Malim.kz
Қоғам

"70-ке келдім, бәрін білемін деуші едім": Бердібек Сапарбаевтың келіні қайын атасының ел естімеген құпиясын ашты (ФОТО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден

Қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың келіні Адель Сапарбаева әлеуметтік желіде марқұм қайын атасына қатысты әсерлі естелігін бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.

Адельдің айтуынша, Бердібек Машбекұлы ешқашан ұзақ ақыл айтып, насихат жүргізбеген. Ол айналасына сөзбен емес, өмір сүру үлгісімен, ісімен тәрбие берген жан болған.

"Жансұлтанның әкесі бізге ешқашан ұзын-сонар әңгіме айтпайтын. Ол жай ғана өмір сүрді. Ал жанында жүрген адамға бәрі артық сөзсіз-ақ түсінікті еді", – деп еске алады келіні.

Қызметте жүрген жылдары Бердібек Сапарбаев кітап оқуға көп уақыт бөле алмаған. Себебі оның бүкіл ғұмыры халыққа қызмет етуге, жауапкершілік пен ел алдындағы борышқа арналған. Ал кітап оқу кейінге шегерілген, қол жетпес бір әлем секілді сезілген.

Алайда зейнетке шыққан соң ол үйіндегі кітапханасын реттеп, артық дүниелерден арылып, тыныштыққа бет бұрады. Дәл сол кезеңде күтпеген жерден Адельдің өз жазған кітабын қолына алады.

"Кездейсоқтық па? Мен олай ойламаймын. Кездейсоқтықтың артында Алланың үнсіз жоспары тұрады", – дейді Адель.

Бұл кітап адамның рухани әлемі, өмірге келмей тұрып-ақ қандай сабақтарды бірге өтетіні, ата-ана, бала, жар рөлдерін атқармас бұрын таңдалатын рухани жол туралы жазылған еңбек болатын.

Келінінің айтуынша, бір күні ол бұл кітапты қайын атасының бөлмесінен көріп, қатты таңғалған. Кейін екеуі оны асықпай, дау-дамайсыз, бірін-бірі дәлелдеусіз талқылаған. Әңгіме тек сезім мен өзара түсіністікке құрылған.

Сол сәттердің бірінде Бердібек Машбекұлы:

"Мен 70-ке келдім. Бұрын бәрін білемін деп ойлайтынмын. Ал қазір түсіндім – мен білмейтін, маған әлі беймәлім бір әлем бар екен", – деген екен.

Осы әңгімеден кейін ол келесі оқитын кітабын да келінінен сұрай бастайды. Ал алғашқы таңдауы Крайонның "Үйге саяхат" атты еңбегі болған.

Адель Сапарбаеваның сөзінше, дәл осы кезеңнен бастап қайын атасының ең басты қасиеттері айқын көріне түскен: тереңдік, ашықтық және "мен әлі де үйрену жолындамын" деп мойындай алу.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары