Қазақстан халқы өсіп келе жатқанымен, ел біртіндеп қартаюда. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының дерегіне сүйеніп, Malim.kza хабарлады.
2026 жылғы 1 қаңтарда Қазақстан халқы 20,5 млн адамға жуықтады. Оның 42,9%-ы - 25 жасқа дейінгілер, 47,5%-ы - 25-65 жастағылар, ал 9,6%-ы - 65 жастан асқан азаматтар.
Демографиялық болжам бойынша, 2050 жылға қарай халық саны 26,5 млн адамға жетуі мүмкін. Алайда сол кезде 60 жастан асқан азаматтардың үлесі 18,8%-ға дейін өседі. Яғни, орта есеппен әр алтыншы қазақстандық егде жаста болады.
Сонымен қатар туу деңгейі төмендеп келеді. 2021 жылы бір әйелге шаққандағы бала саны 3,32 болса, 2025 жылы 2,57-ге түскен. БҰҰ болжамы бойынша, 2050 жылы бұл көрсеткіш 2,39 бала болуы мүмкін.
Ал Қазақстандағы орташа өмір сүру ұзақтығы 2021 жылғы 70,23 жастан 2025 жылы 75,97 жасқа дейін өскен.
Тағы бір маңызды көрсеткіш - еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың егде адамдарға ара-қатынасы. 2012 жылы 65 жастан асқан бір адамға 25-64 жастағы 7,68 адамнан келсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 4,95-ке дейін төмендеген. 2050 жылы 65 жастан асқан бір адамға шамамен 3,42 еңбекке қабілетті адамнан келуі мүмкін.
БЖЗҚ мұндай демографиялық өзгерістер әлеуметтік жүйеге, оның ішінде зейнетақы жүйесіне түсетін жүктемені арттыратынын атап өтті.