Malim.kz
Тұлға-таным

305 рет жауға шабуыл жасаған Талғат Бигелдиновті соғыстан аман алып қалған қандай дұға?

Мадияр Қапанбек
Liter.kz коллажы

Авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, "Барыс" орденінің иегері Талғат Бигелдинов соғыс жылдарындағы естеліктерінде әрбір ұрысқа шығар алдында дұға жасап, Жаратушыдан амандық тілеп отырғанын айтқан, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл жайлы КТК телеарнасының "Жүрекжарды" бағдарламасында баяндалған. От пен оқтың ортасында жүрсе де, сол кезеңде үстем болған атеистік идеологияға қарамастан, батыр ата-бабадан жеткен иманды жүрегінде сақтай білді. Қиын сәттерде Аллаға сыйыну оған рухани күш пен сабыр бергенін өзі де жасырмай айтқан.

"Менің апамның үлкен әпкесі 101 жыл жасады. Ортаңғы әпкесі 98-ге келіп қайтыс болды. Өз шешем, апам 93-ке келіп дүние салды. 101-ге келген апамның әпкесі мені жақсы көретін еді. Осы кісі маған "ей, балам, мен саған бір дұға үйретіп берейін. Күн күркіреп, найзағай ойнағанда осы дұғаны оқып жіберсең, саған жасын тимейді. Туралап келсе де, сені айналып өтеді" деді. Жүзге келген адам сол дұғаны маған жаттатты. Бірінші рет самолетке отырар алдында, осы дұға ойыма сарт ете қалды. "Оһ! Маған жасын ойнағанда осы дұғаны оқы деп еді ғой! От пен оқ та бір жасын емес пе!" деп өзімше ойладым да, апам жаттатқан дұғаны оқыдым", – деді Талғат Бигелдинов.

Талғат Жақыпбекұлы небәрі 23 жасында Кеңес Одағының екі мәрте батыры атанып, әскери авиация тарихында айрықша із қалдырды. Ол аэроклубта жоғары деңгейде дайындықтан өтіп, ұстаздарының сеніміне ие болды. 1940 жылы Саратов әскери-авиация училищесіне қабылданып, қатаң іріктеуден сүрінбей өтті.

1942 жылы әйгілі Ил-2 шабуылдаушы ұшағымен майданға аттанған қаһарман көк жүзінде 500 сағаттан астам уақыт ұшып, 305 рет жау позицияларына шабуыл жасаған. Берлинді алу операциясына алғашқылардың бірі болып қатысқан оның ұшағын қарсы тарап "Қара ажал" деп атаған.

Соғыс аяқталған соң да Талғат Бигелдинов ел игілігі жолындағы қызметін жалғастырды. 1957-1970 жылдары азаматтық авиация саласын басқарды. Осы кезеңде Алматы, Ақмола, Арқалық, Қызылорда, Қарағанды, Тараз секілді қалаларда әуежайлар салу жұмыстарына жетекшілік етті.

1968 жылы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын тәмамдап, мемлекеттік құрылыс саласында да жемісті еңбек етті. Әсіресе Алматы қаласындағы бірқатар сәулетті ғимараттардың бой көтеруіне үлес қосып, бейбіт уақытта да елге адал қызмет етудің үлгісін көрсете білді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары