Malim.kz
Қоғам

17 тамызда ауа райы күрт бұзылады: Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланды

Мадияр Қапанбек
Жаңбыр. Көрнекі фото: pexels.com

"Қазгидромет" 17 тамызға Қазақстан бойынша дауылды ескерту жариялады. Синоптиктер Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және еліміздің 17 облысында қауіпті ауа райы құбылыстары күтілетінін ескертті, деп хабарлайды Malim.kz.

Болжам бойынша, бірқатар өңірде найзағай ойнап, бұршақ жауады және дауыл тұрады. Кей жерлерде желдің екпіні 28 м/с-қа дейін күшейеді. Ал оңтүстік пен батыстың жекелеген аймақтарында аптап ыстық пен төтенше өрт қаупі сақталады.

Астанада күндіз желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Қалада өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталады.

Ақмола облысында түнде шығыста жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз батыс пен солтүстікте жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болжанған. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетуі мүмкін. Көкшетауда да күндіз жаңбыр мен найзағай күтіледі.

Алматыда ауа температурасы күндіз +35 градусқа дейін көтеріледі. Іле Алатауы тауларында, сондай-ақ Медеу және Бостандық аудандарының таулы бөліктерінде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы ықтимал. Жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.

Алматы облысында да күндіз +35...+36 градус аптап ыстық болады. Оңтүстік және таулы аудандарда жаңбыр мен найзағай болжанған. Қонаевта температура +35 градусқа жетеді.

Шымкентте төтенше өрт қаупі сақталады. Ал Түркістан облысының батысында шаңды дауыл болуы мүмкін. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.

Жел екпіні 28 м/с-қа дейін жететін өңірлер

Абай облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз бұршақ пен дауыл күтіледі. Кей аудандарда желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетуі ықтимал. Семейде де жаңбыр мен найзағай болжанған.

Шығыс Қазақстан облысында жағдай күрделірек болуы мүмкін. Күндіз облыстың солтүстігі мен шығысында кей уақытта қатты жаңбыр жауып, бұршақ пен дауыл күтіледі. Жел екпіні 23-28 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал. Өскеменде жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болжанып отыр.

Жетісу облысында шығыс пен таулы аудандарда өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Алакөл маңында желдің жылдамдығы кей уақытта 23-28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Күндіз ауа температурасы +35 градусқа дейін көтеріледі.

Солтүстік өңірлерде бұршақ пен дауыл күтіледі

Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр мен найзағай, күндіз бұршақ және дауыл болжанған. Кей жерлерде жел екпіні 25 м/с-қа дейін жетеді. Петропавлда күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін.

Павлодар облысында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Облыстың батысында қатты жаңбыр жаууы ықтимал. Күндіз бұршақ пен дауыл болжанған.

Қостанай облысының солтүстігінде күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді.

Қай өңірлерде өрт қаупі жоғары?

Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында төтенше өрт қаупі сақталады. Маңғыстау облысының оңтүстігінде күндіз ауа температурасы +38 градусқа дейін көтеріледі.

Жамбыл облысының таулы аудандарында жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Таразда төтенше өрт қаупі сақталады.

Ақтөбе облысында да өрт қаупі өте жоғары. Күндіз солтүстік пен солтүстік-шығыста желдің екпіні 15-18 м/с болады.

Батыс Қазақстан облысында күндіз кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Оралда да жаңбыр мен найзағай болжанып, жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.

Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр және найзағай күтіледі. Кей жерлерде тұман түсіп, жел 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.

Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында жел екпіні 15 м/с шамасында болады. Өңірде төтенше өрт қаупі сақталады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары