Malim.kz
Қоғам

Абай облысының Айғыз ауылы ауызсуға зәру

Айбын Атабай
Фото: ашық дереккөз

Абай облысы Аягөз ауданына қарасты Айғыз ауылының тұрғындары ауыз су мәселесінің шешілмей келе жатқанына алаңдаулы, деп хабарлайды Malim.kz  kznews.kz сайтына сілтеме жасап. 

Ауылдағы су сақтайтын мұнара биылғы 16 сәуірде құлап, содан бері жүйе уақытша жамалған жөндеуге сүйеніп, жұмыс істеп тұр екен.

Тұрғындардың айтуынша, қазір ауылға су беру тұрақсыз. Бірде су келсе, бірде тоқтап қалады. Таңертең ағатын су кешке дейін жетпей, халық тұрмыстық қажеттілігін өтеуде қиындық көріп отыр.

Ауылымыздағы су мұнарасы құлағаннан бері мәселе толық шешілген жоқ. Әр жолы жамап-жасқап, уақытша амал жасап келеді. Бірақ, бұл ұзақ мерзімді шешім емес. Ауыз су – халықтың ең негізгі қажеттілігі. Бұл мәселе тез арада қолға алынуы керек, — дейді ауыл тұрғыны Амантай Биахметов.

Тұрғындар өздерінің өтініштерін Аягөз ауданы әкімдігіне және аудандық мәслихат төрағасы Архат Ибрайшинге бірнеше рет жеткізгенін айтады. Алайда, әзірге нақты нәтиже болмай отыр.

Бүгінде Айғыз ауылында 1 200-ден астам тұрғын, 300-ге жуық түтін бар. Сондықтан ауыз су жүйесін қалпына келтіру немесе жаңа су нысанын салу кейінге қалдыруға болмайтын мәселе екені анық.

Ауыл тұрғындары Аягөз ауданы әкімінің міндетін атқарушы Айбек Нұғымаровтың осы мәселеге назар аударып, нақты шешім қабылдауын сұрап отыр. Тіпті, жұрттың жанайқайы облыс әкімі Берік Уәлиге жетсе екен дейді.

Жалпы, ауыз су кез келген ауылдың қалыпты тіршілігінің негізі. Айғыздағы бұл мәселе уақытша жөндеумен емес, түбегейлі шешіммен аяқталуы қажет.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары