Malim.kz
Қоғам

3,9 млн теңге жалақы сұрайды: Еңбекмин ең “қымбат“ мамандарды атады

Айбын Атабай
Depositphotos

Сәуір айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында жұмыс берушілер шамамен 104,7 мың бос жұмыс орнын жарияласа, ізденушілер 123,3 мың түйіндеме орналастырды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қолданыстағы бос жұмыс орындары мен ұсынылған жалақы мөлшері туралы мәлімдеді. 

Еңбек министрлігінің деректеріне сәйкес, сәуір айында Қазақстанда жұмыс берушілер ең жоғары жалақыны келесі мамандарға ұсынған:

ұшқыштарға - шамамен 1,9 миллион теңге,

бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторларына - шамамен 1,7 миллион теңге,

жабдықтарды сынау жөніндегі басшыға - шамамен 1,6 миллион теңге.

Бұл ретте ізденушілердің өздері түйіндемелерінде бұдан да жоғары жалақы күтетінін көрсеткен. Ең көп еңбекақы алғысы келгендер:

ұшқыштар - шамамен 3,9 миллион теңге,

стюардессалар - шамамен 2,1 миллион теңге,

бет-жақ хирургтері - шамамен 2 миллион теңге.

Еңбек нарығындағы жағдай

Жұмыс күшінің жалпы ұсынысы сұраныстан басым болуын жалғастырып отыр. Ізденушілердің белсенділігі жұмыс берушілермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болды. Бос жұмыс орындарының саны бойынша білім беру саласы көш бастап тұр - 20,2 мың ұсыныс. Одан кейінгі орында өзге де қызмет түрлері секторы - 15,5 мың бос жұмыс орны.

Сондай-ақ ауыл, орман және балық шаруашылығында (10,7 мың), өңдеу өнеркәсібінде (9,5 мың) және денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызмет көрсету саласында (9,4 мың) жоғары сұраныс сақталған. 

Бос жұмыс орындарының ең көп саны Астанада (8,5 мың), Павлодар облысында (7,2 мың), Алматыда (6,7 мың), Ақмола облысында (6,6 мың) және Қарағанды облысында (6,4 мың) тіркелді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары