Malim.kz
Қоғам

2,9 млн теңге: Қазақстандық қыз Тоқаев сыйлаған сағатты сатылымға шығарды

Айбын Атабай
Коллаж: Ulysmedia.kz

Қазақстандық Анна Захарова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз қолынан алған сағатын сатылымға шығарды. Естелік сыйлықтың бағасын ол 2 млн 899 мың теңге деп көрсеткен, деп хабарлайды Malim.kz.

Әлеуметтік желі қолданушалыр не дейді?

Захарова сағатты Threads әлеуметтік желісінде сатылымға шығарған. Оның айтуынша, бұйым өзі үшін ерекше естелік болғанымен, оны тақпайтындықтан, бағалайтын адамға беруді жөн көрген.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан алған сағатты сатамын. Мен үшін бұл – естелік әрі мәртебелі бұйым. Алайда оны тақпаймын, сондықтан мұндай затты шынымен бағалайтын адамға беруді жөн көрдім. Барлық қажетті құжаттары қоса беріледі», – деп жазды Анна Захарова.

Ол сағаттың бағасын 2 899 000 теңге деп белгілеген. Сонымен қатар бұйымның болашақта коллекциялық құндылығы артуы мүмкін екенін айтып, 10 жылдан кейін оның бағасы 30 млн теңгеге дейін жетуі ықтимал деген пікір білдірген.

Жарияланым әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударды. Кейбірі көрсетілген бағаны тым жоғары деп бағалап, жазбаға әзілмен пікір қалдырған.

Захарова сағатты сатып алушыға әлемнің кез келген еліне жіберуге дайын екенін де мәлімдеген.

Президент сағатты не үшін сыйлаған?

Оқиға 2023 жылы өткен. Сол кезде ұлттық ит тұқымдарының көрмесінде Анна Захарова Қасым-Жомарт Тоқаевқа Наурыз есімді бір жарым айлық тазы күшігін сыйлаған.

Президент оған алғыс ретінде өз қолтаңбасы қойылған сағатты тарту еткен.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары