Malim.kz
Қоғам

17 жастағы оқушы қыз 9 тілді меңгергенінің арқасында Астанадан пәтерге ие болды (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
pavlodarnews.kz

Павлодар қаласының оқушысы шет тілдерін меңгерудің арқасында Астанадан өз күшімен пәтер сатып алды. 17 жастағы мектеп түлегі бүгінде 9 тілді еркін меңгерген, деп хабарлайды Malim.kz.

Айханым Оқасованың тілге деген қызығушылығын анасы оятқан. Алдымен қазақ тілін жетілдіріп, кейін ағылшын тіліне ден қойған. Уақыт өте келе француз әндеріне әуестеніп, сол арқылы жаңа тілдерді меңгере бастаған.

"Француз тілінен кейін Павлодардағы Жастар ресурстық орталығында корей тіліне арналған тегін курс ашылды. Курс аяқталған соң да корей тіліне деген қызығушылығым басылмады. Бұл менің иероглифтермен алғаш танысуым еді. Кейін араб тілін, одан соң қытай тілін үйрене бастадым. Қазір түрік және неміс тілдерін меңгеріп жүрмін, бұл тілдерде еркін сөйлей аламын", – дейді Айханым.

Оқушы тілдердің басым бөлігін өздігінен үйренген. Ол материалдарды өзі іздеп, бейнематериалдар көріп, кітаптар оқыған, көп тыңдап, үнемі практика жасаған.

"Мысалы, орыс тіліндегі мақалаларды қазақ тіліне аудардым. Араб тілінен корей тіліне, корей тілінен араб тіліне, қытай тілінен ағылшын тіліне, ағылшын тілінен қытай тіліне аударып жаттықтым. Сонымен қатар интернет арқылы шетелдік тіл тасымалдаушылармен сөйлестім. Әр түрлі елдерде тұратын достарым көп, солармен үнемі тілдік тәжірибе жасаймын. Бұл маған бірнеше тілді меңгеруге көмектесті деп ойлаймын", – дейді ол.

Айханым үшін тіл – жай ғана пән емес, түрлі мәдениеттерді танудың, адамдармен еркін байланыс орнатудың құралы.

"Дұрыс тәртіп пен жүйе болса, кез келген адам тіл үйрене алады. Нағыз мақсат болғанда, адам кедергілерге қарамайды. Менде де бәрі бірден оңай болған жоқ. Бірінші сыныпта оқып жүргенімде маған болашақта бірнеше тіл білесің десе, сенбес едім. Қателіктер болды, тастағым келген сәттер де аз емес. Бірақ уақыт өте келе көптеген тілді меңгердім", – дейді ол.

Қазір Айханым мектепте оқумен қатар, шетел тілдерін онлайн форматта оқытады. Өз тәжірибесі арқылы басқа оқушыларға да сенім ұялатып жүр. Ол алдағы уақытта шетелдік беделді университетке оқуға түсіп, әлемді аралауды армандайды.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары