Қазақстанның халық әртісі, эстрада жұлдызы Мақпал Жүнісова марқұм жұбайы Заманбек Нұрқаділовпен алғаш қалай танысқанын айтып берді. Әнші бұл туралы журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында баяндады, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесінің айтуынша, олардың алғашқы кездесуі 1989 жылы болған. Сол кезде Мақпал Жүнісова «Гүлдер» ансамблінде өнер көрсетіп, жатақханада тұрған. Тұрғын үй мәселесін шешу үшін ол Заманбек Нұрқаділовтің қабылдауына кіреді.
"Жеткенше аяғым дірілдеп кетті. Өйткені ол кісінің мысы басым еді. Көзқарасымен тесіліп қарап отырды. Қағазға жазып алған өтінішімді айтып шықтым. Тоғыз жыл жатақханада тұрып жатырмын, бірінші кезекте тұрмын. Бірақ бізде "Гүлдерде" жүрген қыздарды күйеуге шықса болды, кезектен шығарып тастайды. Соны айттым. Ол кісі бәрін тыңдап отырды да: "Ладно, иди! 20 күннен кейін кел маған" деді. Өтірік айтсам, төбемнен тас ұрсын. Шок болып қалдым. Бір жарым айға гастрольге кетіп бара жатыр едім. "Сіз маған "иә" не "жоқ" деп айтыңызшы. Бересіз бе, бермейсіз бе?" деп сұрап тұрмын. Ол кісі орнынан атып тұрып: “"Иди! Там тебе объяснят" деді. Сол сәтте өзім де шошып кеттім. "Енді алдыңызға келмеймін" деп жатақханаға барып, өкіріп жыладым", – деп еске алды Жүнісова.
Араға жарты жыл салып, тағдыр екеуін қайта жолықтырады.
"Аэропортқа ұшайын деп бара жатырмыз. Ол кезде қарапайым адамдар артқы есіктен, бастықтар алдыңғы есіктен мінетін. Жаңбыр сіркіреп тұрды. Қарасам, бастықтар арасында шляпа киген бір кісі маған тесіліп қарап тұр. Қасымдағы Гаухар Мырзабековаға: "Мынаны бір жерден көрген сияқтымын" дедім. Ол: "Это же Нуркадилов" деді. Кейін білдім, біздің делегацияның бастығы сол кісі екен. Кейін Зәкең маған бүкіл сырын ашты. Әдейі "мені делегацияға қосыңдар" деп сұраған екен. "Алдыма келмеді ғой бұл қыз, енді көрейін" деген ойы болыпты", – дейді әнші.