Қазақстанда жүргізушілерге қатысты бірқатар жаңа талап енгізу ұсынылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Өзгерістер 65 жастан асқан азаматтарға, мүгедектігі бар адамдарға және мас күйде көлік жүргізуге байланысты қылмыстық істері белгілі бір негіздермен тоқтатылған тұлғаларға қатысты болмақ.
Жаңа нормаға сәйкес, 65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілер мерзімді медициналық тексеруден өтіп тұруы тиіс. Тексеру нәтижесі жол жүрісі саласындағы цифрлық ақпараттық жүйеге енгізіледі. Егер жүйеде жүргізушінің көлік басқаруға жарамдылығын растайтын мәлімет болмаса, оның жүргізуші куәлігінің күші уақытша тоқтатылуы мүмкін.
Сонымен қатар, мас күйде көлік жүргізуге байланысты қылмыстық ісі айыптау үкімінсіз тоқтатылған азаматтар да көлік басқару құқығынан айырылады. Бұл шешім заңды күшіне енген сот қаулысы негізінде қабылданады және қосымша сот шешімін қажет етпейді.
Медициналық қорытындының болмауына байланысты тоқтатылған жүргізуші куәлігі цифрлық жүйеге тиісті мәлімет енгізілгеннен кейін қайта қалпына келтіріледі.
Ал мас күйде көлік жүргізуге қатысты ісі тоқтатылған азаматтар жүргізуші куәлігін тек сегіз жылдан кейін ғана қайтара алады. Ол үшін медициналық тексеруден өтіп, жол қозғалысы ережелері бойынша теориялық емтиханды сәтті тапсыруы қажет.