллар береді
- Нидерланды ұшқышсыз ұшу аппараттарына 700 млн еуро бөлуді уәде етті
- Черногория, Дания және Жаңа Зеландия PURL бастамасына жарна аударады. Бұл бастама НАТО одақтастарына АҚШ-тан Украина үшін қару сатып алуға мүмкіндік береді
- Эстония IT-коалиция аясында 9 млн еуро көлемінде үлес қосады
- Литва 2026 жылы әскери қолдауға 200 млн еуродан астам қаржы бөледі, ал Латвия көмекті ЖІӨ-нің кемінде 0,25 пайызы деңгейінде, шамамен 110 млн еуро көлемінде жалғастырады
- Люксембург Украинаға 100 млн еуро, сондай-ақ PURL аясында 15 млн доллар береді
- Норвегия жалпы әскери көмекті шамамен 7 млрд доллар көлемінде көрсетеді
- Португалия дрондарға 10 млн еуро бөледі
- Польша 155 мм артиллериялық снарядтар жеткізеді, ал Чехия 760 мың артиллериялық оқ-дәрі жеткізуді қаржыландырады