Абу-Дабиде Ресей, АҚШ және Украина арасындағы Ресейдің Украинаға қарсы жүргізіп жатқан ауқымды соғысын аяқтау жөніндегі үшжақты келіссөздердің екінші күні басталды. Бейсенбі, 5 ақпанда, БАӘ астанасында үш елдің делегациялары жабық форматта қайта кездесті.
Украина делегациясының басшысы, Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің (ҰҚҚК) хатшысы Рустем Умеровтың айтуынша, кездесулер форматы бірінші күндегідей сақталған, ал сәрсенбіде өткен келіссөздердің алғашқы кезеңі «өнімді әрі мазмұнды» болған. Сол келіссөздер барысында украин тарапы Ресеймен жаңа әскери тұтқындар алмасу туралы келісімге келді, бұл туралы кешке Украина президенті Владимир Зеленский хабарлады.
Аумақтардың мәртебесі мен атысты тоқтату тетіктері талқылануда
Ресейдің мемлекеттік ақпарат агенттігі ТАСС-тың хабарлауынша, БАӘ астанасындағы келіссөздерде экономикалық мәселелер, аумақтардың мәртебесі және атысты тоқтату тетіктері талқылануда. Агенттік дерегінше, ресейлік қатысушылар Украинамен бейбіт келісім бойынша ілгерілеу бар екенін мәлімдеген. Украиналық команда АҚШ тарапымен жеке екіжақты кездесу өткізуді жоспарлап отыр.
Келіссөздердің бірінші күнінен кейін аты-жөні аталмаған украин шенеунігі Axios басылымына берген сұхбатында талқылауларды өнімді деп атады. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио шешілмеген мәселелер тізімі «айтарлықтай қысқарғанын», келіссөзге қатысушылар «нақты ілгерілеуге қол жеткізгенін» айтты. Алайда «ең күрделі мәселелер әлі де қалды», сонымен қатар соғыс жалғасып жатқанын қосты ол.
Үшжақты келіссөздермен қатар, 5 ақпанда Абу-Дабиде Ресей мен АҚШ арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі топтың кездесуі өтті. «Ресей–АҚШ қарым-қатынастарын экономикалық бағытта қалпына келтіру бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр», — деді Ресей президентінің арнайы өкілі, РФ Тікелей инвестициялар қорының (РФПИ) басшысы Кирилл Дмитриев. Оның айтуынша, АҚШ делегациясымен келіссөздер «оң сипатта» өтуде.
Ресей Украинаға қарсы ауқымды шабуылдарын жалғастырып жатыр
Келіссөздерде АҚШ тарапынан президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф, Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер және АҚШ армиясының министрі Дэниел Дрисколл қатысуда. Украина делегациясын ҰҚҚК хатшысы Рустем Умеров басқарады. Ресей тарапынан делегацияны РФ Қарулы күштері Бас штабының Бас басқармасының басшысы, адмирал Игорь Костюков бастап отыр.
3 ақпанға қараған түні Ресей Украинадағы энергетикалық нысандарға жаппай соққыларын қайта бастады. Киев, Харьков, Винница, Днепр, Одесса және басқа да қалаларға шабуыл жасалды. Жаңа жаппай шабуылдан кейін Владимир Зеленский украин келіссөздер командасының жұмысы «тиісінше түзетілетінін» мәлімдеді. Ресейдің Украинаға қарсы ауқымды соққылары кейінгі күндері де жалғасты.