Malim.kz
Қоғам

Бірыңғай QR-кодқа қатысты петиция: Қаржы нарығын реттеу агенттігі мәлімдеме жасады

Айбын Атабай
Фото: gosrating.com

Қазақстанда бірыңғай QR-код тарифтерін төмендетуді талап еткен петиция жарияланды. gosrating.com сайтында жарияланған петицияға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ресми түрде жауап берді.

Қазақстанда бірыңғай QR-код арқылы төлем жасауға алынатын комиссияны төмендетуді талап еткен петиция жарияланды. Құжат авторлары қаржы секторында реформалар жүргізуді, азаматтарды алаяқтардан қорғауды күшейтуді және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованы қызметінен босатуды талап етеді.

Петиция авторларының пікірінше, реттеуші орган коммерциялық банктердің мүддесіне басымдық беріп, халықтың мүддесін екінші орынға қойған. Соның салдарынан елде халықтың қарыз жүктемесі артып, әлеуметтік шиеленіс күшейген.

Петицияда бірнеше негізгі мәселе көтерілген.

Ең алдымен, бірыңғай банкаралық QR-код жүйесі кәсіпкерлер үшін қосымша шығынға айналғаны айтылған. Авторлардың мәліметінше, банкаралық комиссияның жоғары болуына байланысты бірқатар банктер QR арқылы төлем қабылдау үшін 1,5%-ға дейін комиссия белгілеген. Бұл әсіресе азық-түлік дүкендері мен туристік агенттіктер сияқты табыстылығы төмен шағын бизнеске ауыр салмақ түсіріп отыр. Соның нәтижесінде кәсіпкерлер бірнеше POS-терминалды қайта пайдалануға мәжбүр болып, цифрлық реформаның негізгі мақсаты орындалмай жатыр.

Сондай-ақ құжатта қаржылық алаяқтық мәселесі де қозғалған. Авторлардың айтуынша, әлеуметтік инженерия тәсілдері арқылы жасалатын алаяқтық азаймай отыр, ал банктер алаяқтардың рәсімдеген несиелерінің салдарын зардап шеккен азаматтардың өзіне жүктейді. Мысал ретінде Павлодардағы банк бөлімшесінде болған оқиға келтірілген.

Бұдан бөлек, микроқаржы ұйымдарының қызметіне қатысты сын айтылған. Петиция авторлары банктерден несие ала алмаған азаматтар жоғары пайызбен микроқаржы ұйымдарына жүгінуге мәжбүр екенін, ал қолданыстағы реттеу шаралары қарыздық тәуелділіктің алдын ала алмай отырғанын мәлімдейді.

Петиция авторлары бірнеше талап қойған. Олар бірыңғай QR-код арқылы жүргізілетін төлемдер бойынша банкаралық комиссияның ең жоғары мөлшерін заң жүзінде 0,5%-дан асырмауды, микроқаржы ұйымдарына қойылатын талаптарды күшейтіп, микронесиелердің пайыздық мөлшерлемесін төмендетуді және қаржылық алаяқтыққа қарсы шараларды күшейтуді ұсынған.

Сонымен қатар құжатта Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованы қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жұмыстың нәтижесіне байланысты қызметінен босату туралы талап та қамтылған.

Петиция бастамашыларының пікірінше, банктердің комиссиялық жүктемесін шектеу және қаржы нарығын реттеу тәсілдерін қайта қарау шағын және орта бизнесті қолдауға, сондай-ақ азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Осы орайда петицияға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ресми жауап берді.

Бірыңғай банкаралық QR кодының жұмыс істеуі, төлем жүйелерін реттеу және банкаралық төлемдерге тарифтерді белгілеу «ҚР Ұлттық банкі туралы» Заңға сәйкес Ұлттық банктің құзыретіне жататынын атап өткіміз келеді. Агенттік банкаралық эквайринг үшін комиссия белгілемейді немесе төлем жүйелерінің тарифтік саясатын реттемейді, – делінген ресми мәлімдемеде.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары