Абай облысындағы осынау қамқорлық бастамасына биыл бюджеттен 372 миллион теңге бөлінген. Ең бастысы, лагерьлерге қойылатын талап күшейіп, балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынған, деп хабарлайды Malim.kz.
Лагерьлерде іс-шаралар министрлік бекіткен бағдарлама бойынша жүзеге асырылады. Демалушы оқушылардың қауіпсіздігі тәулік бойғы күзет, дәрігер, тәлімгерлердің қадағалауында.
Абай облысында ағымдағы жылы 10 сауықтыру орталығы қызмет көрсетеді. Оның сыртында 329 демалыс орталығы мен мектеп жанындағы лагерьлерде 77 мың бала демалады. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Темірлан Шалқарұлы баяндауынша:
"Ең алдымен" әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан балаларға басымдық беріледі. Сонымен қатар білім мен өнерде, ғылым мен спортта жетістікке жеткен, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан дарынды оқушылар да назардан тыс қалмайды. Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру - тек бос уақыт өткізу емес, бұл өскелең ұрпақтың қауіпсіздігіне, тәрбиесіне және жан-жақты дамуына жасалған қамқорлық".