Malim.kz
Әлем

Абу-Дабиде Украина бойынша келіссөздердің алғашқы күні аяқталды

Арман Қайыпхан
Фото: X.COM/MOFAUAE

Абу-Дабиде сәрсенбі, 4 ақпанда Ресейдің агрессивті соғысын тоқтатуға арналған Ресей, АҚШ және Украина арасындағы үшжақты келіссөздердің алғашқы күні аяқталды. Консультациялар 5 ақпанда жалғасады, деп хабарлайды Malim.kz.

Axios басылымына пікір білдірген аты-жөні аталмаған украиналық шенеунік талқылауларды нәтижелі деп атады. Келіссөздер жабық форматта өтіп жатыр.

Ресей делегациясын Бас штабтың Бас барлау басқармасының бастығы, адмирал Игорь Костюков бастап баруда. Украина делегациясының жетекшісі – ҰҚК (СНБО) хатшысы Рустем Умеров.

АҚШ атынан келіссөздерге АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф, Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер және АҚШ армиясының министрі Дэниел Дрисколл қатысуда.

Politico басылымы украиналық және америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлағандай, талқылаудың негізгі тақырыбы – аумақтық мәселе.

Мәскеу мен Киев өкілдері Абу-Дабиде АҚШ ұсынған Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату жоспары аясында алғаш рет тікелей келіссөздер өткізді. Бұл кездесулер 23 және 24 қаңтарда болды.

Келіссөздерге жақын дереккөздердің мәліметінше, тараптар бірнеше тармақ бойынша келісімге келген, алайда аумақ мәселесінде ортақ шешімге қол жеткізбеген.

Келіссөздердің алғашқы раундының қорытындысы бойынша АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Донбасс мәселесі шешілмей қалған жалғыз тақырып екенін растады. Ресей украин әскерін Донбасстан шығаруды талап етіп отыр, ал Киев бұл талапты қабылдамайды.

Донбасс – Украинаның бір бөлігі, алайда оның бірқатар аумағы Ресей әскерінің бақылауында. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский аумақтық мәселе тек Ресей президенті Владимир Путинмен жеке кездесуде ғана шешілуі мүмкін екенін мәлімдеген.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары