Өзін "көп әйел алған православ" деп танытқан Иван Сухов 31-рет әке атанды, деп хабарлайды Malim.kz.
Көпшілікке даулы мәлімдемелері арқылы танылған Иван Сухов 31-ші рет әке болды. Ол түрлі телебағдарлама мен сұхбаттың кейіпкеріне айналып, өз көзқарасын қолдайтын орта арасында танымал тұлға саналады.
Отбасындағы жаңа сәбидің дүниеге келгенін көпәйелдінің адвокаты Александр Почуев хабарлаған.
"Иван 50 бала туралы мақсатына қарай төртінші ондықтың есебін бастады. Тағы 19 бала дүниеге келуі керек", – деді қорғаушысы.
Адвокат Суховқа жуырда болған даулы жағдайдан кейін қажет болған. Оның 18 жастағы үлкен қызы Анна әкесін жыныстық сипаттағы әрекеттер жасады деп айыптаған.
"Әкем мені жасөспірім кезімде демалысқа алып барды. Бұл шамамен бес жыл бұрын болған. Сол жерде ол маған қатысты жыныстық сипаттағы әрекет жасады. "Қызым, көзіңді жұм", – деді сол кезде. Барлығы екі минуттай созылды. Кейін жылдар өткен соң ғана оның не болғанын түсіндім – ол мені өзіне қол тигізуге мәжбүрледі", – деді Анна федералды арнадағы бағдарлама эфирінде.
Аннаның айтуынша, мұндай жағдайлар кейін де қайталанған. Оның сөзінше, әкесі мұны "болашақ жарға арналған сабақ" ретінде түсіндірген.
"Ол маған: "Қызым, сенен лайықты әйел шықпайды. Сондықтан ең болмаса бәрін біліп, дұрыс істей алатын бол", – деген еді", – деп еске алды Анна.
Айыптауларға жауап ретінде Сухов KP.RU басылымына берген сұхбатында қызы журналистердің ықпалына түсіп, әкесіне жала жапты деп мәлімдеді. Алайда қыздың жария мәлімдемесінен кейін екі ай өткен соң "Азғындық әрекеттер" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін отбасымыз қоғам тарапынан қатты қысымға ұшырады. Құдайға шүкір, жұбайым аман-есен босанып, маған, отбасыма және еліме дені сау ұл сыйлады, – деді Иван Сухов.
Жаңа туған сәбидің есімі әзірге жарияланбаған.
Адвокаттың айтуынша, Суховтың отбасы, оның ішінде балалары да қоғамда жиі қысым мен қорлық көреді.
"Сондықтан Иван үйін тезірек аяқтап, ауылға көшуді жоспарлап отыр. Ұлының дүниеге келуіне байланысты мен Ресей Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкинге созылып кеткен қылмыстық қудалауды тоқтату туралы өтініш жолдадым", – деді Александр Почуев
Дегенмен қазіргі уақытта Иван Суховқа қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.