Бүгін ақпарат кеңістігінде eGov жүйесі бұзылып, Қазақстанның 15 миллион азаматына тиесілі деректер тарады деген ақпарат тарады. Алайда бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Уәкілетті органдармен бірлесіп жүргізілген техникалық тексеру нәтижесінде eGov ақпараттық жүйелерінің бұзылмағаны анықталды.
Сонымен қатар, darknet желісінде сатылымға шығарылған файлдарға талдау жасалды. Зерттеу барысында олардың әртүрлі белгісіз файлдар мен суреттердің жиынтығы екені белгілі болды. Аталған материалдар eGov жүйесінен алынған деректер базасының көшірмесі емес.
Мұны растайтын бірнеше факті бар. Атап айтқанда, darknet-те жарияланған деректер массивінің көлемі мен мазмұны өзара сәйкес келмейді. Бұдан бөлек, eGov жүйелерінде хабарландыру авторы мәлімдегендей, паспорттардың скан-көшірмелері сақталатын база жоқ. Цифрлық құжаттар мүлдем басқа технологиялық тәсілмен қалыптастырылып, сақталады.
Осыған байланысты ресми түрде тағы да мәлімдейміз: eGov жүйесі бұзылған жоқ. Қазақстанның 15 миллион азаматының деректері eGov жүйелерінен алынды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, - деп хабарлады министрлік.
Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпараттық ресурстар өкілдерін ақпарат тарату кезінде жауапкершілік танытуға шақырамыз. Darknet-тегі анонимді хабарландырудың болуы өздігінен ақпараттық жүйенің бұзылғанын немесе дербес деректердің тарағанын дәлелдемейді.
Миллиондаған азаматтың дербес деректері туралы сөз болған жағдайда, мұндай мәліметтерді факт ретінде жарияламас бұрын, олардың шынайылығын жан-жақты тексеру маңызды.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда 15 миллион адамның жеке дерегі даркнетте сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат тарады.