ҚР СІМ қазақстандықтарға футболдан әлем чемпионатына барар алдында сақтық шараларын еске салды, деп хабарлайды Malim.kz.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына баруды жоспарлаған азаматтарға бірқатар ұсыныс берді.
Ведомствоның ресми өкілі Ерлан Жетібаев жанкүйерлерге жеке құжаттарын немесе олардың көшірмелерін өзімен бірге алып жүруге, жергілікті құқық қорғау органдарының талаптарын сақтауға кеңес берді.
Сондай-ақ сапар бағытын алдын ала жоспарлап, тек ресми сервистерді пайдалану және рұқсат етілмеген адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болу ұсынылды.
СІМ өкілі қабылдаушы елдердің көші-қон заңнамасы мен виза талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ерекше атап өтті. Төтенше жағдай туындаған жағдайда жергілікті жедел қызметтерге және Қазақстанның консулдық мекемелеріне жүгіну қажет екенін айтты.
Ерлан Жетібаевтың сөзінше, қазіргі уақытта министрлікте әлем чемпионаты матчтарына қанша қазақстандық жанкүйердің баратыны туралы нақты ақпарат жоқ.
Айта кетейік, футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексика аумағында өтеді.