Ұлытаудан шыққан 76 жастағы саяхатшы Сәрсенбай Қотырашов 53 күн ішінде шамамен үш мың шақырымды жаяу жүріп өтіп, Париж қаласына жетті, деп хабарлайды Malim.kz 24KZ арнасына сілтеме жасап.
Франция астанасында ақсақалды дипломаттар мен отандастары қошемет көрсетіп, шашумен қарсы алды.
Еуропа – Ulytauman лақап атымен танылған саяхатшының сапарларының төртінші бөлігі. Төрт жыл бұрын ол Қазақстанды толық жаяу аралап шыққан, кейін Кавказ арқылы Стамбул қаласына дейін барған, ал одан соң Алтай мен Моңғолия арқылы Бейжің қаласына жеткен.
Еуропадағы сапар оңай болмаған: қатаң ережелерге байланысты ол автобанмен тікелей жүре алмай, көбіне айналма жолдармен – велосипед жолдары мен жолсыз жерлер арқылы жүруге мәжбүр болған. Мұндай қиындыққа тіпті оның жүк арбасы да шыдас бермеген. Соған қарамастан, ақсақал өз мақсаты мен қағидаттарына берік болып қалды.
«Мен өз үлгім арқылы бүкіл әлемге қазақ халқының қайсар, рухы мықты екенін көрсеткім келеді. Біздің ата-бабаларымыз алғашқылардың бірі болып темірді игерген, металл өңдеген, астрономиямен айналысқан, жылқыны қолға үйреткен. Менің мақсатым – 75 жастан асқан жаяу саяхатшы ретінде Гиннесс рекордтар кітабы тізіміне ену. Ол үшін экватор ұзындығынан асатын – 40 мың шақырым жол жүру керек. Қазір менде 18 мың шақырым бар. Қолымнан келеді деп үміттенемін», – деді Сәрсенбай Қотырашов.
ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде қазақстандық саяхатшыны қазақ мәдениетінің жаршысы ретінде қарсы алды.
«Біз Сәрсенбай мырзаның өмір жолы мен адалдығына құрмет көрсеткіміз келді. Ол түрлі елдерді жаяу жүріп өтіп, Франциядағы ЮНЕСКО штаб-пәтеріне жетті. Біз оның жеткізген маңызды ойлары біздің тірі мұра туралы конвенция аясындағы жұмысымызбен үндеседі деп санаймыз. Ол – ұстаз әрі темір ұстасы. Бүгін онымен танысқанымызға қуаныштымыз», – деді 2003 жылғы материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық конвенция хатшысы Фумико Охината.
Елге оралған соң ақсақал ұсталық кәсібін жалғастырып, демеушілер тартып, жаңа сапарға дайындалмақ.
2027 жылы Сәрсенбай Қотырашов АҚШ аумағында жаяу саяхат жасап, Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейін сегіз штат арқылы өтуді жоспарлап отыр.
Ол қазақстандықтарға күн сайын жаяу жүруге, дамуды тоқтатпауға және өз күшіне сенуге кеңес береді.